Back

Кентау рухани жаңғыруды бастан өткеруде

Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қалада көптеген игі істер жүзеге асуда. Бүгінде бұл бағытта Кентау қаласында түрлі іс-шаралардан бөлек, тарихты түгендеу мақсатында халықаралық конференциялар ұйымдастырылып, бірқатар  кітаптар шықты.  

Рухани жаңғыру бір-екі күндік немесе «жасап қойдық» деп айтатын науқандық жұмыс емес екені анық. Бұл – ұдайы, үзіліссіз жүргізіліп отыруды қажет ететін, ауқымы кең бағдарлама десек болады.

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының 2000 жылдық тарихы бар. Түркістанда тұрған тайқазан да Қарнақта құйылған. Қазақтың кемеңгер ұлы М.Әуезовтің атасы Бердіқожа, Шортанбай Қанайұлы секілді біртуар азаматтарымыз Қарнақтағы медреселерде білім алған. Яғни Қарнақ – тарихы терең әрі зерттеуді қажет ететін Қазақстандағы ең көне ауылдың бірі.

Осы ретте Кентау қаласы әкімдігі Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық аймағынан ғалымдарды шақыртып, «Қарнақ – орта ғасырдағы ағартушылық пен білім ордасы» атты ғылыми конференция өткізді. Онда тың деректерге негізделген орамды ойлар айтылды. Конференция материалдарын арнайы жинақ шыққанын білеміз. Ауылдағы мыңжылдық тұт ағашын, Шаммат ишан мешіт-медресесі кең көлемде насихатталды. Нәтижесінде Қарнақ ауылына келуші, тұт ағашы мен медресені көруші туристердің саны артты.

Сонымен қатар қалаға қарасты Хантағы ауылындағы, яғни Қаратау бөктерінде орналасқан Ханның тағы жайында да қызықты тарихи деректер көп. Осыны ескере отырып, ауылдың тарихына негізделген «Хантағы мұраты – ұрпаққа аманат» атты конференция өтті. Осылайша қалалық әкімдік ішкі туризмді дамытып, насихаттау ісін мықтап тұрып қолға алды.

Кентауға жаңадан қосылған 12 ауылдық округтің де ішінде тарихи ауылдар көп. Мәселен, Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Сауран – зерттелуді қажет ететін ауыл. Міне, қазір сол істерді жүйелеп, алғашқы қадамдарды жасалуда. Яғни, алдағы уақытта Кентауда Рухани жаңғыру аясында тарихты түгендеп, болашаққа бағыт беретін игі бастамаларды жалғасын табатын болады.

Dalanews.kz