Back

30 елге қара, өзіңе қара!

«Шетел инвесторы демократияны мойындай бермейтін елдерде жұмыс істеуге сұранып тұрады» деп санайтын Қазақстан билігі түбі оңбай опық жейді. 

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, мұның соңы қазіргіден де ауыр экономикалық зардапқа алып келеді. 

«Билікті, негізінен, экономикалық рейтингілер қызықтырады ғой. Тізімнің төбе басынан көрінуге асығады. Үздік отыз, үздік елу дегендейін…

Экономикадағы алуан түрлі рейтингінің арасында жүру үшін жанталасады біздің ел.

Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасына қандай баға беретіні, қай орынға лайықтап қоятыны, Doing Business рейтингінде қанша сатыға көтерілгені маңыздыдақ біздің билікке. 

Ал саясат ше?

Бұл дұрыс та шығар. Бірақ саяси рейтинг деген бар ғой? Оны қайда қалдырасыз? 

Салмағы саяси рейтингілердің экономикалық көрсеткіштерден мысқалдай кемдігі жоқ. 

Қазақстанда адам құқығы, сөз еркіндігі, ой еркіндігі сақтала ма? Бұл елде әділеттілік бар ма? Сот жүйесі қаншалықты тәуелсіз? Шенді-шекпенділері парақор емес пе? Оларды кім сайлады? Сайлауы әділ, ашық өте ме? Оппозиция өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап жүрген жоқ па? Оларға парламенттен орын табылды ме?
Тізбелей берсек, саяси рейтингінің салалары тым көп. 

Саяси өмірінде «өлі тыныштық» орнаған елдің бірі – бізбіз. Саясатты керексіз қылған елміз, турасын айтқанда. Оның аузын буып сандыққа салып қойдық та, сол күйі ұмыттық. 

Билік үшін саяси рейтингілердің тышқақ лақ құрлы құны жоқ. 

Олар: «Демократияң дым бермейді бізге. Шетел инвесторы демократиялық құндылықтарды құрметтей бермейтін, демократияның бағыты мен бағдарын бұрмалап жіберген мемлекеттерде жұмыс істегенді хош көреді» деп ойлайды. 

Сәтпаевтың пікірінше, сөй деп санайтын инвестор әсте жоқ емес, толып жатыр. Қазақстандағы бизнесін дөңгелетіп, пайдаға бөгіп жатқан шетел компаниялары соның дәлелі. 

«Уақыт өте «алдымен экономика…» деген қазіргі саясат өзінің өзектілігін, өміршеңдігін сарқып тынады. 
Шетел инвесторы саяси жүйенің әділдігіне, ашықтығына, тазалығына көз жеткізіп барып ғана келуге келісім беретін кезең келеді. 

Билік үлкен сынақтан өтетін, бәлкім өте алмайтын сондай бір заман есік қағып тұр»,  – дейді Сәтпаев. 

30 елге қара, өзіңе қара!

Былтыр Royal Dutch Shell Plc британ-голланд бірлескен кәсіпорны ұзақ ойланып, ақыр соңында ҚазМұнайГаздың қомақты үлесін сатып алудан бас тартты.

Компания әлгі үлесті сатып алса, коррупциялық интригаға ұрынарын сезді. Ұлттық деген аты болғанмен, іс жүзінде ҚазМұнайГаздың халыққа түк қатысы жоғын анықтайды.

«Ұлттық компаниялардың дерлігі биліктегі ат төбеліндей топтың «жекеменшігі» екенін жұрт та жақсы біледі. 

Айтпақшы, былтыр Еуропа банкі Қазақстанның қабілетін болжап, дамыған 30 елдің қатарынан көрінуі неғайбыл екенін айтқан. 

«Қазақстан бұл рейтингінің «бел ортасынан» аса алмауы мүмкін. Біржолата бел ортада қалуы да ғажап емес. 30 дамыған елдің дерлігі демократиялық мемлекеттер…», – деген еді банк сарапшылары. 

30 елдің өлшемімен алғанда экономиканы төрге оздырып, саясатты шетке ысыруға болмасын аңғартып отыр осы рейтингіні түзетіндер. 

Авторитарлы деген аттан арылмайынша дамыған елдердің қатарынан көрінем деу бос әурешілік», – дейді Сәтпаев. 

Жыл өткен сайын авторитарлы елдердің қатары селдіреп жатыр.

Сәтпаевтың пайымдауынша, билік өзінің сыртқы саясаттағы дақпыртын экономикалық реформалар негізінде қалыптастырып, абырой жинағысы келеді. Сөйтіп, сыйлы болғысы келеді билік. Бұл оның ең үлкен қателігі, әрі ең үлкен кемшілігі. 

«Авторитаризм – бірінші кезекте, бизнестің жауы. Жемқорлық жайлаған жерде бизнес тамыр тарта алмайды. Өнбейді, өспейді. Өнбегесін, өспегесін кетіп тынады өзге елге.

Халық сөзімен санасатын саяси мәдениеті қалыптасқан, шенеунігі шіренбей сөйлейтін, тамыр-таныс емес, заңға бағынған, шаруаның бәрін парамен шешетін «дәстүрі» жоқ, соты әділ шешім шығаратын, бизнестің өркендеуіне кедергі келтірмейтін елге кеткенді жөн көреді.

Ал бізде қалай?

Бізде бизнес-элитаның өзі тапқан-таянғанын сыртқа тасып әуре. Бизнестің теріс айналғаны экономикадағы рейтингілер ғана қызықтыратын қазіргі саяси жүйеге жасалған аса ауыр соққы» – дейді Сәтпаев. 
Economist 2018 жылдың демократия рейтингін түзіп, біздің елді 167 мемлекеттің арасында 144 орынға қойды.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

 

Пікірлер

пікір