Back

Түркістан: Кеше. Бүгін. Ертең…

Сөзге пәтуә бітсе, ойға сәуле қонады. Күні кеше Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертіліп, орталығына Түркістан қаласы бекітілген еді. Араға жарты жылдан аз уақыт салып, бұл шешімнің жемісі мен жеңісі туралы кәделі кесім айтуға болатынын аңғардық.

Қаймана қазақ руханияты туын қолына алып, ұлы мақсаттарға көз тігіп отырғаны айдан анық. Осы орайда жаңа облыстың алатын орны ерекше басым. Түркі жұртының киелі шаҺар Түркістанның экономикалық, әлеуметтік жағдайы туралы, оның даму спекторы, болашағы, келешегі хақында салымды пікірлер легін іздеп көрдік.

Мәртебелі оқырман, сіздің назарыңызға ел ішіне есімі танылған, толымды сөз айтып, тыңғылықты пікірлерімен бөліскен бірқатар азаматтардың сұхбаттарын ұсынбақпыз.

 

Альмира Мұқажанова: «Түркістанның түлеуі елдегі урбанизацияның дамығанын көрсетеді»

Саясаттану ғылымдарының докторы Альмира Мұқажанова Республикалық маңызы бар қалалардың пайда болуы елдегі урбанизация процесі дамуының көрсеткіші екенін алға тартады.

– Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала статусына ие болуы, ал Түркістанның облыс ретінде түлеуі елдегі урбанизация процесінің дамып келе жатқандығын көрсетеді. Урбанизация үрдісі, яғни халықтың республикалық маңызды қалаларға қоныс аударуы бірінші кезекті аталған аумақтағы халықты жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөлуді, екіншіден, тұрғын үй мәселесі мен әртүрлі жобаларды жасақтап, қолға алуды, іске асыру жайына баса мән беріледі, – дейді саясаттанушы. «Мәселен, бұл Шымкент қаласы үшін аталған статустың берілуі қаланың жан-жақты экономикалық бостандығы мен өсіп-өнуіне мүмкіндік алуын, сондай-ақ өз бюджетін өзі тағайындап, бөлуді әрі қаланың экономикалық қауіпсіздігі мен нәтижелі болуын қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерді де ұсынады», – деген ойды А.Мұқажанова ортаға салды.

Түркістанға облыс статусының берілуінің әлеуетті шешім екендігін алға тартқан саясаттанушы «Түркістан қаласының дамуында түрлі жобалар мен жоспарларды ұйымдастыру қажеттігін» айтады. «Түркістан тарихи, мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала, сол себептен қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс. Сондай-ақ аймақтағы тұрғын үй мәселесі, экологиялық тепе-теңдікті сақтау сынды мәселелердің сапа жағынан дамуы басшылыққа алынғаны абзал. Бюджет тұрғысынан да бірқатар мәселелер туындауы мүмкін. Яғни бұл тұста мемлекет тарапынан бөлінетін көмек активі әрі жергілікті инвестицияның яғни жергілікті активтің арасындағы сапалы тепе-теңдікті сақтай білу, оны оңтайлы бөлу мәселесі де жолға қойылғаны игі. Яғни бұрын Түркістан қаласы аталған облыстағы қалалардың бірі болды, ал қазір облыс орталығы болғандықтан, бюджетті бөлу мәселесі алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелердің бірі болып отыр», – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының сөзінше, аталған мәселелердің барлығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 5 қазанда Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында алға тартты. «Елбасы Жолдауының іске асырылуы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ары қарайғы әлеуетті дамуына әлеует береді», – дейді А.Мұқажанова.

Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облысын дамыту жоспарына сәйкес, бірінші кезекте Түркістандағы ежелгі Күлтөбе қалашығын қалыпқа келтіру жұмыстары жасалатынын атап өткен еді. Облыс әкімінің сөзінше, аймақта орта ғасырдағы құрылыс нысандары Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның резиденциялары сынды маңызды тарихи нысандар қайта өңдеуден өтетінін алға тартты. «Түркістанның тарихи-мәдени мұраларының сақталуына, аймақтың ары қарайғы әл-ауқатының жақсаруына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуына басым мән беріледі, әкімшілік іскер орталық құрылады» деді Ж.Түймебаев.

Еске салсақ, осы жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» ҚР Заңына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусы берілетіндігін, ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілетіндігі туралы қаулы етті.

