Back

Сайрам ауданы ауыл шаруашылық өнімінің көлемін көбейтуге басымдық бермек

Сайрам ауданы өңірлік «Даму» бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 58,8 млрд.теңгеден 64,0 млрд.теңгеге, тамшылатып суғару әдісін 513 гектардан 913 гектарға, жылыжай көлемін 19,5 гектардан 60 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Оның ішінде 2018 жылға ауыл шаруашылық өнімінің көлемін 59,5 млрд.теңгеге жеткізу көзделген.

Бұдан бұрын аудандағы атқарылған жұмыстарға қаныққан облыс әкімі Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық потенциалын тиімді пайдалануды тапсырған болатын.

– Елбасымыз биылғы халыққа арнаған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында «Үшінші бағыт – «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі деген болатын. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Осы бағытта Сайрам ауданы өзінің өндірістік-экономикалық потенциалымен облыстағы перспективті аудан болып есептелінеді. Сондықтан аудан басшысына осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа серпін қажет, – деген еді Жансейіт Түймебаев.

Бүгінде Сайрам ауданы халқының 12,5 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 13703 бірлікке жетіп, 5,7 пайызға өскен. Мәселен, былтырғы жылы аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 84, 2 млрд. теңгенің өнімін өндірген.