Back

Жапондар Шудың мақсары майына неге қызықты?

Қазақстанның Safloria атты өсімдік майы Жапонияға экспортқа шығарылғанын естіген боларсыздар. 

Әуелде қайран қалдық. Қазақстанда өндірілетін өнімнің шетелге шығып жатқанын сирек еститініміз жасырын емес қой енді.

Kaz-Ir AGRO  Қазақстан тарихындағы Жапонияға мақсары майын жеткізетін алғашқы компания атаныпты. Білсек, бұл да оңайға соқпаған. Жапондар талғампаз ғой. Технология, тазалық талаптарын қатаң сақтайды.

Жапонияға май тасымалдамас бұрын Kaz-Ir AGRO алты ай бойына сапаны растауға, мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкестікке жүргізілген зертханалық талдаулар бойынша мұқият тексеруден өтіпті. Келісімшартқа күні кеше қол қойылған.

Kaz-Ir AGRO қайда орналасқан? Көзбен көргіміз келді бұл зауытты.

 

Президент не деп еді? 

Бір сөзінде Президент индустриялық-инновациялық жобалардың қалаларда емес, шалғай аудан-ауылдарда орын тепкені жөн екенін айтқан.

Мұнысы дұрыс та. Ауыл тұрғындарына жұмыс табылады өйткені. Ауылдағы жұрт жұмыспен қамтылады, жалақысын айырады. Жанұясын асырайды.

Жапонияға май экспорттайтын Kaz-Ir AGRO   –  Шу ауданында орналасыпты. Бардық. Көрдік.

Осы Шудың Бірлік атты ауылында 60 адамды жұмыспен қамтып отыр бұл зауыт. Осыдан шамамен 12 жыл бұрын құрылыпты.

Kaz Ir AGRO компаниясы Бірліктегі 5 мың гектар жерге мақсары өсіріп, соның майын сығып алады.

Компанияның қаржы директоры Абұлфазыл Алинагиян күтіп алды бізді. Ұлты парсы екен.

– Бұл Қазақстан мен Иранның бірігіп жасаған жобасы ғой. Мұнда келгеніме көп болған жоқ. Мамандығым қаржыгер. Бірақ ауыл шаруашылығын бес саусағымдай білем. Осы саланың қазанында қайнап жүргеніме біраз уақыт болды, – деді ол.

Айтуынша, осы Бірлікте өндірілетін мақсары майы біраз елде мүлде өспейді екен. Мақсарының өсіп-өнуіне Қазақстанның оңтүстік өңірлері аса қолайлы.

Одан бұрын бұл май тағамды талғап жейтін Жапония, АҚШ, Чехия, Бельгия сияқты дамыған елдерде жоғары бағаланады. Бағасы да сапасына сай. Айталық, Жапониядағы мақсары майының құны біздегіден он есе қымбат.

 

Мақсары майы дегеніміз не?

Шыны керек, қандай, нендей май екенін білмеппіз алғашқыда. Күнделікті өмірде көп қолданбайтындықтан бастапқыда атауы да таңсық естілді.

– Иә, рас, Қазақстанда бұл өнімге сұраныс аздау. Күнделікті өмірде күнбағыс майын пайдаланады жергілікті жұрт. Мақсарының ел ішінідегі жарнамасы кемшін болып тұр. Артықшылықтарын аз айтып жүрміз, – дейді осындағы цех басшысы Зарина Мирошникова (суретте).

Пайдасы бес елі екен сөйтсек. Әлемнің дамыған елдері іздеп жүріп алдыртады екен.

– Сіз оның қандай қасиеті барын білесіз бе? Жапондар бұл майға неге қызығып жүр? – деп сұрадық біз.

– Мақсары ма? Бұл да майлы дақыл. Сырт көзге кәдімгі күнбағыс майынан айырмашылығы болмағанмен жоғары температурада қыздырған сәтте де өз құндылықтарын сақтап қалатын қасиеті бар.

Тағы бір ерекшелігі – холестерині төмен.

Дәрігерлердің өзі емдік мақсатта қолдануға ұсынатын майлы дақылдың бірі. Жиі тұтынған жағдайда жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, жоғары қан қысымы, атеросклероз сынды түрлі дертпен күресуге септеседі.

– Жапондар мұны жақсы біледі ғой, демек?..

