Back

Түркістан облысының бас шыршасы жағылды

Түркістан қаласындағы «Есім хан» алаңында жаңа жылдық шырша шамы жағылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Жаңа жыл — отбасылық мереке. Әсіресе, біздің бүлдіршіндер үшін бұл мейрамның орны ерекше. Балаларымыздың жарқын күлкісі мен алаңсыз балалық шағына жететін бақыт жоқ. Осыған орай, жүрекке жылылық ұялатқан мереке қарсаңында бас шыршаның шамын жаққалы тұрмыз. Ендеше Жаңа жылда халқымыз игілікке, мемлекетіміз молшылыққа, бақыт пен шаттыққа кенеле берсін! Баршаларыңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге береке тілеймін. Жаңа жыл баршамыз үшін берекелі, мерекелі жыл болсын!», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шарада бабалар, ертегі кейіпкерлері және аяз ата мен ақшақарлар мерекелік шеру ұйымдастырып, сахналық көріністер қойды. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Мерекелік шараның соңы отшашуға ұласты.

Айта кетейік, Есімхан алаңына құрылған шыршаның ұзындығы 20 метр. Шыршаны безендіруге 3300-ге жуық шар қолданылған. Ал, 8 метрлік кіші шыршалар 300 дана шармен әспеттелген. Алаңды түрлі түстермен көмкеру үшін ұзындығы 4270 метрлік диодты жарықшам (гирлянда) тартылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі