Back

Рейганомика: кризистегі Қазақстан кімнен үлгі алуы керек?

 Дағдарыстан шығудың төте жолы түтіні түзу елдердің тәжірибесіне жүгіну.

Соның бірі – АҚШ.

 Бұл елді 1981-88 жылдардың аралығында басқарған Рональд Рейган бизнеске салынатын салықты төмендетіп-ақ, жардың жағасында тұрған Америка экономикасын құтқарып қалды.

Форбстың тұрақты сарапшысы, қазір Америкада тұратын кәсіпкер Тимур Сейітмұратовтың мақаласын үкіметтегілер оқыса ғой дейсің, осындайда.

Дағдарыстан шығудың кілті тап тұмсығының алдында жатса да теріс жүретін, бітпейтін бағдарлама, аяқталмайтын реформа жасап, ақыр соңы адасатын әдетіміз қанға сіңіп кеткендей. 

Бұл туралы талай айтылды, бірақ. Өзгерген дәнеңесі жоқ. Біздің дегеніміз де баяғы жартас, сол жартасқа жан бітірмесі белгілі. 

Ақ үйге Рейган келмей тұра 70-жылдардың орта шенінде АҚШ экономикасы шамамен қазіргі Қазақстанның күйін кешіпті. 

Инфляция өскен, жер-жерді жұмыссыздық жайлаған, экономиканың кетеуі кетіп:

– Жұмыссыздық 10,8 пайызға жеткен.

– Инфляция 13,5 пайыздан асып жығылған.

– Несиенің пайыздық мөлшері 21, 5 пайызға жетіп, әрі қарай шарықтаудың аз алдында тұрған

– елдегі кедей-кепшіктің саны 33 пайызға көбейіп, жалпы халық санының 15,2 пайызын құраған

– орта таптың табысы 10 пайызға төмендеген

–  ауыр кезең тұғын.

Осындай алай-түлей уақта билікке келген Рональд Рейган өзінің алдындағы президент-демократ Джими Картердің ұстанған бағытынан мүлде бөлек экономикалық концепцияны көпшілік назарына ұсынады. 

Уақыт өте келе бұл концепция ұсынысқа негізделген экономика деген ресми атау алады.
Оның өзегі неде дейсіз бе?  

Рейган бизнеске салынатын салықты күрт төмендетіп, осы арқылы ел ішіндегі кәсіпкерлік белсенділікті көтеруді көздейді. 

«Экономиканы көтергіміз келсе бірінші кезекте бизнесті қолтығынан демеуіміз қажет» дейді Рейган. 
Сөй дейді де Ақ үйдегі алғашқы үш жылында бизнеске салынатын салықты 2.5 есеге азайтады. 
Капитал өсіміне салынатын салықты, табыс салығын төмендетеді. 

Жаңа технологияға инвестиция салғысы келетіндер үшін салықтық жеңілдіктер енгізеді.

Рейганның бұл реформасы кейін Америкада технологиялық дүмпу туғызуға себепші болады. 
Шетелдік капиталды елге кіргізу үшін қолайлы жағдай жасайды, қысқаша айтқанда.

Байқайсыз ба, өз жанынан шығарған, өзі ойлап тапқан ештеңесі жоқ. Экономиканы шет-жағалай болсын білетін адам естіп жүрген, арагідік айтылып жүрген ұсыныстар осының бәрі. 

Американың жағдайында Рейганның реформалары жемісін берді. 

Екінші президенттік мерзімінің соңында Рейган АҚШ-ты шын мәніндегі алпауыт елге айналдырады. Ел экономикасы сырқатынан сауығып, бизнестің аяқ алысы түзеледі.
Атап айтайықшы.

Жұмыссыздық 5,5 пайызға дейін төмендеп, Рейган реформасының нәтижесінде жаңадан 20 млн (!) жұмыс орны құрылады. 

Инфляция 3,2 пайызға дейін төмендейді. 

Елдегі кедей-кепшіктің саны Рейган билігінің жеті жылында 11 пайызға дейін азаяды.
Америкалықтардың әр отбасыға шаққандағы табысы 20 пайызға артады. 

Ішкі жалпы өнімнің жылдық орташа өсімі – 5 пайыз, ал ең жоғарғысы 6,8 пайызды құрайды. 

Рейганның арқасында, айналасы 7 жылда Америка бізше айтқанда, дамудың даңғыл жолына түседі. 
Салықты төмендетудегі Рейганның көздегені не еді? 

Ол шағын және орта бизнестің табысына таласудан бас тартып, халықтың баюына мүмкіндік берді. 

«Байығыларың келе ме? Байыңдар. Мемлекет сендерге кедергі келтірмейді»  дейді Рейган қарапайым америкалықтарға қарата. 

Рейганның түпкі ойын танудың түк қиындығы жоқ. 
«Жаппай жаңа бизнес ашылар болса, жаңа жұмыс орындары құрылады. Экономиканы елдің бизнеспен айналысуға деген қызығушылығын тудырып қана дамыта аламыз» деген қағиданы ұстанды ол. 
«Бизнеспен айналысушылар көбейген сайын экономика да көркейе түседі» деген принципке сүйенді. 

Иә, солай. Ілгеріде айттық. Өз жанынан шығарған, өзі ойлап тапқан ештеңесі жоқ Рейганның. 
Мемлекетті дағдарыстан шығарудың жолы жеңіл екен. Қарапайым ғана. Күрделі де, күрмеулі де емес. 
Осыны бізде де айтып жүр. Бірақ біз Америка емеспіз ғой?..

КСРО-ның түбіне жеткен кім?

  Маргарет Тэтчер өзінің «Мемлекетті басқару шеберлігі» атты еңбегінде былай дейді. Шамалап аударуға тырыстық. 
– Рейган келмей тұра оның алдындағы Никсон, Форд, Картерлер КСРО-ның «еркелігіне» кешіріммен, кеңшілікпен қарайтын еді.

АҚШ «әй» демегесін, Совет одағы ойына келгенін істеп, жарты әлемді жалмай жаздайды. 
Билікке келген Рейган бірінші кезекте тәбетін тежеуден қалып, жер-көкті  коммунистік идеологиямен улай бастаған КСРО кеңірдектен алды.

АҚШ пен алысса ажал құшарын түсінген КСРО яролық қауіпсіздік, қарусыздану бағытында Рейганның талабын орындауға мәжбүр болып, ақыры соңы ыдырап тынды. 
Солай. КСРО-ны құлатқан әсте Горбачев емес, – Рейган. 

Төрт жыл бойы табандап тұрып алған Рейганның қатал саясатына әншейінде басынан сөз асырмайтын агрессор ел жауап қатқан жоқ. Керісінше, Рейганның тілін табу үшін бірінші хатшылыққа 
мінезі жұмсақ, ортақ келісімге келуге бейім Горбачевті әкелуге мәжбүр болды.

Дайындаған  Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір