Back

Әкім жазушылардың жақындарымен кездесті

Түркістан қаласында қазақ әдебиетінің қос алыбы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші ұйымдастырылған болатын. Осы айтулы әдеби кеш қарсаңында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың зайыбы Есімкүл Әлімқұлова мен белгілі сыншы-драматург Асқар Сүлейменовтің ұлы Әлішер Сүлейменовті арнайы қабылдады.

Облыс әкімі жүздесу барысында әдебиет майталмандарының айтулы мерейтойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанына тоқтала келе, қарымды қаламгерлердің шығармасын жан-жақты насихаттап, олардың есімін ұрпаққа ұлықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтып өтті. Облыс орталығынан салынатын жаңа кітапхана мен музейден бұрыштар ашылып, кітаптары шет тілдеріне аударылып, халық назарына ұсынылатынын жеткізді.

— Аймақтан шыққан айтулы азаматтардың есімдерін халықтың жүрегінде мәңгі қалдыру мақсатында бірқатар жоспарымыз бар. Тек өз елімізде ғана емес, түркі әлеміне де таныстыру жұмыстарын қолға аламыз. Түркістан қаласында Асқар Сүлейменовтің атына берілген көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және №21 жалпы орта мектепке Тәкен Әлімқұловтың атын беру жөнінде Президент әкімшілігіне ұсыныс хат жолданды – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Есімкүл Әлімқұлова жазушы ұрпақтарының бұл күнде өсіп-жетіліп, әке мұрасын жарыққа шығара бастағанын айтып, қуанышымен бөлісті. Өңір басшысына жақында Швейцарияда жарық көрген кезекті жинағын тарту етіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. №21 мектепте өткен Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына арналған еске алу кеші мен облыстық деңгейде қамтылған мерейтойға қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс айтты.

Әлішер Асқарұлы да әке ұлағатын насихаттау жұмыстарының барлығына атсалысуға әзірлігін жеткізіп, жаңадан құрылған облыстың мәдениеті мен әдебиетінің өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Кездесу соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қонақтарға жазушылардың портреті бейнеленген кілемшені сыйға тартып, құрмет көрсетті.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі