Back

Қазақстанды “Қазақ республикасы” деп атау керек

Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстан атауымен қатар “Қазақ Республикасы” атауын да қолдануды ұсынды.

Перуашев бұл туралы 23 қаңтарда мәжілісте премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына “Ақ жол” партиясы фракциясының атынан депутаттық сауал жолдады.

Перуашев сауалында 2020 жылы СССР құрамында Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толатынын айтып, бұл датаны “лайықты атап өтуге” шақырды. Ол бұған қоса Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолдану үшін “Қазақ Республикасы” деген атауды қайта қолданысқа енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Оның сөзінше, бұл бастаманы бес жыл бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген және оны іске асыратын уақыт жетті.

“Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп, әр нәрсені өз атымен атау керек. Республикаға тіпті тоталитарлық билік мойындаған “Қазақ” атауын қайтарсақ тарихи әділеттілік қайта орнап қана қоймайды, ол елдегі барлық ұлттың достығы мен бірлігіне дем береді” деді Азат Перуашев.

Мәжіліс жиынынан соң журналистер сауалдарына жауап берген депутат “Қазақ Республикасы” деген сөзді Қазақстан атауымен бірдей қолдану керек екенін айтты. 

Дереккөз: Азаттық радиосы 

Пікірлер

пікір