Back

Жолдау Алматы облысының даму қарқынын үдетті

Қоғамға қозғау салған Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауы Алматы облысы жұртшылығының назарынан да тыс қалмады.

Облыс әкімі Амандық Баталов төрағалық еткен жиынға Алматы облысының барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Облыстағы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында А. Баталов осы салаға жауапты Алматы  облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовқа, құрылыс және білім басқармаларының басшыларына нақты тапсырма беріп, 11 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын  дайындауды жүктеді.

– Құжат дайындауды жылдамдату керек. Келер жылы біз үш ауысымда білім беретін мектептердің санын азайту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, республикадан қаржы бөліну үшін тезірек өткізілуі тиіс. Мәселен, қазір 15 мектептің құжаты дайындалып жатса, оған қосымша тағы 11 мектептің сметасын дайындауды тапсырамын. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда болады. 2019 жылдың бюджетінен жалпы 26 жаңа мектептің  құрылысына қаржы қарастыру үшін жылдам жұмыс істеуіміз керек, – деді А. Баталов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы облысында үш ауысымда білім беретін мектептер саны 34-ке жеткен. 2017 жылы 33 жаңа мектеп пайдалануға берілгенімен, өңірде үш ауысымды білім ошақтарының саны әлі де азаймай тұр. Амандық Баталов бұл жайтты облыстағы демографиялық өсіммен және ішкі миграциялық жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, Жетісу жерінде жылына 50 мыңнан  аса сәби дүниеге келіп жатыр.

Сондай-ақ, өңір басшысы Алматы облысында 100 мыңға жуық адамның жалақысы өсетінін атап өтіп, облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қаржы қажеттілігін анықтап, оны 2019 жылға арналған бюджетте қарастыруды тапсырды.

Облыс басшысының айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қысқа мерзімде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, сол жоспар басшылыққа алынатын болады.

– Елбасы Жолдауда Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Яғни, жалақы 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өседі. Бұл облыстың 100 мыңға жуық халқына тікелей қатысты, соның ішінде 41 мың бюджеттік ұйым қызметкерлеріне еңбекақы орта есеппен 35%-ке өседі, –  деді.

Бүгінгі таңда облыс ауыл шаруашылығы жалпы республикалық ұлттық өнімінің 17%-ын беріп отыр. Алматы облысының аумағында қант қызылшасы, жүгері және майлы дақылдар мен мал азығы бағытындағы өсімдіктерді өңдеуді және ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізуді іске қосылған. Атап айтсақ, мал шаруашылығының жыл сайынғы өсуі, қайта өңдеу деңгейі 33% -ға жетті, ал 2021 жылға қарай 68% -ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта облыста 1 миллиард теңгеден асатын 50 ірі жоба жүзеге асырылуда, оның 30-ы шетелдік инвесторлардың қатысуымен, оның ішінде 9-ы трансұлттық компания. Соның бірі «Маревен Фуд» зауыты. Ол жергілікті шикізаттан тамақ өнімдерін шығаруға арналған. 500 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін өндірістің жылдық көлемі 24 млрд. теңгені құрайды, оның 80% -ы «Made in Kazakhstan» брендімен экспортталатын болады.

Елімізде «7-20-25» бағдарламасы басталды, алайда бізді әлі күнге дейін сатып алушылардың толық пулы қалыптастырылмаған. Екінші деңгейлі банктер сомасы 849 млн.теңгеге 73 өтінім ғана қабылдаған, оның 53-і мақұлданып, 4 пәтер берілген. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлердің іске қосылуын ұлғайту қажет. Облыс әкімінің орынбасарлары Л. Тұрлашов пен А.Байжановқа тұрғын үй салу үшін жеке инвесторлар тарту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді облыс басшысы.

Оған қоса жиын барысында полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, медицина саласын цифрландыру, бюджеттік қызметкерлердің жалақысының өсуіне байланысты қажетті қаржыны 2019 жылдың бюджетінде қарастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен табиғи монополиялар қызметтері үшін тарифтердің белгіленуі мен жиналған қаржыны жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету, туризмді дамыту бойынша арнайы ұйым құру туралы ұсыныс енгізу, бір ай мерзімінде мемлекеттік аппаратта оңтайландыру жүргізіп, келесі жылдың басынан еңбекақы төлеудің жаңа моделін енгізу, облыс экономикасына инвесторлар тарту, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру мерзімінің 2025 жылға дейін ұзартылуына орай елді мекендердің перспективалық даму жоспарларын ескере отырып, қосымша инфрақұрылымдық жобалар тізбесін құру жүктелді. Сонымен қатар келесі жылдың Жастар жылы болып жариялануына және “Ауыл – Ел бесігі” арнайы жобасының іске қосылуына байланысты да міндеттер айқындалды.

 

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Алматы облысы.

 

Пікірлер

пікір