 

Жомарт Симтиков: «Түркістан облысының құрылуы Елбасының ең іргелі саяси шешімі»

2018 жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған ең іргелі саяси шешімінің бірегейі – Түркістан облысының құрылуы. Аталған шешім Мемлекет басшысының «Қазақстан 2050» стратегиясы, «Мәңгілік ел», «Нұрлы жол», «Ұлт жоспары», «Қазақстандық арманға бастайтын жол», «Бес институционалдық жобаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» сынды бағдарламаларын ары қарай тереңдетіп, жүзеге асыруда әлеует болады, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков.

Қазақстан егемендігін алып, даму жолына түскелі бері бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталып, өзінің ХХ ғасырдағы тарихи атауына қайта ие болды, деген саясаттанушы жаһандық геосаясатта Қазақстан Түркістан облысын қайта құрғандығын, бұл өз кезегінде, барша түркі әлеміне үлкен қуаныш сыйлағандығын алға тартады.

– Түркістан облысының қайта құрылуы ақиқатында саяси маңызды шешім. Түркістанды қазақ халқының қаймағы бұзылмаған, жалпы, түркі әлемінің басын бір арнада тоғыстыратын орталықты жасақтап, оны өркениетті қалаға айналдыруы болашақта елді биік табыстарға жетелейтін стратегиялық жоспарлардың ең іргелісі. Атап өтерлігі, Түркістан облысының құрылуын барша түркі әлемі жылы қабылдады, аймақ қайта түлеп, тың тынысы  ашылды. Себебі Түркістан қаласының қайтадан жаңғыруы, өркениетке сай қаланың дамуы, қатар өмір сүріп отырған көршілес мемлекеттермен салтанаты келіскен қаланың пайда болуы үлкен әлеует беруде, – деп Ж.Симтиков ойын ортаға салды.

«Түркістан бұған дейін ежелгі өркениеттің сақшысы болған қала еді, енді екінші салынған елордасы іспеттес» деген саясаттанушы Түркістанның облысқа айналуы, ал Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусына ие болуы – ел дамуының алғышарты. «Президент Жарлықты жариялағаннан кейін аймаққа мемлекеттік сапар жасап, бастаманы өз бақылауына алды. Қазіргі уақытта аймақта саяси процестер де, әлеуметтік жағдайлар да өзгеру үстінде, мұндағы индустрияландыру жайының да үлкен саяси шешімі бар», – дейді саясаттанушы.

29 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізу барысында аймақтағы халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту, көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар, жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді Елбасы.

 

Бауыржан Исабеков: «Әуелі сана, сосын экономика»

TURKISTAN арнайы экономикалық аймағы мемлекет тарапынан болашақ инвесторларға жасалған қолайлы әрі оңтайлы бірден-бір қадам. Бұл туралы экономика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бауыржан Исабеков мәлімдеді.

