Back

Кентаудағы Ащысай полиметалл комбинаты қайта іске қосылмақ

Тұрмысы түзеле бастаған Кентау қаласы Ащысай ауылында көшелер жөндеуден өтіп, жарықтандырылған. Өткен ғасырдың 60 жылдары салынған мәдениет ошақтары да ағымдағы жөндеуден өтіп, кеңінен пайдаланылуда.

«Жаңа спорт алаңдары салынып, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Жергілікті өз-өзін басқару заңының аясында ауыл биыл өз бюджетіндегі 1 млн. 750 мың теңгеге  балалар алаңшаларын салуды жоспарлапты. Тұрғылықты халықты ауыз сумен қамту кезеңімен жүзеге асуда»,- дейді Ащысай ауылының әкімі Қайрат Қабылбеков.

Ауыл әкімдігі Жанкелдин көшесін ағымдағы жөндеуден өткізіп, тозығы жеткен орталық саябақты жаңаламақ. Ащысайда тұратын 2 мыңнан астам халықтың  93-і жұмыссыз, 254 -і вахталық әдіспен жұмыс жасайды.

Қалғандарын тұрақты жұмыспен қамту бағытында, ауылды өркендету мақсатында қытайлық инвестор тартылыпты.

Нысанбай Кенжебаев, Қытай инвесторларларының Түркістандағы  өкілі:

«Қытайлық инвесторлар  өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашу бағытында Түркістанда жұмыс жасауда. Олар  былтыр банкте кепілдікте тұрған,  банкротқа ұшыраған  Ащысай полиметалл комбинатын  аукционда 61 млн. теңге құйып сатып алды. Шикізатсыз  өндіріс болмайды. Сондықтан бұл жағын да  шетелдіктер қамтыған».

Қытайлықтар озық технологияларды пайдаланып, Шымкенттегі қорғасын зауытының жарамды қалдықтарын өңдеп, арасынан 15-17 пайыз қорғасын, мырышын алып әлемдік нарыққа шығарады деген жоспармен келіпті. Бірінші өңдеу өндіріс орны вальц пеші Бадамдағы индсутриалды аймақтағы 15 гектарда орналастырылса, екінші өңдеу өндірісі- шахта пеші осы Ащысайда орналасады.

Аталған кәсіпорындарда жергілікті мамандардың үлесі 90 пайызды құраса, қалғаны шетелдіктер. Шлактың қоры  бес жылға жететінін қытайлықтар анықтаған. Шлак таусылса,  Ащысайдағы  қазба байлықтары алынып,  өндеуден өткізіледі. Ұзақ мерзімді жобаны жүзеге асыру 25 жылды қамтымақ.