Back

Абдрахманов отставкасының үш себебі

Жаңа жыл қарсаңында Үкімет құрамында ауыс-түйіс болды. Оны былайғы жұрт байқаған да жоқ. Бұл жолы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов қызметімен қоштасып, оның орнына Қорғаныс және әуеғарыш өнеркәсбі министрі болған Бейбіт Атамқұлов келді. Сонымен қатар Жеңіс Қасымбеков басқаратын Инвестиция және даму министрлігі бұдан былай Инвестиция және инфрақұрылымды дамыту министрлігі деп аталатын болды. Болған, біткені осы.

 

Жұрт назарынан тыс қалған отставка

Сыртқы істер министрлігінің ауысуы Қазақстанның ішкі әлеуметтік, экономикалық жағдайына елеулі өзгерістер әкеле қоймасы анық. Сондықтан әлеуметтік желіде Үкіметтің әр қадамын талқылап, ой-пікірін білдіретін қауым бұл ауыс-түйіс жайында ләм-лим деп жақ ашқан жоқ.

Егер Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов отставкаға кетсе, мұны көпшілік қызу талқылаушы еді. Ал Сыртқы істер министрінің отставкасын халық байқамай да қалды.

Десек те, әрбір ауыс-түйістің астарында шахматтың ойыны секілді күрделі саяси жүрістер жататыны белгілі.

Осы ретте екі жыл бойына Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қайрат Құдайбергенұлының қызметінен кетуіне нендей жайттар себеп болуы мүмкін?

 

Жетістік қандай?

Егер қызметінен қош айтысқан министрдің жұмысын кәсіби тұрғыдан бағаласақ, ол өзінің құзыретіне қарайтын жұмысты мүмкіндігінше ақ-адал атқарғанын байқауға болады.

Иә, Қайрекең қызмет еткен екі жылда Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы еліміздің сыртқы ведомство саласындағы елеулі табыс десек болады.

Бұдан басқа өткен жылдың басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен күткен АҚШ-қа сапарын ұйымдастыру, сонымен қатар Қазақстанның сыртқы ведомствосының Ресейге аз да болса азу көрсетуі Қайрат мырзаға оңай соқпады.

Бұдан басқа Қазақстанға қашып келген Сайрагүл Сауытбай ісінің қазақ халқының пайдасына шешілуіне де Сыртқы істер министрлігінің аз да болса еңбегі бар екенін мойындауымыз керек.

Күні кеше ғана іргедегі көршіміз Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев кетіп бара жатып, екі ел арасына сына қаққаны да Қайрат Құдайбергенұлы үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз.

Осындай күтпеген оқиғалар кезінде ол өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауғы тырысқанын ешкім жоққа шығармасы анық.

Бұған дейін Сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысовпен салыстырғанда Қайрекең өзінің кәсіби міндетін мінсіз атқаруға тырысты. Кезінде Ерлан Ыдырысов:

«Менің миымды шағып, ауыстырсаңдар да мен қазақша сөйлемеймін» деп қазақ тілі үшін мұрты да қисайматынын байқатқаны есімізде.

Ал тіл мәселесіне келгенде Қайрат мырзаның қазақ тілін бір кісідей білетінін бәріміз білеміз.

Осындай жайттарды есепке алып, экс-министрдің қызметіне баға берсек оны – Тәуелсіздік жылдары еліміздің Сыртқы істер саласын табысты басқарған министрлердің қатарына қосуға әбден болады.

 

Себеп пен салдар

Біздіңше, Қайрекеңнің қызметінен кетуіне бірнеше себептер бар.

Біріншісі, Қайрат Құдайбергенұлының отставкасына сыртқы күштердің ықпал-әсері болуы мүмкін.

Бұл ретте Ресейді тұспалдап тұрғанымызды байқаған шығарсыздар. Өйткені соңғы жылдары Қазақстанның Сыртқы істер ведомствосы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің бірқатар ұсыныстарын қолдамады немесе бұдан қалыс қалды.

Бұл жағдай өз кезегінде Ресейдің ашу-ызасын туғызатыны айтпаса да түсінікті.

Өткен жылы сәуірдегі АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісімдерде АҚШ азаматтарына Қазақстан территориясына бір айға дейін визасыз кіруге рұқсат беріліп, ал Қазақстан азаматтары үшін турист ретінде берілетін виза мерзімі 10 жылға дейін ұзартылған.

Сол кезде РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «бұл мәселе бірінші кезекте ЕАЭО-ға мүше елдер арасында құпталуы керек» деп ер-тоқымын бауырына алып тулаған болатын.

Қалай десек те, Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушыққалы бері Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар келіспеушіліктер орын алды.

Осылайша, Қайрат Абдрахмановтың атқарған жұмысы Кремльге жақпай қалуы әбден мүмкін.

Естеріңізде ме, кезінде Сыртқы істер министрлігін тізгіндеген Ерлан Ыдырысов отставкаға кетерінің алдында Қазақстанның кәсіпкерлеріне Қырыммен қарым-қатынас жасауға сақ болуға шақырып, Путиннің ашуына тиген еді.

Содан кейін көп ұзамай ол қызметімен қош айтысқан болатын. Сондықтан Қайрат Абдрахмановтың отставкасына да Ресейдің ықпалын ешкім жоққа шығармасы анық.

Екіншіден, сыртта жүрген оппозициялық күштер де ҚР Сыртқы істер министрлігінің үлкен бас ауруына айналғаны жасырын емес.