Профессордың сөзінше, болашақта Қазақстан Түркістан облысына табыс табу көзі ретінде қарамағаны жөн, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуде мемлекет тарапынан бөлінген 1 триллион 300 миллиард теңге жұмсалса, онда инвесторлардың өңірге деген сенімі пайда болып, Turkistan экономикалық аймағы арқылы Түркістан облысына инвестициялардың көлемі еселеніп келуі ықтимал, – дейді профессор. Елдің бәсекеге қабілеттілігі турасында сөз қозғалғанда, аймақтың экономикалық ерекшелігі мен әлеуетіне басым мән берілуі қажет деп есептейді Б.Исабеков. – Түркістан облысы, әсіресе Түркістан қаласы бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы аймақ болып саналады. Ауыл шаруашылығы аймақтық өнімнің едәуір бөлігін құрайды. Сондықтан дифференциация, диверсификация және интеграция тетіктерін іске қосу керек. Атап өтсек, дифференциацияда яғни егін аумағының көлемін ұлғайта бермей, оның сапасына көңіл аударып, жаңа технологияларды қолдана отырып, аталған тетікті іске қосуға әбден болады. Кейіннен сол аймақ деңгейінде ғана тұйықталып қалмай, облыс аумағындағы Орталық Азиялық мемлекеттер Өзбекстан, Қырғызстан, Оңтүстік Азиядағы мемлекеттермен, Түркиямен бірлесе отырып, интеграциялық тетікті қолдану арқылы  өркениетке, жаңа технологияларға қол жеткізуге болады», – дейді профессор. Шымкент мемлекеттік маңызы бар қала статусын алғаннан кейін Түркістанның экономикалық әлеуетін көтеруге қатысты мәселеде философиялық көзқарас керек деген Б.Исабеков бұл тараптас мәселенің сонау Аристотель мен Платонның уағынан келе жатқан әңгіме екендігін алға тартады. «Ең бірінші, материалдық байлық па әлде рухани құндылық па деген сұраққа жауап керек. Сондықтан жиырма бес жылдан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің экономикалық құрылымына қарасақ, тоқсан бірінші жылғы көрсеткіштен төмен тұр. Бұрын ауыл шаруашылық үлесі он бір пайызға артқан болатын, жеңіл өнеркәсіп 7-8 пайызға, машина жасау кешені 3-4 пайызға өсті. Солардың бәрі қазір құрдымға кетті. Сол себептен, бірінші кезекте сана одан кейін экономикаға келуіміз керек. Яғни заң саласына, мемлекеттік басқару органдарына, соның ішінде прокуратура, сот жұмыстары жүйелі жүріп, жемқорлыққа жол берілмесе құба-құп. Бірінші кезекте сананы алға қойып, одан кейін экономиканы жүргізер болсақ, онда болашақта Түркістан өңірінің гүлденуінде үлкен эволюциялық жаңалық болады деуге негіз бар», – деп атап өтті Б.Исабеков.

 

Расул Жұмалы: «Түркістан деген қазақи атаудың идеологиялық мәні зор»

Осы жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойып, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілетінін жария етті. Ал облыс орталығы болса, «ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшірілетінін» мәлімдеген еді.

Мемлекет басшысының атаулы шешімінен кейін  өңірде тың тенденциялар жолға қойылды, Түркістан түлей бастады. Дамудың тың жолына бет бұрған қалаға жаңа тыныс берілді. Осы тұрғыда саясаттанушы, Расул Жұмалының пікірінше, әкімшілік орталықтың  Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру ырықсыздандыру тұрғысынан алғанда үлкен мәнге ие. Себебі жекелеген қалалардан кейбір мәртебелердің ығысуы бұл қаланың ары қарай дамуына кең мүмкіндік ашады.

Мәселен, бұған дейін Алматы ел астанасы болды, кейіннен бұл мәртебеден айырылып, облыс орталығы болды, содан кейін ғана республикалық маңызы бар қала лауазымын алды. Саясаттанушының пікірінше, осылайша Алматы өзінің дамуына жаңа мүмкіндік алды. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы деп өзгеруінің де мәні зор екенін Жұмалы мырза тілге тиек етті.

Түркістан деген киелі әрі қазақи атаудың идеологиялық әрі тарихи тұрғыда да мәні үстем екендігін алға тартқан саясаттанушы бұл үрдістің басқа өңірлерде де жалғасын табуы нұр үстіне нұр болатындығын атап өтті.  Екіншіден, қала облыс орталығы мәртебесіне ие болғаннан кейін оған шенділердің де тартылатынын атап өткен саясаттанушы бұдан кейін қаланың дамуына түрткі де пайда болатынын, қала бюджетінің де өсетінін атап өтті. «Қазіргі уақытта елде урбанизация процесі жүріп жатыр. Ауыл халқының қалаға көшуі түсінікті жайт. Бұл үрдіс жаһанда да жүріп жатыр. Бірақ бір өкініштісі, бізде осындай демографиялық, экономикалық орталықтар бірен-саран ғана», – деген саясаттанушы мұндай орталықтардың аз болуы мемлекеттің дамуына зиян келтіретінін айтады. Осы тұрғыда Р.Жұмалы елдегі шағын қалаларды тірілту, ары қарай дамыту қажеттігі туралы ұсыныс айтты. Себебі өмір, бизнес т.б салалардың тек республикалық маңызы бар қалаларда болуы мемлекеттің бірізді, тең дамуына үлкен нұқсан келтіретіндігі жайындағы өз көзқарасын білдірді. Бұл да – дамудың алғышарты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 29 қыркүйекте Түркістан облысына мемлекеттік сапармен барды. «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны өте бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – Қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і – ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы»,– деді Мемлекет басшысы.

 

Аяжан МӘДИБЕК

 

Пікірлер

пікір