– Әрине. Мақсарының құрамында Е дәрумені өте көп. Содан да шығар адамның қан айналымын жақсартып, тұтас иммундық жүйені нығайтып, ағзадағы аурудың асқынып кетуін тежейді.

Тіпті кей кездері жүрек ауруларына шалдыққан адамдарға тек мақсары майын ғана қолдануға кеңес береді.

– Біз білсек жапондар бұл майды басқа салаларда да қолданатын сияқты?

– Бұл рас. Қолдану аясы кең өйткені. Сусабын да жасайды бұл майдан. Крем де әзірлейді. Әсіресе, шаш өсіруге, тері күтіміне де таптырмайды. Косметикалық мақсатта молынан қолданады, – деді бізге Зарина Мирошникова.

Айтпақшы, іздене келе тапқанымыз: мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындалады екен, ал Түркияда түрлі сабындар шығарады. Болашақта бізге де осы көшке ілесу қажет шығар.

 

Тағы бір ерекшелігі

Ілгеріде айттық кәсіпорынның қабырғасы 12 жыл бұрын қаланыпты. Қазір мұнда 60-қа жуық адам еңбек етуде.  Бұлардың басым бөлігі Бірлік ауылының тұрғындары.

Зауыт басшысы, парсы кәсіпкері Хамидреза Алинагиянның айтуынша, мақсары майын өсіруге Шу өңірінің таңдалып алынуы тегін емес.

– Мақсары күй талғайтын дақыл. Кез келген жерде өсіп, өне бермейтін әдеті бар. Содан да шығар әлемде бұл дақылды өсірумен айналысатын елдер санаулы ғана. Мақсарыны өсіру үшін Шудың табиғаты аса қолайлы. Тіпті бұл майдың ең сапалы түрі осы арада өндіріледі десем артық болмас, – дейді ол.

Біздіңше, бұған табиғат қана емес, жаңа технологиялар да септесу керек. Оны да көзбен көрдік.

Мақсары салқындай сығылады екен. Ал бұған қажетті құрал-жабдықты Германиядан алдыртыпты. Барлығы автоматтандырылған.

Осындағы жұмысшылармен де тілдесіп үлгердік. Соның бірі Жамбыл Сағынбеков былай деді бізге:

– Өзіңіз де көрдіңіз. Мұндағы жүйенің дерлігі автоматтандырылған. Ту сыртымда амофильтр деген фильтр тұр (суретте). Сол фильтрде 1 сағат бойы  сұрыпталады. Бұл – бірінші тазарту. Екінші тазартуға 1 жарым сағат уақыт жұмсалады. Тек содан кейін барып тағы да екі шағын фильтрдің елегінен өтіп, құю жүйесіне барады.

Бұл майдың тағы бір ерекшелігі туралы айтайын. Бұл майды өте төменгі температурада сығу технологиясын қолдана отырып аламыз.  Осының арқасында мақсарының құрамындағы пайдалы заттар, дәрумендер жойылмайды, – дейді ол.

KAZ-IR AGRO -ның қолдаушысы кім?

Қазір зауыт айына 130 мың литрден асып жығылатын май өндіруде.  Май өңдейтін цехты, дақыл сақтайтын қойманы қоса алғанда зауыт аумағы 8 гектар жерді алып жатыр.

Бұл майға «құда түсіп» отырған жалғыз Жапония емес, негізінде.  Бельгия, Голландия, Ресей, Қытай (тапсырыстың үлкені осы елден түседі), Иран, алыстағы АҚШ – Kaz Ir Agro компаниясының тұрақты тұтынушылары екен.

Айтпақшы, 2006 жылы іске қосылған бұл жобаның құны 5,7 млн долларды құрапты.

«Зауытқа парсылардың қандай қатысы бар?» десеңіз бұған Иран кәсіпкерлері инвестиция құйған.

«Алғашқы алты жыл ауыр болды. 2012 жылдан бері тамырына қан жүгірді зауыттың. Тәулігіне 4 мың литрге жуық мақсары майын өндіріп жатқан жайымыз бар. Осы жылдың басында 400 тонна мақсары майын экспорттадық.

Қазіргі таңда  KazakhExport компаниясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз.

Олар сенімді компания, біздің жобаны кепілдендіріп, 200 жүз миллион теңгеге сақтандыру қорғанысын берді және өнімді шетелдік клиенттерге сатуға көмектесіп жатыр», – дейді ол.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