Back

Дос Көшім: “Түркістандағы Азаматтық форумда маңызды мәселелер көтерілді”

Айта кетелік облыс орталығында өткен ауқымды жиында өңірдегі 700- ден астам үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмыстары сөз болды.

Түркістан облысында түрлі бағытта жұмыс жасайтын 738 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Алайда, оның белсенді жұмыс атқарып отырғандары 200 — дей ғана. Қоғамдық бірлестіктер жергілікті билік өкілдерінің және шетелдік даму агенттіктері арқылы қаржыландырылады. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен 838 млн. теңге қаржы бөлінген.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің айтып өткеніндей ҮЕҰ-ларға 2008 жылы 6 — ақ млн. теңге бөлінсе, биыл ол қаржы 144 есе көп беріліп отыр.

“Оған да шүкір. Енді бұл жұмыс ары қарай да жылжи береді. Тек, үкіметтік емес ұйымдардың ғана емес, меценаттардың, түрлі басқа да кәсіпкер азаматтардың беруі арқылы да бұл жұмыс жанданып отыр”, – деді бұл орайда өңір басшысы.

Сондай — ақ, жақында Азаматтық қоғам қалыптастыруға арналған тұжырымдама жүзеге асуы мүмкін. Жиынға келген саясаттанушылар жаңа жобаның ұтымды тұстарына тоқталды.

Өз кезегінде танымал саясаттанушы Дос Көшім осынау Азаматтық форумның басқа игі бастамаларға жол ашарына сенім білдірді.

«Азаматтық қоғамның жаңа концепциясы жасалып, азаматтық қоғамды алғашқы орынға қою басталды. Демократиялы мемлекеттің негізі азаматтық қоғамда оның принциптерін біз білуіміз керек. Азаматтық қоғамының не екенін жақсылап түсінуіміз керек. Сол уақытта қоғам жаңа бір деңгейге көтеріле ме деп ойлаймын», – деді ол.

Азаматтық форумда түрлі бірлестіктердің әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жиын соңында төрт бірлестіктің жүлдегерлері марапатталып, қомақты қаржы табыс етілді.