Back

Семейді патшалық Ресейдің қаласына айналдыруды кімдер көксеп жүр?

Геральдика саласын еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері баяу  дамып  кенжелеп қалған саланың санатына жатқызуға болатын сияқты.

Оған дәлел 2016 жылы Семей қаласы әкімі өзінің № 84 үкімімен «Семей қаласы гербіне» арнайы байқау ұйымдастырды, оған дизайнер мен де қатысып бағымды сынадым.

Байқаудың әділ қазылары алдында сүрінбей өттім де, бірақ мұның бәрі де әкімдік тарапынан көз бояу ғана екен.

Әкім өзінің №84 өкімімен заңды түрде ұйымдастырған байқауын аяқ астынан «заңсыз» деп тауып №72 өкімі арқылы күшін жойды, «егер заңсыз болса алдымен заңдылығын анықтап алмай тұрып неге ұйымдастырған?» деген сұрақ әлі күнге маза берер емес.

Байқауды не үшін ұйымдастырып енді неге өз күшін жойғанының себебін әлі күнге өздері де нақты айтып бере алмай отыр, «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, біресе қала жасына байланысты десе, тағы бірде заңмен реттелмегенін көлденең тартуда.

Қалалық мәслихат хатшысы Б. Ақжалов: «қалалық мәслихатқа ондай құқық берілмеген» деп жауап берді. Бұл үстірт жауап әртүрлі ойларға жетелейді, оған себеп, басқа облыс қалалардың басым көпшілігінде мәслихат шешімімен қабылданғанын да ескеруіміз қажет сияқты. Бір елде тұрып жатқан соң  барлық облыс, қалаларға заң ортақ қой, әлде олай емес пе?!…

Герб дегеннен шығады, осы уақытқа дейін қаламызда «ресми емес» деген желеумен патшалық Ресейдің отарлау гербі қолданыстан түспей келе жатқаны да жасырын емес.

Әрине, неше жыл күрестің нәтижесінде ақ патшаның гербтері әкімшілікке қарасты қала аялдамаларынан алынып тасталғанымен көктемгі саңырауқұлақтай жекеменшік аумақтарынан қылаң бере бастады.  Қазіргі уақытта аэропорт бағыты, «Тұмар» мейрамханасынан көрініс табуда.

Ал Семей қонақ үйі патшалық Ресейдің отарлау гербін Астана арқылы заңды түрде бекіткізіп те алған екен. Жергілікті атқарушы биліктің беретін жауабы «олар жеке меншік, сондықтан біздің араласуға қақымыз жоқ», сонда олар әкімдікке, тіпті Рухани жаңғыруға бет алған еліміздің ішкі саясатына бағынбайтын қайдан шыққан «жекеменшіктер».

Жеке меншік бизнес болған соң оның да өз ережесі бар, өсу керек дегендей, бірақ сол дамудың патшалық заманның отарлау гербін қаланың орталығында жарнамалап іске асуы қалай, бұл еліміздің саясатына қарама-қайшылық қой. Ал «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» өз  бастауын алған Астана төріндегі құзырлы орынның патшалық отарлау таңбасынан «плагиат» жасап құралған «сауда белгісі» етіп (1851- 1878ж.ж) оны «Семей» қонақ үйіне заңдастырып беруі мүлде ақылға симайды.

Мысалы, Ресей мемлекетінің геральдика ережесінде  герб ешқашанда сауда белгісі бола алмайтыны айтылады. Семипалатинск облысына бекітіліп берілген патшалық болса да герб деген стаусқа ие, сондықтан орталық көшеде емес, қала тарихының бір парақшасы болып өлкетану мұражайы сөресінен орын алуы тиіс!

Ал оны қонақүйге заңды түрде  «сауда белгісі» етіп бекітіп беруге Астананың құзырлы орындарының қандай қақы бар?

Елбасымыз Н. Назарбаев 2016 жылы өз сөзінде: «біз патшалық Ресей заманында колония болдық» деді. Және биыл 2018 жылы 18 қарашада Түркияға барған сапарында тағы қайталап: «Біз қазақ халқы Ресей патшалығының колониясы болдық, соңғы ханымыз Кенесары да 1861 жылы сол жүйенің құрбаны болды» деген еді ғой.  Ал еліміз еркіндік алғалы ширек ғасырдан асып кетсе де Семей қаласының кейбір азаматтары бәрін тарихққа сілтеп «құлдық қамытын» шешкісі келмейтіндей әсер қалдыруда? Егер қаламызда отарлау таңбасы ашық түрде осылай насихатталатын болса онда несіне тәуелсіздік алдық деп бөркімізді аспанға атып жүрміз.

 Ал Тәуелсіздікті сипаттайтын қаланың заманауи гербін қабылдауға келгенде Семей қаласы әкімі неліктен аяқ астынан «Семей қаласының  гербі болуына заң рұқсат етпейді» деген ашық мәлімдемесін жасады.

Қала әкімдігі мен мәслихаты қала гербін қабылдауға немесе оған үрке қарайтын болса, онда Президенттің жоғарыдағы екі мәлімдемесінен соң патшалық Ресейдің «отарлау гербінен»  шошынуы тиіс еді ғой. Нені жарнамалап жүрміз, бодан болғанымызды ма?  Онда неге №84 байқауға өкім шығарды? Және бұл мәлімдемесі  осы уақытқа дейін арнайы мәслихаттар шешімімен қабылданған басқа өңірлердегі облыс пен қалалалардағы қолданыстағы гербтеріне күмән келтіргенмен де бірдей.

