Back

Әсия Ақышева: “Елде бизнеске негізделген талапшыл аудитория қалыптасып келеді”

2018 жылдың 19 қазанында Атырауда және 26 қазанында Алматыда БАҚ өкілдеріне арналған «Салалық журналистика: Мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер» атты қазақ және орыс тілінде бірінші семинар-тренинг өткізілді.

 Ұйымдастырушылар: «Бизнес Медиа» Компаниялар тобы ЖШС («Деловой Казахстан» газеті) және «ШЕВРОН» компаниясы. Тренингке Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Астана, Атырау қалалары мен Атырау облысының бірқатар аудандарынан журналистер қатысты.

Екі қалада өткен тренинг қорытындысы бойынша, жалпылай алғанда 60 шақты адам қамтылды, оның ішінде ҚазҰУ және «Тұран» университетінің студенттері де бар. Медиатренерлер ретінде мұнай және газ саласын жан-жақты зерттеп жүрген  танымал журналист Елена БУТЫРИНА және медиаэкономика саласындағы белгілі журналист Әсия АҚЫШЕВА шақырылды.

Семинар мақсаты не? 

 Отандық медианарықта салалық журналистиканы дамытумен қатар, мұнай және газ тақырыбына бейімделген журналистер қатарын қалыптастыру.

Семинар барысында журналистерді Қазақстанның мұнай нарығындағы бүгінгі жағдаймен таныстыра отырып, сала ішіндегі өндірістік жобалар мен құрылымдарды түсініп, түйсінуге; сол сияқты, мұнай және газ саласындағы отандық ірі компаниялармен арада байланыс орнатуға, ақпарат көздерімен жұмыс істеуге, нарық ішіндегі мәліметтерді сауатты қолданып, журналистік материалдар әзірлеуге бейімдеп, үйрету.

 

Тренинг барысында қандай тақырыптар қамтылды?  

 1) Қазақстанның мұнай және газ саласы қашан және қалай қалыптасты?

2)  Отандық мұнай және газ саласына тән ерекшеліктер қандай?

3) Әлемдік деңгейде дәлелденіп, жария етілген мұнай және газ қорындағы Қазақстанның үлесі, орны туралы не білеміз?

 4) Еліміздің мұнай және газ саласындағы барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау төңірегіндегі ірі жобалар қайсысы, олар қалай жүзеге асып жатыр?

Оқыту семинары барысында осы және салалық журналистикаға тән өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды.

 

 Бізде экономикалық журналистика бар ма? 

Бұл ретте мұнай және газ саласын жан-жақты зерттеп жүрген белгілі журналист Әсия АҚЫШЕВА осынау шараның маңызы мен мақсаты туралы егжей тегжейлі айтып берді.

 – Журналистиканың өзіндік бір қызықты да күрделі бөлімі, ерекше саласы медиаэкономика – өз аудиториясына экономикалық тұрғыдан шешім қабылдауға көмектесу міндетін жүктеген.

Журналист үшін бұл үлкен жауапкершілік. Өйткені медиаэкономикаға негізделген журналист ұсынған ақпаратпен танысқан тұтынушы нарық ішінде өз мүддесіне сай әрекет етеді.

Ал оның салдары тұтынушының жеке басына ғана емес, жалпы қоғамдағы жағдайға ықпал етуі мүмкін, мысалға баға саясатына, тауар қалыптастыруға, белгілі бір нарықта сұранысқа сай ұсыныстың туындауына.

Сондықтан да медиаэкономиканы, яғни экономикалық журналистиканы таңдаған журналист өзі зерттеп, талдаған тақырыпты бүге-шігесіне дейін тексеріп, нақты аргумент қолданып, дәлелін келтіріп барып беруі тиіс.

Салалық журналистика, яғни белгілі бір салаға негізделген журналистика осы медиаэкономика құрылымына кіреді және журналистиканың бұл тармағының өзектілігі елімізде нарықтық экономика қалыптаса бастаған сонау 90-шы жылдары барынша байқалды.

Өйткені, елімізде бизнеске негізделген талапшыл жаңа аудитория қалыптаса бастады.

Десек те, қазақ журналистикасы аясынан алып қарасақ, бізде экономикалық журналистика, жалпы, салалық, сегменттік журналистика тиісті деңгейде дами алған жоқ.

Бізде журналист өзі репортер, өзі сарапшы, өзі редактор және барлық барлық сала, барлық тақырып бойынша.

Алайда, біз сол оқырманның қажеттілігін қаншалықты елеп, ескеріп отырмыз? Жалпы, оқырман, көрермен, тыңдарман туралы біз не білеміз? Қандай да бір талдау, зерттеу, сараптау жүргіздік пе, бұл тұрғыда?

…Өткенде бір әріптесіміз әмбебаптық пен конвергенттік ұғымдарын шатастырып жатты.

