Back

Түркістан облысының кедендік тауар айналымы 523 млн долларға жетті

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Сонымен қатар облыстағы кеден бекеттері арқылы өтетін көлік саны да көбейген.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі кеден бекеттерінен 350 мыңнан астам көлік пен 17 млн-дай адам өткен.

Бұл жағдай шекарада орын алатын заңбұзушылықтардың да көбеюіне әсер еткен сыңайлы. Өйткені жыл басынан бері өңірдегі кеден бекеттерінде 514 әкімшілік хаттама толтырылып, 33 қылмыстық іс қозғалған. Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының айтуынша, кеден бекетіндегі заңбұзушылықтың көбі тауар тасымалы кезінде орын алады.

Көп жағдайда тасымалдаушылар жалған декларациямен шекара асуды қалайды. Жүк көліктеріне есірткі тиеп өтетіндер де кездеседі екен. Биыл осындай 32 жағдай тіркелген.

Ал өткен айда жүк вагонымен үлкен көлемде кептірілген жемісті алып өтпек болғандар ұсталған.

Департамент мамандарының айтуынша, салық төлегісі келмейтін кәсіпкерлер жалған банкроттық жариялауға көшкен. Сонымен қатар салық жинаушылар өз берешегін төлемей жүрген біраз борышкерден мәжбүрлеп өндірген.

Еркін Елшібеков, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– 2018 жылы 11 айда мәжбүрлеп өндіріп алу негізінде жеке төлем арқылы 662,8 млн теңге өндірілген. Оның ішінде берешекті өтеу бойынша хабарламаларды өтеу бойынша 585,6 млн теңге, өтінімдер арқылы 72,9 млн теңге, борышкердің өтінімдері арқылы 3,4 млн теңге.

Өңірдегі кірістер департаментінің биылғы жұмыс жоспары 122 млрд теңге болыпты. Алайда осындай белсенді жұмыстардың нәтижесінде 129 млрд теңге қаржы өндіріліп, ел бюджетіне құйылған.