Back

Талғардың әкімі: “Биылғы қыстан қысылмай шығамыз”

 «Қала мен Дала» газетінің тілшілері Талғар ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, аудан әкімі Рыскелді Сәтбаевпен сұхбаттасты. Ауданда жылдар бойы жинақталған түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылғанға ұқсайды. Оны әкімнің өзі әңгімелеп берді.

 

 Қыстың қамын жазда ойла

 – Рыскелді Ахметқалиұлы, Алматыдай алып мегаполистің жанында орналасқан Талғар ауданының даму қарқыны еш уақытта бәсеңсімейтінін білеміз. Алғашқы әңгімені ауданның тыныс-тіршілігінен бастасаңыз.

– Рас айтасыз, ауданымыздың Алматымен қоңсылас болғанының пайдасы зор. Қазір ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамуда.

Ауданымызға 46 елді мекен қарайды. Біраз жұрт Алматыға қатынап, жұмыс істейтінін өзіңіз де білесіз. 

Қазіргі таңда аудан орталығы Талғар қаласындағы коммуналдық шаруашылыққа қатысты қордаланған мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Тоқырау жылдары Талғар қаласындағы орталық жылу жүйесі жұмысын тоқтатты. Бұдан кейін қала халқы көп қабатты тұрғын үйлерін өз бетінше пеш қойып, баспаналарын жылытқаны белгілі.

Ал жағдай реттеліп, еліміздің экономикалық ахуалы жақсарғаннан кейін Талғар қаласы да заман талабына сай дамуға бет бұрудамыз.

Өткен жылы қыстың сарышұнақ аязында көмір, сұйық отын, электр қуатымен жылытатын көп қабатты тұрғын үйлерде апатты жағдай орын алғаны есіңізде шығар.

Сол кезде облыс әкімінің өзі келіп, тұрғындарды  сақылдаған сары аязда жылусыз қалдырмай, облыс қазынасынан қаржы бөліп, апатты жағдайды дер кезінде ауыздықтаған еді.

Биыл сол оқиға қайталанбауы үшін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жанынан шағын жылу қазандықтарын салып, қысқа ерте бастан қамдандық.  

– Қыстан қысылмай шығу үшін ерте көктемнен іске кіріскен екенсіздер ғой?

– Әрине. Шағын жылу қазандықтарын салу айтар ауызға жеңіл дүние болғанымен, нақты іске келгенде оңай жұмыс емес екеніне көз жеткіздік.

Мұндай қазандықтарды салмас бұрын қала тұрғындары арасында Пәтер иелері кооперативтерін құру керек болды. Бұл ретте аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі қызметкерлері  ерте көктемнен бастап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ПИК-тер құрып, шағын жылу қазандықтарын салып, оған көпқабатты тұрғын үйлерді қосудың маңызын барынша түсіндірді.

Бұла бағытта еңбегіміз өз жемісін берді. Халық та жағдайды түсінді. Осылайша, Талғар қаласында ұзын саны 30-дан астам ПИК құрылып, қазір жұмыс істеуде.

Биыл 23 үй мемлекеттен бөлінген қаржының есебінен орталық жылу жүйесіне қосылса, тағы 12 үйдің тұрғындары өздері қаржы жинап, орталық жылу жүйесін салып, қыстан қысылмай шығудың қамына кірісті.

Әкімдік қызметкерлері ерікті түрде жылу жүйесін салуға ниеттенген үйлерге ұйымдастыру, құжаттандыру жағынан барынша қолдау көрсеткенін айта кетуіміз керек.

– Әкім мырза, сонда шағын бір жылу жүйесіне қанша тұрғын үйді қосуға болады?

– Бір жылу жүйесіне 5-6 үйді қосуға болады. Жылу қазандықтары газбен жұмыс істейді. Қыста көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары көмір тасып, күл шығарып әуреге түспейді. Жылуы мен ыстық суы қатар беріледі. Әрі қауіпсіз.

Көпқабатты тұрғын үйлерге газ бен электр қуаты арқылы жұмыс істейтін пештерді орнату қауіпті екенін өзіңіз де білесіз. Алдағы уақытта Талғар қаласындағы көпқабатты 163 үйдің жанынан шағын жылыту қазандықтарын орнатып, қаладағы коммуналдық мәселені түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз.

Бұл бағыттағы біздің бастамамызға Алматы облысы әкімі Амандық Баталов та қолдау білдіріп, барлық көмегін көрсетіп жатыр. Алдағы жылы біздер тағы да 16 шағын жылу қазандығын саламыз.

Көпқабатты тұрғын үйлердің иелері үш бөлмелі пәтерлерін жылыту үшін бір қыста 60-70 мың теңгеге дейін шығын шығарады. Егер мұндай үйлер орталық жылу жүйесіне қосылса, қарапайым халықтың коммуналдық шығыны жеті есеге дейін төмендейді.

