Back

Тарихи туризм – көне Түркістан мүмкіндіктері

Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. 2015 жылғы мамыр айында Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамның» практикалық жайттары қарастырылған болатын.

Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Сол нақты тапсырмалардың қатарында «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды тарту» қадамы бар. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында отандық туризм саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталған. Отандық туризм кластері Ұлт жоспары қадамынан тиісті орнын ала алады деген сөз. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі, Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы.  Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайып сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мың жылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ. 1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласынан бастамақпыз. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан», – деген болатын.  Бүгінгі Түркістан  – Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда), солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер.

Бүгінде Түркістан қаласы тұрғындарының саны 250 мыңға жетіп отыр. Түркістан қаласы – Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты – көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған.  Түркістан қаласы халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан. Теміржол, көлік жол қатынастары ретке келтірілген. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында да басты нысандар туристерге қызмет көрсете алады. Ойын-сауық орталығы, заманауи қонақүйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындары баршылық.

Шавғардан Түркістанға дейін

Түркістан қаласының тарихы 2 мың жылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала.

XІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынғаннан кейін түркі әлемінің діни орталығына айналды.

ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. БүгіндеТүркістан қаласындағы Қожа Ахмед Ясауи кесенесінде қазақ хандары жерленген. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Түркістан қаласының маңызы өте зор.  Қаланың тарихи туризм әлеуеті зор. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады. Тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық  «Шығыс моншалары», Жерасты мешіті, т.б. тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи мәдени орталықтар – туристерді өзіне шақыра алатын нысандар. Саяхат сапары Күлтөбе қаласынан бастау алады. Өйткені Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны.

Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылған. Бірақ саяхаттаушы туристерге ескі қала орны ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Сондай-ақ Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған.  Тағы бір қала орны  – ортағасырлық Түркістан қаласы. Бұл төңіректе ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға салынған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3 шақырымға жуық. Стратиграфиялық зерттеулер бойынша қала цитаделі моңғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVI ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған.

Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Ясауидің бейітінің үстінен салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыс нысанының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, қызықтыруда. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.

Есімхан кесенесі

Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған еді. Сол Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда бұл құрылыс XVII ғасырда салынған.  Рабия Сұлтан бегім кесенесі

Рабия Сұлтан бегім кесенесі жобасында төрт бұрышты. Ол ішкі сегіз қырлы және 4 төрт бұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі.

Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің  ханы Әбілқайырдың әйелі болған.

Қылует жерасты мешіті (XII-XIX ғасырлар).

Қылует жерасты мешіті Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан. Қылует жерасты мешітінің салынуы Ахмет Ясауи есімімен байланысты. XII-XIX ғасырлар аралығында салынған құрылысты XX ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзып, қыштарын зауыт салуға қолданған. Археологиялық-архитектуралық зерттеулермен 1941 жылы жасалынған макетке сүйене отырып, Қылует жерасты мешіті толығымен қалпына келтірілген.

Ортағасырлық монша (XVI ғасыр)

Ортағасырлық шығыс моншасы Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген, 1979 жылдан бастап оның негізінде Шығыс моншасы музейі ашылған.

Құмшықата жерасты мешіті (ХІІ ғасыр)

Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым жерде орналасқан. Жерасты мешіті сопыларлық діни-ғұрыптық құрылыстар қатарына жатады. Күйдірілген қышпен салынған.  ЮНЕСКО мойындаған қала  Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытындағы саяхаттың ендігі мақсаты музейлер мен мәдени орталықтарда жалғаспақ. Мұндай нысан қатарына алдымен осыдан бес жыл бұрын ашылған «Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығын» айтуымызға болады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталық тағылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер қоры туристерге көрсетіледі.

Түркістан тарихи музейі

Қаладағы ХІХ ғасырда әскери казарма болған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи музейге айналдырды. Түркістан тарихи музейінің экспозициясы 8 бөлімнен тұрады; Тас, қола және ерте темір ескерткіштері, түркі кезеңіндегі Түркістан оазисі, Шауғар қаласы, Яссы қаласы, Қожа Ахмет Ясауи – «Түркістан пірі»,  Ескі Түркістан қаласы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы.    Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады. Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.

 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ,  әлеуметтік ғылымдар магистрі

(Мақала «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында жазылды.)