Back

Жетісайда зәйтүн майын өндіретін кәсіпорын салынады

Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында бірқатар жобалар іске асып келеді. Бұл бағытта жұмыстарға аудандық әкімдік барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев Түркістан қаласында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

– Естеріңізде болар, «Алматы технологиялық университеті» мамандарының «Бақша дақылдарын терең өңдеу технологиясы» инновациялық жобасы, ағымдағы жылы ауданда алғашқы рет тамыз айында  Жетісай қаласында өткізілген «Қауын фест» фестивалі   аясында кәсіпкерлерге ұсынылған болатын. Бұл мақсатта әкімдік тарапынан жобаны іске асыруға қажетті жер учаскесі қарастырылуда. Алдағы уақытта біздер оқу орынмен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, – деді Жамантай Қанайұлы.

Жетісайдағы тағы бір маңызды жобаның бірі – ауданда  шетелдік инвесторларды тарту арқасында ағымдағы жылы испаниялық кәсіпкерлердің  зәйтүн майын шығару жобасына қажетті 20-30 гектар  жер учаскелері ұсынылғанын атап айтуға болады. Қазір ұсынылған жерлердің топырақ құрамын анықтау үшін тиісті жұмыстар жүріп жатқанын әкім мен журналистердің жүздесуінде мәлім болды.

Егер ұсынылған жерлердің құрамы сәйкес келсе, испаниялық кәсіпкерлер ауданда пилоттық жоба ретінде зәйтүн майын өндіретінзауыт ашуды және  шикізат дайындау мақсатында аудан шаруашылықтарында өсіруді жоспарлап отыр.