Бұл бағытта әкімдік қызметкерлері жан-жақты жұмыс істеп, орталық жылу жүйесінің тиімді екенін әрбір тұрғынмен жүздесіп, түсіндіргеннен кейін халық орталық жылу жүйесіне қосылуға келісімдерін берді.

Алдағы жылы Талғар ауданындағы 163 көпқабатты тұрғын үйдің бәрін орталық жылу жүйесіне қосып, бұл мәселені түбегейлі шешуді көздеп отырмыз.

Рыскелді Ахметқалиұлы, қолға алған істеріңіз шағын қалалардың шырайын ашатын жақсы жоба екен. Жалпы, осы мәселеге кәсіпкерлерді тартуға бола ма?

– Биыл бюджеттік өтінімге енбеген 12 үйдің жылу қазандықтары жеке азаматтардың қаржысына салынды. Меніңше, бұл іске кәсіпкерлерді тартуға болады. Иә, қаржының қайтуы біразға созылатындықтан, мұндай жобаларға ақша салу қиын. Бірақ болашағы бар. Болашақта кәсіпкерлердің шағын қалалардағы коммуналдық шаруашылық ісіне қаржы салуға ынталандыру үшін мемлекет тарапынан тиімді ұсыныстар жасап, ынталандыру керек деп есептеймін.  

– Бұл мәселені шешуде жергілікті билік орындарының рөлі қандай болды?

– Ауданымыздың коммуналдық шаруашылық саласы бойынша жауапты тұлғалар жылу қазандықтарын салудың жобалау жұмыстарын тиісті ұйымдармен бірлесіп, дайындады. Сонымен қатар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді толықтай өз мойнына алды. Биылдың өзінде жылтыу мәселесі бойынша халықпен 20-дан астам кездесулер ұйымдастырып, жұрттың сұрақтарына жауап бердік.

Бұдан басқа жылу қазандығы салынғаннан кейін жылу құбырларын көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне дейін жеткізіп беру мемлекеттің мойнында болды. Ал одан ары қарай әркім жылуды өз үйлеріне тартып кету керек еді.

Алғашқыда жобалау институттары жертөлеге келген жылу құбырларын әркім үйді-үйіне тартуға 100 мың теңгенің үстінде қаржы шығындайды деп есептеген болатын. Кейіннен біздің қызметкерлер мұндай іспен айналысатын жергілікті жердегі кәсіпкерлермен сөйлесіп, оның құнын 60 мың теңгеге дейін түсірдік.

Осылайша, қарапайым халықтың қаржысын үнемдеу бойынша кәсіпкерлермен келісімге келдік. Алдағы уақытта Талғар ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылығы мекемесі жанынан құрылған «Тұрғын үй» мекемесі қала бойынша құрылған 31 ПИК-тің жұмысын назардан тыс қалдырмай, олардың кідіріссіз жұмыс істеуін қадағалайды.

 

«Талғар сити» болашақтың қаласы

– Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында көпқабатты тұрғын  үйлердің аулаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар ойнайтын алаңдар бой көтергенін өз көзімізбен көрдік. Қалай ойлайсыз, мұндай игілікті істерді Талғарда да іске асыру жоспарда бар ма?

– Бар. Талғар қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне көп болды. Осы мәселе туралы облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына айтқанымда ол кісі біздің ойымызды қолдады.

Бұдан кейін біздер бірден Талғар қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік ұсынысымызды дайындап, тиісті орындарға өткіздік.

Сәтін салса, алдағы жылы облыс тарапынан бұл іске 500 млн теңге бөлінбекші. Осылайша, Талғарды Алматының іргесіндегі жайлы қалаға айналдыруға бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз.

– Әкім мырза, кабинетіңіздің мына бір бұрышынан орын тепкен «Талғар сити» жобасы жайында қысқаша әңгімелеп берсеңіз?

– Қазіргі таңда Талғар ауданындағы халықтың саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазірдің өзінде әкімдікте 2800-ден астам адам үйдің кезегінде тұр. Осы жайтты ескеріп, «Талғар сити» шағын ауданын тұрғызуға бел буып, білек сыбана кірістік. Назарларыңызды аударған «Талғар сити» жобасының макетін «Базис-А» компаниясының жобалау институты дайындап берген.  

Қазіргі таңда осы жобаға ауданымызда құрылыспен айналысатын екі компания қатысып, тоғыз қабатты екі тұрғын үйді салу жұмыстарын бастап кетті.

Ал тұтас мөлтек аудандағы тұрғын үйлерді Түркияның құрылыс компаниясы салатын болады. Жаңа аудандағы тұрғын үйлерді сату ісіне «7-20-25» бағдарламасы бойынша «Тұрғынүйжинақбанкі» де атсалыспақшы.

