Back

Robocon Games: қазақ балалары құрастырған роботтар қазыларды таңғалдырды

 Алматыда Шеврон компаниясының қолдауымен “IITU Robocon Games!”  атты оқушылар арасында робототехникадан төртінші республикалық біріншілік өтті.

Бір ойын алаңында робототехника чемпионы атағын алу үшін Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Екібастұз, Жезқазған қалаларынан 30 үздік мектеп командалары жиналды.

Айта кетелік, еліміздің 30 мектебі бес ай бойына Arduino микроконтроллері негізінде екі робот әзірлеумен айналысты.

Олардың негізгі мақсаты- белгілі бір уақыт аралығында ойын алаңында нақты командаларды жинау, дәлірек айтқанда: роботтардың өздері робот өндірумен айналысу керек еді.

Біріншіліктің шымылдығын түрген ІІТU-дың  проректоры Медет Тұрғамбаевтың айтуынша бұл бәсеке жаңа буынды заманауи технолиялардың қыр-сырын түсінуге итермелейді. Робот техникасын дамыту заман көшіне ілесу.

«Байқауды ұйымдастыруға Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ұйытқы болды. Біздің оқу орны IT-индустриясындағы білікті, халықаралық деңгейде танылған мамандарды дайындаудың көшбасшы.

Бұл ретте «IITURoboconGames» мектеп оқушылары арасындағы жарыс елімізде әлі жолға дами қоймаған саланың тынысын ашады деп сенемін. Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай робот жасалса ел үшін бұдан артық қандай жарнама қажет? Сондықтан бүгінгі жарыс мақсаты талантты жастарды айқындауға ғана емес, сонымен қатар робототехниканы дамытуға да мүмкіндік  береді», – деді ол өз сөзінде.

Ал «Шеврон» компаниясының өкілі Қошпанова Жанардың атап өткеніндей Шеврон аталған байқауға осымен 4-ші жыл қатарынан қолдау көрсетуде.

«Биылғы жылы біз Қазақстан Республикасымен табысты ынтымақтастығымыздың 25-жылдығын атап өттік,  осы жылдары біздің әлеуметтік инвестицияларымыз мемлекет азаматтарының әлеуетін дамытуға арналды. Мысалы, бірнеше жылдан бері біз техникалық білімді дамыту бағдарламамыздың ажырамас бөлігі болып табылатын Robocon Games-ті қолдаудамыз», – деді ол.

Arduino базасында роботтарды дайындау балаларды электроникадан бастап бағдарламалауға дейін роботтарды құрудың толық циклына бейімдейді.

Мұндай әзірлеу LEGO EV3 базасында роботтарды құрастыруға қарағанда әлдеқайда қиын және STEM- мазмұнына көбірек сәйкес келеді.  (STEM: S – science, T – technology, E – engineering, M – mathematics, жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, математика т. б.).

STEM білімін Қазақстанда дамыту – «Шеврон» компаниясының  басым мақсаттарының бірі.

Байқау қорытындысында жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға, сондай-ақ Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқуға гранттар мен жеңілдіктерге ие болды.

 

Абылай ЕРЖАНОВ, Алматы қаласы Білім инновация лицейінің оқушысы, лицей атынан жарысқа қатысқан команда капитаны:

– Біздің команда “IITU Robocon Games!” жарысына алғаш рет қатысты. Шыны керек, бәсекелестердің біразы қарымды екен, байқауға бірнеше рет қатысып, тәжірибе жинақтағаны көрініп тұр. Сондықтан бұл жолы қарсыластарымызды барлап, қарым-қабілеттерін сынадық.

Бұл бәсеке бізге үлкен мектеп болды. Қазақстандағы робототехника саласының негізін қалайтын алғашқы өнертапқыштар атанғымыз келеді.

Осы мақсатта өзіміздің білім-білігімізді шыңдай түсетін боламыз. Себебі, робототехника саласы бір орнында тұрмайды. Атағы әлемге тараған Фейсубк, Гугл, Амазон сияқты әйгілі компаниялардың қатарында қызмет етіп, қазақ баласы да тың идеялардың бастамашысы боларын дәлелдемек ойымыз бар.

Бүгін шараға Шеврон компаниясы қолдау көрсеткен екен. Айтар алғысымыз шексіз. Компания қолдауының арқасында біз өз жобамызды таныстыруға мүмкіндік алдық.

 

Білім инновация лицейінің оқушылары үшін осы жолғы байқау алғашқы баспалдық болды. Бұдан да биік белестерді бағындарырымызға бек сенімдімін.

 

Пікірлер

пікір