Мүлде түсініксіз…

 Мәдениет министрлігіне аймақтардағы облыс, қала гербтерін мұқият зерттеп оның  қоғамдағы алар орнын, оның маңызын түсіндіретін арнайы шешім қабылдағанын қалар едік.

Әйтпесе, қазіргі министрлікте қалыптасқан жағдай тып- тыныш «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген марғау тірлікке ұқсайтындай. Министірлікте 2015 жылы геральдикалық  басқармасы құрылған уақыттан бері облыс, қалалардың геральдика мәселесін жүйелі түсіріп реттейтін нақты қадам жасалмаған екен. Біз, өңірлердегі Қазақстан Республикасының азаматтары мәдениет министрлігінің геральдика саласының мамандарына осы мәселені мемлекеттік деңгейде реттейтін уақыт әлдеқашан келді деп есептейміз. Дамыған елдердің барлығында да көрші Ресей мемлекетінде де геральдика саласына ерекше мән беріліп әлдеқашан дұрыс жолға қойылған.

Қазақстандағы басқа облыс, қалаларында жергілікті мәслихат шешімімен қабылданған өз гербтері бар.

 

Ондай құзырет тек Астана мен Алматыға ғана берілген деп жауап берген ШҚО-ның да қолданыста өз гербі болса, Өскемен қаласында да жергілікті мәслихатпен ресми түрде қабылданған Өскемен қаласының гербі бар.

Олай болса, ШҚО-ның ішкі саясат басқармасы жауабына сүйенсек  герб болу құқығы Алматы мен Астанаға ғана берілгенін жақсы біліп отырып, онда өздері саналы түрде заң бұзушылыққа жол берген болып шықты ғой!?…

Қанша жерден тер төгіп ізденгеніммен Астана мен Алматы қалаларынан басқа облыс, қалаларда герб болуы заңға қайшы деген заң таба алмадым, нақты болу керек екені де айтылмаған, бірақ болмауы керек деген де бір ауыз сөз жоқ. Семей қаласы әкімдігі заң шығарушы органға айналғаны ма?

Мен рәміздерге жауапты мәдениет министрлігіне қалада герб болуы қаншалықты заңды деген сұрақ та қойдым. Алған жауабым: «әр өңірдің өзіндік символдары болуы заңға қайшы емес» деген жауап. Тіпті қала символы тәрбиелік, туған өлкеге деген отансүйгіштікке баулитын мақтаныш сезімін оятатын маңызы ерекше екені де айтылған.

Мысалы, Өскемен қаласы қала гербін қабылдағанда жергілікті өзін-өзі басқару заңына сүйене отырып өздеріне қала ережесін жазып соған қала рәміздерін қабылдау туралы жеке тармақшасын енгізіп қабылдағаны туралы жауап берді.  Егер аймақтағы қала гербін қабылдау үкімет тарапынан реттелмесе демек,  жергілікті биліктің құзыретіне жататынын аңғару қиын емес. Қалада бір түп ағаш отырғызылса немесе асыраған итіңізді қыдыртатын жерді де мәслихат анықтамаушы ма еді, әлде ол да Астананың шенеуніктерінің рұқсатымен жасала ма?. Егер мұндай шешім қабылдауға жергілікті атқарушы биліктің жүрегі дауаламаса онда үкімет шешсін.  Түсіндіріп өтейін, қала гербі ол –  қала ішілік мәселе, қала ішінде өтетін немесе қала атынан көрсетілетін іс-шараларға қолданысқа арналған. Ресми емес қала ішінде өтетін байқауларға, мәдени іс-шараларда(фестивальдер, форумдар) диплом, грамоталарда қолданылады. 

Ал арнайы ресми шараларда мемлекеттік елтаңба қолданылады.

 

Семей қаласы әкімдігіне Тәуелсіз Қазақстан қаласының заманауи қала гербін қабылдауға батыл қадам жасауын қалар едік. Өзі басқарып отырған қаласына герб қабылдаған үшін істі болған бір әкімді естімеппіз, егер заңға қайшы болса жауапқа тартылған әкімдер туралы ендігі естісек керек еді ғой.

Сөз  соңында Рухани жаңғырудан үзінді келтіре кетсем деймін: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.»

Демек, тарихи өз кодымызды айқындайтын кез келді, ол уақыт келгелі жиырма жеті жыл болды.

Сонымен, патшалық Ресей кезеңінде де, кеңестік дәуірде де қабылданған Семей қаласының гербін қабылдауға еліміз Тәуелсіздік алғанда неге сараңдық танытудамыз, мұның себебі неде?…
Өз ойымды қаламыздың исі қазаққа әйгілі есімдерімен бастаған едім, сөз соңында солардың заңды жалғасындай тағы бір тұлғамыздың сөзімен аяқтасам деймін.

Семей қаласынан шыққан Мұхтар Омарханұлының: «Ел боламын десең- бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бар, өзгерейік, өзгертейік, рухани жаңғырайық ағайын! Рухани жаңғыру ол – отарсыздандырудың бастауы болмақ!

 

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ,

Семей қаласы, 2018 жыл.

2016 жылы 24- қырүйекте Семей қаласының әкімі Е. Салимовтың №84 өкімімен ұйымдастырылған байқауда жеңіп шыққан

Семей қаласына арналған гербім. 

 

 

Пікірлер

пікір