Back

Болғар бұрышы Мақтааралдың брендіне айналады

Биыл мақтааралдық шаруалар болгар бұрышы мен баклажан өнімінің 60 тоннадан астамын Ресейге жөнелткен. 

Ең бастысы – егістіктен алынған өнім дер кезінде тиімді бағаға саудаланып, диқандар шығынға ұшырамаған. Бұл бағытта аудан әкімдігі тарапынан барлық көмектер көрсетілген екен.

Түркістан өңіріне сапар барысында “Қала мен Дала” газетінің тілшілері аудандағы «Тахиржан» шаруа қожалығында болып, баклажан өнімдерін жинап жатқан еңбеклерлердің жұмысымен танысқан еді. Шаруа қожалықтың төрағасы Арыстан Сапаров биыл 1 гектарға баклажан, 1 гектар жерге жүгері, 9 гектарға мақта дақылын егіпті.  Былтыр 1 гектардан 27 тонна баклажан өнімін алған шаруа биыл да бұл дақылдан жоғары өнім алған.

Аталған қожалық баклажанның 1 келісін делдалдарға 300 теңгеден сатып жатыр екен.

«Баклажан — күнделікті тұрмысқа өте қажетті өнімдердің бірі. Құрамында дәрумендер өте көп. Міне, егіншілікті әртараптандырудың арқасында диқандарымыз бұрын соңды екпеген көкөністің осындай түрлеріне бет бұра бастады. Диқандарымыз осылайша отандық нарықпен қатар, Ресейге баклажан өнімдерін экспорттауда», — деді Жамантай Қанайұлы.

Ал «Исрайл» шаруа қожалығының төрағасы Алтынбек Тораев биыл 0,5 гектар жерге болгар бұрышын егіп, алғашқы өнімдерін шығара бастапты. Болгар бұрышының келісін 400 теңгеден саудалауда. Сондай-ақ, ол биыл қияр мен қызанақ егіп, олардан да жоғары өнім алған.

Айта кетейік, былтыр мақтаралдық шаруалар 3877 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, 89689 тонна өнім алған болатын. Ал биылғы көрсеткіш мұнан да жоғары болды.