Back

«Қазыналы өлке – Мақтааралым» шарасы ұстаздардың мерейін өсірді

Елбасы Жолдауы Мақтаарал ауданындағы ұстаздар қауымына үлкен серпіліс әкеліп, оларға жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Осыған байланысты мұғалімдер тарапынан тың талпыныстар мен ілкімді ізденістер туындауда.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы үлкен қуаныш сыйлап, үміт отын жақты. Жолдау педагогтардың мәртебесін көтеру туралы нақты тапсырма беруімен құнды. Елбасы саясатын қолдап, білім саласын әлемдік бәсекеге сай жаңарту, рухани жаңғыру аясында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау – ұстаздардың басты борышы.

Мақтаарал ауданының 90 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазыналы өлке – Мақтааралым» атты онкүндік өтті. Мектептерде ашық есік күндері мен түрлі сайыстар, соның ішінде 5 іс-шара аудан көлемінде ұйымдастырылды.

2018-2021 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасын жасадық. Алдағы уақытта «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ және Кембридж университетінің бірлескен бағдарламасы негізінде 7 модульді, инновациялық технологияларды мұғалімдердің іс-тәжірибесіне ендіріп, педагогтардың кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігін арттырмақпыз. Оқушылардың заманауи талаптарға және Қазақстан Республикасындағы білім берудің жаңа стандарттарына сай сапалы білім алуына қол жеткізу көзделініп отыр. «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру арқылы оқушылардың сапалы білім алуына қол жеткізу» даму тұжырымдамасы алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Соның ішінде оқытудың отандық және әлемдік озық тәжірибелерін оқу үдерісінде жүйелі пайдалану үшін мұғалімдерге теориялық және практикалық мүмкіндіктер туғызу, желілік педагогикалық қызмет жұмысын жүйелеуіміз керек.

 

Dalanews.kz