Конвергенттік журналистика – ақпарат пен коммуникациялық технологиялардың бірыңғай ресурс ретінде топтасуы. Олай болса, конвергенттік журналист өзі репортер, өзі фотокор, өзі бейнеоператор, өзі  бейнеинженер, өзі вебредактор, т.т. болуы тиіс.

 Тақырып бойынша әмбебаптық пен конвергенттік әмбебаптық екі бөлек дүние. Әрине, журналист білімді, сауатты, жан-жақты хабардар, ұдайы ізденіс үстінде болуға міндетті. Дегенмен, айталық, экономикалық журналистикада нақты бір сегментті сарапқа салып, талдайтын журналист ретінде ол өзі жұмыс істеп отырған медиаресурсқа да, аудиторияға да барынша пайда келтірер еді.

Салалық журналистикаға ден қойған журналист өзі талдап, сараптап отырған саланы толыққанды зерттеп, сол саланың келешегіне болжам жасай алуы тиіс, сол саланың өкілдері оған сенім арта алатындай деңгейде болуы тиіс.

Бірақ бұл сол саланың лоббиі, үгітшісі, насихатшысы болуы керек деген сөз емес. Арагідік естіп жатамын, кей әріптестеріміз, экономикалық, іскерлік журналистика қоғам ішіндегі белгілі бір топтардың, қоғамдастықтардың мүддесіне жұмыс істейді деп есептейді.

Бұл медиасауаттылықтың жетіспеуі салдарында қалыптасқан қыңыр көзқарас.

Дәл қазір, айталық, қазақ журналистикасы аясынан алып қарасақ, экономикалық журналистика қарапайым халықтың экономика саласындағы жолсерігі, бизнес әліппесі, кеңесшісі, экономикадағы диллері функциясын атқара алады, егер біз бұл мәселеге шындап көңіл бөлсек.

Отандық медиа нарықта экономика тақырыбын сарапқа салуда орыс тілді журналистердің құрығы ұзын. Бұл тұрғыда олардың мүмкіндігі де зор, өйткені, оларға жұмыс беріп отырған медиаэкономикалық ресурстар жетіп асады. Медиа нарық орыс тілді журналистерге экономика тақырыбында таңдау жасауға жағдай жасап отыр, сол себепті де олар әрқашан ізденіс үстінде. Өйткені іскерлік журналистиканың орыс тілді сегментінде бәсекелестік бар. Ал қазақша сегмент әлі де аяғынан тік тұра алған жоқ.

Қазақ тілінде медиаэкономиканы дамыту үшін, ең алдымен, осы салаға қызығушылық танытқан медиа ресурстар керек.

 Яғни, медиа нарық экономикалық қазақша ақпарат таратуға негізделген журналистерге сұраныс қалыптастыруы тиіс. Ал бұл салаға мамандану үшін арнайы бір уақыт керек емес.

Егер экономикаға қызықсаңыз, осы саланы талдап, сараптағыңыз келсе, сіз қай кезеңде болса да осы тақырыпқа бейімделе аласыз.

 Ең бастысы, қызығушылық, жауаптылық керек, өйткені бұл арада журналист әрқашан аргументке негізделе білуі керек. Медиаэкономика жалаң сөзді, құрғақ сөзді қажет етпейді. Ал аргументті анықтау үшін осы саланы тереңнен зерттеуді үйрену керекпіз. Бәрі де журналистің өз таңдауына, өз ізденісіне келіп тіреледі. 

Осы тұрғыдан алғанда, «Шеврон» компаниясы мен «Деловой Казахстан» газеті бірлесе ұйымдастырған «Салалық журналистика: Мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер» атты семинар-тренинг өте өзекті әрі пайдалы шара болды деп айта аламын.

 Мысалға, қазір осы тренингке қатысқан журналистер де, магистранттар мен студенттер де бізге ұдайы хабарласып, мұнай және газ саласына негізделген ақпарттар бойынша қосымша сұрақтарын жолдап, іздене бастағандарын байқап отырмыз.

Біздің тренингке қатысқан магистранттар мен студенттердің арасынан дипломдық жұмыстарын осы мұнай және газ саласына негіздегісі келетін болашақ әріптестеріміз де табылып жатыр. Сол сияқты, тренингке қатысқан журналистердің бірқатары бұл саланы өздері үшін жаңадан ашып, көптеген мәліметтерді, ақпараттарды дұрыс түсінбей жүргендерін де мойындауда.

Ұйымдастырушылардың жоспарынша, БАҚ өкілдеріне арналған бұл тұрғыдағы оқыту шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс. Журналист үшін іздене білу, өзінің кәсіби деңгейін шыңдай білу маңызды компонент. Олай болса, «Шеврон» компаниясының бұл бастамасы қай кезеңде болсын өзекті болатыны анық.

 

 

Пікірлер

пікір