Back

Тоқаев ата-баба аруағы мен аманатына құрметпен қарайтынын айтты

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті болып жұмысқа кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сұхбатын қазақтілді Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне беріп, газет басшыларының сұрақтарына жауап берді.

Egemen Qazaqstan газетінің басшысы Дархан Қыдырәлінің «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің Президент лауазымындағы алғашқы сапарыңыз киелі Түркістаннан басталды. Біз де сұхбатымызды осы игілікті сапар жайынан бастағымыз келіп отыр…» деген сауланы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ хандығының тарихында Түркістанның орыны ерекше екенін айтып өз ойын былайша сабақтапты:

– Иә, мен үшін бұл елеулі, маңызды сапар болды. Түркістан – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені.

Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары.

Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер.

Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр.

Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын.

Соның біздің заманымыздағы жарқын бір көрінісі – Елбасымыздың Түркістан облысын құрғаны. Өңірге киелі мекеннің атын бере отырып, Тұңғыш Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтірді, мемлекеттің іргесін мығымдап, жалпыұлттық сәйкестік пен береке-бірлігімізді еселеп нығайтты.

Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету – осының бәрі хал­қымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады.

Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті.

Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруа бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруы­мыз өте маңызды.