Back

Түркістанда Елбасының бағдарламалық мақаласына орай жаңа жобалар қолға алынады

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі  селекторлық жиын өтті.

Онда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді орындауға байланысты өңірде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта іске асырылатын жобалармен таныстырды.

«Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы ел санасына қозғау салған, «Мәңгілік Ел» болу жолындағы ұлы міндеттерді айқындап берген, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, әрі елді биік мақсаттарға жетелейтін маңызды құжат.

Осы құнды Бағдарламадағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылуда.

Мәселен, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ гүлін қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» шарасы қолға алынды.

Елбасымыздың айтулы мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әл-Фараби ғұлама туралы да айтылды. Бұл бағытта да тарихи тұлғалар мен көне қалаларды насихаттау үшін анимациялық фильмдер мен телехикаялар түсірілді. Алдағы уақытта қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жаңаша жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.