Back

Түркістанда Қаратаудың қос жазушысына құрмет көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Түркістанда қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші өтті.

Кеш аясында Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебінде Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына орай мектеп оқушыларының қатысуымен шара және «Ұлы даланың дара даналары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ал Түркістан қаласы Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ «Мәдениет үйінде» өткен шара Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері Тәкен мен Асқар образында өлең оқып, «Қаратаудың төл перзенттері» поэтикалық композициясымен ашылды.

Қаратаудың қос талантты ұлдарын еске алуға арналған мерейтойлық кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы мен Қазақстанның Мемлекеттік және «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Есенғали Әбдіжаппарұлы, сондай-ақ Шешен Республикасының Ұлт намысы орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік және Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлықтарының лауреаты, ел мойындаған көрнекті ақын Рафаэль Ниязбекұлы, Созақ ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы бастаған делегация ХҚТУ-нің студенттері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Замандас қаламгерлер сөз зергерлерінің шығармашылығы, қатар жүрген кездері туралы естеліктер айтты. Олардың артында қалған мол мұрасы, қазақ әдебиетінде қалдырған еңбектері халық үшін құнды дүниеге айналады дейді қаламгерлер.

Кешке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Тәкен Әлімқұловтың жұбайы Есімкүл Әлімқұлова мен Асқар Сүлейменовтің ұлы Әлішер Сүлейменовке облыс басшысы Ж. Түймебаевтың атынан сый-сияпатын табыс етті. «Құлагердей қаламгерлердің атын ардақтау, құрмет тұтып қастерлеу, биікке көтеру, мұра етіп қалдырған алтын қазыналарын келешек ұрпаққа жеткізу, баршамыздың парызымыз. Әдеби шоғырда орны бөлек сөз сәйгүлігі, қазақтың қара сөзінің зергері атанған көрнекті жазушы, ақын Тәкен Әлімқұловтың туылғанына 100 жыл және де тумысы бөлек тұлға, өзгеше дарын иесі Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған мерейлі мереке Қазақстан көлемінде аталып өтуде. Елім деп еңсесін тіктеген, ұлтым деп ұйқысы қашқан айтулы тұлғалардың тұғыры қашан да биік»,- деді Мәлік Отарбаев. Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметі.