Back

Іле ауданында хиджаб киген 27 оқушының 25-і мектеп формасын киді

Жақында Іле ауданы Білім бөлімінің бас маманы Арайлым Төлеубековамен сұхбаттасқанымызда екі жылғы үздіксіз жұмыстың нәтижесінде хиджаб киген 27 қыз баланың 25-і мектеп формасын кигенін, олардың ата-аналары заң талабына мойынсынғанына айтып берді.

 – Арайлым Ақсубайқызы, Іле ауданы биылғы оқу жылын қалай бастады? Жаңадан ашылған мектептер мен балабақшалар бар шығар?

– Әрине. Ауданымыз жыл өткен сайын дамып, тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, ауданымызда жыл сайын жаңа білім беру мекемелерінің ашылуы біз үшін әдетке айналған дүние десек болады.

Айталық, биылғы оқу жылында Ынтымақ ауылында 600 орынды орта мектеп оқушыларды қабылдаса, Төле би ауылындағы бастауыш мектебіне кеңейту жұмыстары жүргізіліп, білім ошағы орта мектеп мәртебесіне ие болды.

Сол сияқты үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 12 балабақша ашылса, жекеменшік бір балабақша жұмысын бастады. Жалпы, ауданымызда 113 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. 

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылғанын айта кетсеңіз?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар жүзеге асты. Жазғы демалыс кезінде ауданымыздағы әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасындағы 116 баланың демалысын ұйымдастырып, олардың уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасалынды.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздағы біраз оқушылар Қарасай ауданындағы белгілі Тұңғыш Президентіміз бен Анаға құрмет мұражайларына экскурсия жасап, өздерінің армандарын ұштап қайтқанын атап айтуға болады.

Ал сабақ басталғалы бері ауданымыздағы мектептер ай сайын Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрына кезек-кезегімен барып, түрлі қойылымдарды тамашалауды дәстүрге айналдыруда.

Бұдан басқа Алматы облысында жастардың IT саласына қызығушылығын ояту мақсатында робот құрастыру кабинеттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Қазір техниканың тілін білуге ұмтылған жастардың қатары күн сайын артып келеді. Сонымен қатар үш тілділік бойынша 8 мектепте үш тілде сабақ оқыту іс-тәжірибесі қолға алынғанын айрықша атап айтуға болады.

Биылғы біздің үлкен жаңалығымыз ретінде ауданымызда хиджаб киген 27 қыздың көпшілігі хиджабтарын шешті. Қазіргі таңда хиджабын шешпеген екі қызбен тәлімгер ұстаздар жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беріп отырған жайы бар.    

– Көптеген жерде хиджаб киген мектеп оқушыларының ісі үлкен дауға ұласып жатқанын естіп, көріп жүрміз. Сіздер бұл мәселені қалай ушықтырмай шештіңіздер?

– Мектеп оқушыларына хиджабты шештіру оңай болған жоқ. Бұл істе діни басқарма, Іле ауданы әкімдігі жанындағы лаңкестікке қарсы күрес комиссиясының мүшелері және тәжірибелі педагог ұстаздар, психолог мамандар оқушылардың ата-аналарымен үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 25 оқушы қыздың мектеп формасын киюіне ықпал етті.

Әрине, мұндай жағдайға бірден қол жеткізу мүмкін емес. Былтыр Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Марданқызы бастаған комиссия ауданымызға келіп, бұл бағытта жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Комиссия құрамында білікті дін мамандары, психологтар болғанын айта кетуіміз керек.

Бұдан кейін де біздер бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпай, оқушылар мен олардың ата-аналарымен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Басында ата-аналардың бізді тыңдамаған кездері болды. Бұл ретте оларды сабырға шақырып, олардың бұл істері ата-баба дәстүрі мен қазіргі заманның талабына қайшы келетінін айттық.

Кейбір ата-аналар уәжімізге құлақ аспағанда оларға балалардың құқын шектеп отырғанын майдалап түсіндіруге тура келді. Егер олар өз ойларынан бас тартпаған жағдайда бұл іске бала құқығын қорғау ұйымдары араласып, жат ағымның жолында жүргендерді ата-ана құқығынан айырылып қалуы мүмкін екенін айттық.  

Іле ауданындағы 13 мектепте хиджаб киген қыздарымыз болды. О баста олардың ата-аналарын бір мектепке жинап, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы шыққан №26 бұйрығымен мұқият таныстырып, бала мектеп қабырғасын аттағаннан кейін баршаға ортақ мектеп формасын киюі керек екенін түсіндірдік.

– Хиджаб киген қыздардың жас шамасы қандай?

– Жас шамалары әрқалай. Керек десеңіз, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған даярлық топтарының арасында хиджаб киген бүлдіршіндеріміз болды. Біздер ата-аналарға жас балаларды бұлайша күйзеліске түсірмеу керектігін жетесін жеткізе түсіндіруге тура келді. Нәтижесінде, көптеген ата-аналар түсіністік танытып, өз райларынан қайтты.

– Арайлым ханым, бұл жағдайда ата-аналар айтқанынан қайтпаған жағдайда бұл істің соңы немен аяқталады?

– Егер ата-аналар заң талаптарына бағынбаған жағдайда бұл іс Ювеналды соттың қарауына өтеді. Ювеналды соттар көптеген өркениетті елдерде қызмет атқаратыны белгілі. Мұндай соттар балалар құқықтарын қорғауға және баламен жасалатын қылмыстың алдын алуды көздейді.

Бөгде ағымның жетегінде кетіп, балаларының өміріне кесірін тигізген ата-аналардың ісін осы сот қарап, құқықбұзушылық анықталған жағдайда оларды ата-ана құқығынан айырады.

Соңғы сатыға жеткенше түрлі ескертулер мен айыппұлдар салынатынын да айта кетуіміз керек. Ауданымызда ісі Ювеналды сотқа тапсырылған ата-ана жоқ. Біздер бұл істі арнайы комиссияның күшімен реттейтінімізге сенімдімін.

Жалпы, біздің бұл бағытта жұмыс істеп келе жатқанымызға екі жылға таяп қалды. Хиджаб киген қыздарымыздың мектеп формасын киіп жатқанын естіген өзге аудандағы әріптестеріміз бізге хабарласып, іс-тәжірибемізбен бөлісуді сұрап жатқан жайы бар. Біздіңше, бұл бағытта көптеген мамандардың басын қосып жұмыс істеудің маңызы зор деп есептейміз.

Әңгімелескен Нұрлан ӘУБӘКІР

Фотоazattyq.org

 

 

Пікірлер

пікір