Back

Тұңғыш Президенті күні – халықтың қадірлі мерекесіне айналды

Республика жұртшылығы Тұңғыш Президенті күні биыл жетінші рет тойлап отыр. Айқындап атап өтетін болсақ, бұл мереке алғашқы күннен-ақ халқымыз қадірлейтін, жақсы көретін мейрамға айналды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Өсіп өркендеген және қуатты Қазақстан – Біз бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны. Өркениет көшіне еркін қосылған ұлт ретінде білімділік те, біліктілік те, білектілік те, жүректілік те көрсетті. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын» деді.

Біз Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен өркендеуі кезеңін қалай алып қарасақта, тарихтың осы бір айтулы кезеңінің парақтарын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевсыз елестете алмаймыз. Қазақстан және Елбасы егіз ұғым десек те болады. Себебі, Тұңғыш Президенттің еліміздің өркендеуі жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол ешкімге дау тудырмас тарихи шындық.

Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының– дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – барлық ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Елбасымыздың есімімен тығыз байланысты.

Қарқынды жүргізілген жұмыстар нәтижесінде экономикамыз тұрақталып, халықтың әл-ауқаты жақсарды.

Өнеркәсіп жанданып, қаржы-бюджет, салық жүйесі құрылып, ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізілді.

Зейнетақы жинақтау жүйесі дүниеге келді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау жүзеге асты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі міндеттерін мезгілінен бұрын орындап, әлемнің дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Ендігі жерде «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілгендей әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіспіз.

Елбасының экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына игі ықпал етті. Көптеген мемлекеттер мен халықаралық қаржы институттары қарқынды экономикалық ынтымақтастыққа келді.

Дүниежүзілік сарапшылар арасында «Қазақстандық үлгі» термині пайда болды. Қысқа мерзім ішінде халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасын қалыптастырды. Оның көптеген бастамалары кең халықаралық мазмұнға ие.

Қазақстан көп ұлтты, толерантты мемлекет ретінде ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықты әрдайым ту етіп жоғары ұстап келеді. Халықтар достастығы нығайды. Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы өмірге келді. Ол ұлтаралық келісімді күшейтті.

Биылғы жылы 20-жыл толып, бүкіл әлем тамсанып отырған сұлу да әсем қаламыз – Астананың іргетасын қалаушы, әрі Бас сәулетшісі Тұңғыш Президентіміз екендігін мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы Теңгемізге 25 жыл толып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Мемлекетімізді нығайтып, еліміздің күш-қуатын арттыруда, Тәуелсіздігімізді баянды етуде Ұлт Көшбасшысының еңбегі аса зор.

Президентіміздің күші – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы арқылы жаңғырып келе жатқан қабырғалы қалың елі. Демек, күшті тұлға – күшті мемлекет.

Тұңғыш Президентіміздің ресми мерекесі құтты болсын!

Мемлекет басшысы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жолымен» болашағымызды бағдарлап, рухани жаңғырып, Мәңгілік Елдің төріне қарай еркін адымдап, табыстан табысқа, жеңістен жеңіске жете берейік.

 

М.ҚАДЫРБЕК, Арыс қаласының әкімі.

Пікірлер

пікір