Back

Қ.Тоқаев: «Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік етеді»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сұхбатын қазақтілді Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне беріп, газет басшыларының сұрақтарына жауап берді. Сұхбат барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің негізіг ұстанымдарын тарқатып айтып берді.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты.

Бұл тағдырлы шешім жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты. Ұлт көшбасшысы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді.

Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды.

Елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды.

Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастауын алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей.

Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі.

Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.

Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру. Өздеріңіз білесіздер, біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық.

Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлықты көтермейді.

Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлық кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық.

Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам екенін ұмыт­пауымыз керек.

Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді.