Back

Мақтаарал ауданы чемпион атанды

Салауатты өмір салтын қалыптастыруды сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыру қажет. 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты жолдауында: «Дені сау ұлт – жалпыұлттық міндет. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру керек» – деп атап айтқан еді.

Осы мақсатта Түркістан облысы Жетісай ауданында ұйымдастырылған футбол тойы талай көрерменді таңдай қақтырды. Аяқдоп десе арқасы қозатын жанкүйерлер бұл жарыста ауданаралық бәйгенің куәсі болды.

Айта кетелік, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай Түркістан облысы Жетісай ауданында «Тұғыры биік – Елбасы!» атты кіші футболдан мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері арасында жарыс өткен болатын.

Мінекей, осынау жарыста Мақтаарал ауданы әкімдігі І орынды жеңіп алып, чемпион атанды.

Өз кезегінде Мақтаарал ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков жеңімпаз команда мүшелерін қабылдап, арнайы марапаттады. Сондай-ақ, ізгі тілегін арнап, қошеметін көрсетті.

«Қызмет пен спортты қатар алып жүру – бақытты болашақтарыңыздың кепілі. Аудан әкімдігінің атын асқақтатып, беделін көтергендеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, өмірлеріңізге бақ-береке тілеймін!» – деді Б.Төребеков.

Бұдан былай мұндай спорт жарыстары дәстүрлі түрде өткізіліп отырмақ.

Пікірлер

пікір