Осы ретте айта кететін мәселе, бірінші кезекте тұрғын үйлер Талғар ауданында тұратын азаматтарға беріледі. Алдымен олардың банк қызметкерлері төлем мүмкіндіктерін тексереді. Содан кейін барып, Алатаудың баурайында орналасқан Талғар қаласының тұрғыны болуға ықылас танытқандардың өтініштері қарастырылады.

Қазіргі таңда «Талғар ситидің» аумағында бюджет есебінен 60 пәтерлік тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Тағы да айта кететін мәселе, аталған аумақта жаңа мектеп, балабақша және аурухана салынған. Егер бұл жоба іске асса Талғар Алматының іргесіндегі көрікті серіктес қалаға айналады.

Талғар қаласының экологиялық тұрғыдан көрікті жерде орналасқанын есепке алатын болсақ, «Талғар сити» жобасының болашағы зор екенін бағамдауға болады. Сол себепті шетелдік компаниялар бұл жобаға қызығушылық танытып отыр.

Тұрғын үйлердің бағасы да тиімді. Бүгінде «Талғар сити» аумағында бой көтеретін үйлердің шаршы метрі 197 мың теңге болып белгіленген. Халық тарапынан сұраныс жоғары.

 

Жол кеңейеді

Рыскелді Ахметқалиұлы, Сіздің Талғар ауданы әкімі болып тағайындалып, жұмысқа кіріскеніңізге бір жылға таяп қалды. Бұған дейін Үкіметте, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқардыңыз. Алдымыздағы «Талғар сити» жобасына көзіміз түскенде Сіздің кез келген істі үлкен масштабта пайымдайтыныңызды байқадық. Талғар ауданын өркендету жолында тағы да қандай маңызды ой-жоспарларыңыз бар?

– Талғар ауданына әкім болып тағайындалғанда Алматы мен Талғардың арасындағы жол менің бірден назарымды аударды. Талғар қаласы мен оның айналасындағы ауылдарда тұратын халықтың біразы Алматыға қатынап жұмыс істейді. Бұдан басқа Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқитын қаншама студенттер бар.

Жұрттың бәрі таңертең Алматыға қарай жолға шыққанда, үлкен кептеліс пайда болады.

Фото: kolesa.kz

Керек десең бұл жолмен Талғар ауданынан бөлек Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары да жүреді. Жайшылықта 20-30 минутта Алматыға жететін жолда жұртшылық таңертең мен кешкі кептелісте сағаттап жолда тұруға мәжбүр. Осыдан кейін бұл жолды кеңейтудің маңызын түсіндім.

«Алматы – Талғар» көлік жолы республикалық «Қазавтожол» мекемесіне қарайды. Бұған біздің құзіретіміз жүрмейді. Бірақ қол қусырып қарап отыруға тағы да болмайды.

Содан биыл жазда вице-премьер Асқар Мамин мен Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының маңызды бөлігінің құрылысын бастағанда Асқар Мамин мырзаға осы мәселені құлаққағыс қылып айттық.

Өз кезегінде вице-премьер ұсынысымыздың орынды екенін айтып, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішенбаевқа тапсырма берді.

Бұдан кейін бұл мәселені Алматы облысынан Мәжілісте өкілдік ететін депутаттарымыз Омархан Өксікбаев пен Зағипа Балиева да көтеріп, бізге қолдау көрсетті.

Біздің болжауымызша, алдағы жылы «Алматы – Талғар» тас жолын төрт жолақты етіп кеңейту жұмыстары басталды деп үміттеніп отырмыз. Жол кеңейіп, заман талабына сай жаңғырғанда көлік кептелісі жоғалып, аудан тұрғындарының барыс-келісі жеңілдейтін болады.

«Алматы – Талғар» тас жолы 1964 жылы салынғаны белгілі. Содан бері талай рет күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Бірақ жолды кеңейту мәселесі ешқашан қарастырылмаған. 1964 жылдан бері ширек ғасыр өтті. Ауданымызда жыл өткен сайын халық санып артып келеді. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, «Алматы – Талғар» тас жолын заман талабына сай кеңейтетін мерзімнің жеткенін кім де болса байқайтыны анық.

 

Ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

– Ауызсуға қатысты түйткілді мәселелер туындап жататынын білеміз. Айтыңызшы, аудандағы ауызсу мәселесі түпкілікті қашан шешіледі?

– Талғар ауданының халқы ауызсуды бастау қайнарын таудан ағатын өзен-көлдерден алатыны белгілі. Көктемде күн жылып, қар мен мұз еріген сәтте ағын су лайланып, су бірнеше күн бойы ішуге жарамсыз болып қалады.

Сол кезде аудан тұрғындары реніштерін білдіреді. Ал қалған уақытта таза тау суы толассыз ағып келе береді. 1970 жылы салынған жерасты суын соратын сорғы әбден тозған.

