Back

Мал бордақылауда Сайрам ауданы шаруалары алда келеді

Түркістан облысының Сайрам ауданында ауыл шаруашылығының бір тармағы саналатын мал шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді.

«Еңбексіз береке жоқ, еңбекте мереке көп». Бүгінде Сайрам ауданының еңбеккерлері берекеден де, мерекеден де кенде емес. Өйткені, адал еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жатқан жағдайы бар. Аудан халқы негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Жер жыртып егін егеді, қорада мал байлайды. Шаруашылықтарын дамыту мақсатында микро қаржы ұйымдарынан төмендетілген пайызбен несие алып жатқандардың да дені Сайрам ауданының тұрғындары.

Саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен несиелік жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып келе жатқан сайрамдық шаруалар мал бордақылау мен сүт сауу аулаларын көптеп ашып, іске қосып жатыр.

Мәселен, жыл басынан бері ауданда 73 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау орны ашылған. Ал, аудандағы жалпы саны 913 мал бордақылау алаңында бір мезетте 32-33 мың бас мал бордақыланып жатыр.

Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Сайрам ауданында ірі қара мал басы 25,4 пайызға, жылқы 14,3 пайызға, қой мен ешкі 19,3 пайызға артқан. Олардан 2018 жылдың басынан бері тірі салмақта 15,895 мың тонна ет, 75 мың тонна сүт және 9,479 млн.дана жұмыртқа өндірілген.

Осылайша, ауданның даму концепциясында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2018 жылға жоспарланған 6 жобаның 4 жобасы іске асып отыр.

Тынымсыз еңбектің нәтижесі болса керек, 2017 жылы ауданның ауылшаруашылығы саласында 58,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспарындағы» 60-61 қадамында ет және сүт өнімдерін өндіру, оларды жаңа технологиялар негізінде қайта өңдеу көлемін арттыру айтылған. Ал, 2021 жылға қарай аудандағы қайта өңдеу кәсіпорындары өндірілген өнімдердің  өңдеу үлесін, мәселен, ет өңдеуді  21 пайызға, сүт өңдеуді 23 пайызға, көкөніс-жеміс өңдеуді  46 пайызға  жеткізу жоспарлап отыр.

 

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі