Back

2019 жылы Сарыағашта 13 тұрғын үй толық пайдалануға беріледі

 Сарыағаш ауданында өткен жылы 19,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Ал ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 7,780 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Бұдан бұрын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданындағы сапары кезінде Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағындағы 5 қабатты 585 пәтерлі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан 13 тұрғын үйдің құрылысымен танысқан еді.

Мердігер мекеме – «Ынтымак Бес-Арыс» ЖШС. Жобаның құны – 407 млн теңге. Ағымдағы жылы құрылысы басталған 13 тұрғын үй 2019 жылы толық пайдалануға берілетін болады. Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тұрғын үйлердің сапасына көбірек көңіл бөліп, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігін тапсырғаны есте. 

«Қазіргі таңда жаңа Сарыағаш бой көтеріп келеді. Құрылысы басталған 45 пәтерлі 13 тұрғын үй аяқталса, 585 отбасы баспаналы болады. Мұндай жағдай соңғы 45 жылда болмаған. Бұл дегеніміз – Елбасымыздың халқына деген қамқорлығы, елдің мерейі. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді салу барысында ауыз су, газ, электр, жылу, жол және абаттандыру жұмыстары сынды барлық инфрақұрылым мәселелеріне шешімін табатын болады. Әсіресе, аудан басшылығына кәріз жүйесінің шешімін табуды тапсырамын», – деген болатын Ж.Түймебаев.

Қазіргі күні қалалық әкімдік Сарыағаштағы сапасы сын көтермейтін нысандармен күрес жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек Қапланбек кеден бекетінің маңыздағы нысандар мен заңсыз сауда нүктелері ретке келтіріліп, кеден маңы абаттандырылуда.