Көктемде ескі су сорғы аудан халқына қажетті су жеткізіп бере алмайды. Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында біздер жер астынан таза суды соратын екінші су сорғыны салудың жобасын дайындап, бюджеттік өтінімді тиісті орындарға бердік.

Бұл үшін мемлекет қазынасынан 1,18 млрд теңге бөлінбекші. Алдағы жылы осы жоба іске асса, талғарлықтардың ауызсу мәселесі түбегейлі шешіледі. Ауданымызда жерасты суының мол қоры бар.

Көктемде ағын су лайланғанда су сорғыны пайдаланып, халықты таза ауызсумен қамтитын боламыз. Ал қалған жаз, күз, қыс мезгілдерінде ағын суды еркін пайдалануға болады. Ағын су таудан ағып, өздігімен келіп жатқандықтан халыққа арзанға түседі.

 

Туризм басты назарда

– Алматының іргесінде орналасқан Талғар ауданының шағын және орта бизнес пен өндірісті дамытуға қолайлы аумақ екенін жақсы білеміз. Ауданда бизнестің дамуы мен кәсіпорындардың құрылуы қай деңгейде екенін әңгімелеп берсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, біздің аудан бизнес пен өндірісті дамытуға қолайлы аймақ. Биылдың өзінде аудан бойынша шағын бизнесті дамыту мақсатында жүздеген жоба қабылданып, оның 35 жобасы мемлекеттің жеңілдетілген несиесіне ие болды.

Осылайша, ауданымыздағы кәсіпкерлердің ісін бастауға 172 млн теңге бағытталды. Бұл ретте тиісті мекемелер бизнеспен айналысуға ден қойған азаматтардың жобаларын сүзгіден өткізіп, оларды қаржыландыруға жібергенін айта кетуіміз керек.

Бұдан басқа аудан аумағында іске асып жатқан 9 инвестициялық жобамыз бар. Осы жобалардың арқасында жыл басынан бері 338 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.

Енді ірі жобаларымызға тоқталсам, биыл «LG Қазақстан» компаниясы «Қазлифт» деген кәсіпорын құрып, елімізде жеделсаты шығару ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Сонымен қатар «Нұрқағаз» компаниясы картоннан әртүрлі көлемдегі қорап өнімдерін шығару ісін жолға қойды. Осы кәсіпорынның арқасында әдетте шашылып жататын қағаздар бір орталыққа жиналып, елдің игілігіне жарап жатқан жайы бар.

Бұдан басқа дәл түрлі өнімдердің қаптамасы мен қорабын шығару ісімен айналысатын «Интелл-сервис» компаниясының да жұмысы ойдағыдай жүріп жатыр. Қазіргі таңда аталған компанияның өнімдері елімізден тыс Орталық Азия елдерінен үлкен сұранысқа ие.

Тағы да айта түссек, ауданымызда ауыл шаруашылығы жобалары да табысты іске асып келеді. Айталық, республикаға танымал «Байсерке-Агро» компаниясы сырт елдерден асылтұқымды малдардың эмбриондарын әкеліп, Қазақстандағы мал шаруашылығын асылдандыру ісіне кірісіп кетті. Осы жұмыстардың арқасында жүздеген тұрақты жұмыс орындары ашылып, аудан бюджетіне миллиондаған салықтар төленуде.

Соңғы уақыттары Талғар ауданында туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе тау баурайында көптеген демалыс кешендері бой көтеріп, аудан халқы мен Алматы тұрғындарына қызмет көрсетуде. Елімізге танымал «Лесная сказка» демалыс кешені «Ойқарағай» деп өзгертіліп, жұмысын кеңейтіп, биыл демалушыларға арнап жаңа веложол салғанын атап айтуға болады.

Сол сияқты «Ақбұлақ» спорт кешіні де қысқы маусымда шаңғымен серуендеуге жаны құмар азаматтарға қызмет көрсетуге дайын.

Туризм саласын дамыту бойынша сарапшылармен кеңескенімде, олар Алматыдай ірі мегаполистің сұранысын қанағаттандыру үшін «Шымбұлақ» секілді 30 нысан керек екенін айтқан еді.

Әрине, бұл болашақтың еншісіндегі шаруа. Бірақ мұндай демалыс кешендерінің тең жартысы келешекте Талғар ауданының аумағында салынатынына сенімдімін. Өйткені ауданымыз табиғаты көркем тау баурайында орналасқанын өзіңіз де білесіз. Сондықтан біздер туризмді дамыту ісіне айрықша көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды назардан тыс қалдырмаймыз.

– Әкім мырза, сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқандар,  Нұрлан ЖҰМАХАН,

   Думан БЫҚАЙ.    

 

Пікірлер

пікір