Back

Кентаудың өндірісі өркендеп, кәсіпкерлікпен айналысушылар көбейіп келеді

Бұған дәлел биылғы жылдың 10 айының қорытындысында қаланың жалпы өнім көлемі 87 млрд 313 млн теңгені құраған.

Бұл былтырғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе артық. 2017 жылғы өнім көлемі 32млрд 646 млн  теңгеге айналған болатын.

Қаладағы шағын және орта бизнестің де шырайы кіруде. Кентау қаласына 12 ауыл округтерінің қосылғалы бері қаладағы алыс-беріске жан бітіп, кәсіпкерлердің өз тауарын өткізетін нарық аясы әжептәуір кеңейген.

 2018 жылдың 10 айында қолданыстағы шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6784 бірлікке жетіп, 2,5 есе өскен екен.

Шағын бизнес субъектілерінің 2018 жылдың 10 айында өндірген өнімдері мен жасаған қызметтерінің соммасы  61134,8 млн.теңгені құрапты. Қалалық экономика бөлімінің хабарлағанындай мұндай көрсеткіштер12 ауылдық округтерінің Кентау қаласының аумағына қосылуына байланысты қалыптасып отыр.

Бұдан бөлек биылғы жылы Кентаудағы барит өнімдерін өңдейтін зауыт қайта іс қосылғанын айта кетуіміз керек. 10 жылдай уақыт тұралап қалған кәсіпорынға бүгінде 600 млн. теңге инвестиция құйылған.

Кәсіпорын жылына 50 мың тонна барит өнімдерін өңдеуге қаухарлы. 2018-2025 жылдары зауыттың өнім көлемі 1 млрд. 730 млн. теңге артып, 344 млн. теңге салық түсіреді деген жоспар бар. Дайын өнім еліміздің мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялардан бөлек, Ресей және Өзбекстанға экспортталатын болады.