Бұл ретте Қайрекең Ақорданың саяси мүддесі жолында «жемісті» жұмыс істей алды деп айтуға келмейді. Бұл да оның қызметінен кетуіне әсер ететін фактор болады.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат мырзаны қызметке тағайындағанда: «Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент экономикалық өлшемдер болуға тиіс.

Инвестиция тарту және отандық тауарлар экспорты мәселелерімен айналысу қажет. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұмысын күшейту керек» деп маңызды міндет жүктегені еді.

Шыны керек, бұл бағыттағы жұмыстарды Сыртқы істер министрлігі тиісті деңгейінде атқара алмады.

Жаңа жыл қарсаңында журналистермен жүздескен Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің экономикалық бағыттағы жұмысына көңілі толмайтындығын ашып айтты.

Осыдан кейін-ақ, Қайрат Құдайбергенұлының қызметтен кететіні белгілі бола бастады.

 

СІМ элитаның ұл-қыздарын жұмыспен қамтитын орган ба?

Өз кезегінде Президент қазіргідей дамыған заманда Сыртқы істер министрлігі тек саяси құрылым ретінде қалмауы керек екенін тілге тиек еткен-ді.

– Бүгінде Сыртқы істер министрлігі өзін саяси ұйым ретінде сезінеді. Біз әлемдік саясатқа ықпал ететін АҚШ, Қытай, Ресей сияқты үлкен ел емеспіз. Еліміздегі АҚШ елшілігінің жұмысына қызығамын, америкалық компаниялардың жұмысына қатысты қандай да бір мәселе туындаса, елшілік қызметкерлері бірден араласып, мәселені шешуге күш салады.

Ал бізде мұндай ширақ қимыл мүлде байқалмайды. Біздің әрбір министрлік шетелдегі елшіліктеріміз жанынан өз өкілдерін ашып, барлық мәселені солардың күшімен шешуге тырысады.

Сонда шетелдегі елшілік қызметкерлері немен айналысады? Алдағы уақытта елшілік қызметкерлері инвестиция тарту, отандық тауарды сыртқы нарыққа шығару ісмен айналысуы керек, – деп Мемлекет басшысы СІМ-ге қатысты қатқыл сын айтты.

Осылайша, Президент елімізді әлемге танытатын елшілердің экономикалық бағыттағы жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

Елбасының сыны өте орынды. Елшілер «миллиондаған инвестиция тартуға себепкер болыпты» дегенді біз де естіген емеспіз.

Әрине, бұл істің түйінін тарқатуда Қайрат Абдрахмановтың қауқары  жетпейді.

Расында да, дипломаттарымыз инвестиция, экспорт мәселесімен неге бел буып, білек сыбана айналыспайды?

Біздіңше, елшілік қызметте жүрген қызметкерлердің басым бөлігі Қазақстанның саяси элитасының бала-шағасы.

Олар елдегі экономикалық жағдаймен басын ауыртып қайтсін? Есесіне, олардың ішімдік ішіп, көлікті жылдамдығынан асыра айдап, қоғамдық тәртіпті бұзғанын ғана естиміз.

Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге дағдыланған мұндай еркетотайлардың бойында шетелдің ірі компанияларының есігін теуіп кіріп, инвестиция тартатындай өре мен білік қайдан болсын!

Керісінше, олар инвестиция тартпай-ақ, бәлеге ұрынбай, қара басын алып жүрсе соның өзіүлкен олжа болып тұр емес пе?

Ал олардың бәрін жұмыстан шығарып, елге қайтаратындай Қайрекеңде нендей қауқар бар дейсіз.

Осы тұрғыдан алғанда, Қайрат Құдайбергенұлына «дипломаттардың экономикалық бағыттағы жұмысының тиімділігін неге арттырмадың» деп талап қою да орынсыз екенін байқайсың.

 

Айтпақшы…

Польшада елші болған Алтай Әбибуллаевтың ісі есіңізде шығар?

Ресми орындар Алтай Әбибуллаев мемлекеттік қызметкер этикасын бұзып, қызметтен кеткені жайында ақпарат таратқаны есімізде. Бірақ дипломаттың қандай этиканы бұзғаны ашып айтылмаған-ды.

Тек ұзынқұлақтан Әбибуллаевтың жауапкершілікке тартылуына орысша сөйлемеуі себеп болғанын естідік.

Егер бұл рас болса, Сыртқы істер министрлігі Әбибуллаевтай азаматтан айырылмауы керек еді.

 

Сөз соңы

Әңгіме басында Сыртқы істер министрлігінің жұмысына қарапайым халықтың қызықпайтынын айтып қалдық. Бірақ бұдан халық үшін бұл саланың жұмысы маңызды емес деген ой тумауы керек.

Қайта Сыртқы істер министрлігінің батыл мәлімдемелері еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, халықты қанаттандыра түсетіні белгілі.

Десек те, алдағы уақытта еліміздегі саяси аураның қысымы артқан сайын оның тартылыс күші Сыртқы істер министрлігін де өзіне магниттей тартатынын ескерсек, алдағы күндері СІМ еліміздегі маңызды саяси-экономикалық органға айналатынын байқауға болады.

Ал мұндай жоғары қысымға сыртқы ведомствоның тізгін-шылбырын қолға алған Бейбіт Атамқұлов шыдай ала ма деген үлкен сұрақ туындайды.

Оны енді уақыттың еншісіне қалдырайық.

 

Нұрлан ЖҰМАХАН    

Пікірлер

пікір