Back

Талдықорғанда жаңа драма театр ашылды (фото, видео)

Жасыл желекке оранған Талдықорған жыл сайын бой түзеп, алыстан менмұндалайтын әсемдігімен айшықталып келеді.

Қайта өмірге келгендей жасарып, жаңарған қалада заманға лайықты мекемелер әлі де бой көтеріп, жаңа ғимараттардың саны көбеюде. Өзінің басқа шаһарларға ұқсамайтындығымен ерекшеленіп тұрған қалада тағы бір жаңа ғимарат бой көтеріп, көпшіліктің қуанышын еселете түсті.

Жаңа нысан Талдықорған қаласының 7-ықшам ауданында бой көтерді. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Көрермен орны 510 адамға лайықталған.

Жетісулық өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтаған Амандық Ғаббасұлы:

– Тал­дықорған жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, гүл­деніп келеді Халықтың саны да артып, Талдықорғанды тұрғылықты жері ретінде таңдаушылар қатары да көбейген.

Шаһарда жаңа тұрғынжай орамдарымен бірге, әлеуметтік-мәдени нысандар да салынуда. Жаңа нысан облыс орталығының ажарын ашып, түрлендіре түсті.

Қала тұрғындары  және өз атымнан бірегей нысанды іске асыруға қатысқан көрнекті сәулетшілерге, дизайнерлер мен құрылысшыларға, күні мен түні осы халықаралық театрлар фестивалінің ашылуы үшін ілгері жұмыс істеп жүрген азаматтарға алғыс білдіремін. Бірлескен еңбек пен шығармашылық ізденістің көптен күткен нәтижесі осы классикалық дәстүр мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіретін сәулет өнерінің жауһары, – деді.

Сондай-ақ, ол жаңа өнер ордасының бой көтеруіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор қамқорлығының арқасында қол жеткізіліп отырғанын айтып өтті.

Салтанатты шараның ашылуымен КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоцациясының төрағасы Асанәлі Әшімов пен елімізге белгілі театр және кино саласының қайраткерлері құттықтап жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді.

– Құрметті достар, бүгін біз үшін қос мереке. Жетісу астанасында осындай тамаша театрдың ашылуы және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің басталуы. Театр мен кино күн сайын дамып келеді, мұның бәрі сіздер үшін, халық үшін. Драмалық театрға ең бастысы-көрермендердің танымы мен махаббатын тілеймін! – деді Асанәлі Әшімов.

Театрдың ашылуы Орта Азия елдерінің  7-ші Халықаралық театр фестивалімен тұспа-тұс келіп отыр. Фестивальде Қазақстан,  Қырғызстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің театрларының 11 қойылымы көрермен назарына ұсынылады.

Мәдени шара Орталық Азия елдері мен Қазақстанның театр өнері саласындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және осы сала мамандарын шығармашылық бастама­ларға ынталандыру, сондай-ақ жұртшылықтың назарын театр үрдісінің жаңа, заманауи үлгілеріне аудару мақ­сатында өткізіледі.

 

Айта кетейік, аталмыш фестиваль Бикен Римова атындағы драма театры­ның жаңа және ескі ғимара­тында өтеді.

Қойылымдарды Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары тегін тамашалай алады.

Балжан Қайратқызы,

Алматы облысы