Back

Дос Көшім: «Қазақ қоғамына қайсар басшы керек»

Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатып, өз еркімен қызметінен кетті. Бұл сөз жоқ, еліміздегі айтулы саяси оқиға десек артық айтқандық болмас еді. Осы ретте белгілі саясаткер Дос Көшім мырзаға көпшіліктің көкейіндегі бірнеше сұрақты қойып, жауап алдық.

– Дос мырза, күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттілігін тоқтатып, қызметін Қ.Тоқаевқа тапсырды. Сіздің ойыңызша, ендігі жерде еліміздегі саяси оқиға қалай өрбуі мүмкін. Қандай болжамыңыз бар?

– Егер билік сайлауға дейін жаңартылған «Сайлау заңын» қабылдап, бірінші кезекте Парламент сайлауын өткізіп, содан кейін ғана Президент сайлауын өткізсе, келесі Президенттің кім екендігін құдай біледі (сайлаушылардың көп қолдауын алған деген сөз) дер едім.

Ал егер билік осы қалпында қалса, сайлаудың заңы өзгермесе, «дауысты санайтындар» – бұрынғы бюджет қызметкерлерінен тұратын комиссия мүшелері болса, келесі Президент – биліктің таңдаған адамы болады деп нық сеніммен айта аламын.

Оның ішінде Қ. Тоқаев та, Д. Назарбаева да бар… Мойындауымыз керек, Тоқаев мырза жоғарғы шенділердің ішіндегі мәдениетті, жемқорлық істермен былғанбаған, бұрынғы Мәскеуге, тоталитарлық жүйеге басқалардай қызмет етпеген жандардың бірі.

Бірақ қазіргі қазақ қоғамын басқаруға парасат пен біліммен қатар мінез керек, қайсарлық пен батылдық керек. Өз басым, Қасымжомарт мырзаның бойынан бұндай мінез көрген жоқпын.

– Сонда болжам айтып, долбар жасау қиын болғаны ма?

– Жалпы саясаттанушылар бұған дейінде түрлі болжамдар айтып келді ғой. Өз басым қазіргі «саяси жүрістерге» қарағанда соңғы болжам шындыққа жақын сияқты көрінеді, маған.

– Соңғы жылдары қабылданған заңнамалар, саяси жүрістерге қарап нақты бір байлам жасауға болмай ма?

– Өкінішке орай, 30 жыл жасалған билік жүйесінің өзегі – бұрынғы Президентіміз. Меніңше, оның саяси аренадан толық, біржола кетуі – күтпеген нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Сондықтан біршама мезгіл Н.Назарбаев өзінің билікке деген ықпалын жоғалтпайды, басқа жолдармен (Қауіпсіздік Кеңесі, «Нұр Отан» партиясы) өзінің бағытын ұстап отырады.

Екіншіден, келесі келетін Президенттердің өзінің алдындағы әріптесінің барлық істерін жоққа шығарып, кейде жазықты етіп шығаратынындары да халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі.

Сондықтан, кейбір Президенттер үшін биліктен біржола кету – аса қауіпті қадам.