Back

«Қызыл директор» еңбегімді қалай жеді?

Еліміз тәуелсіздікке ие болып, жеке ел болғанына 25 жылдан асса да арамызда Кеңестік жүйені аңсайтындар бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Сонда олар Кеңес өкіметін нендей мақсатпен еске алады? Егер ол мінсіз жүйе болса, неге орта жолда омақаса құлады?

 

Өзін-өзі тауысқан жүйе

Біздіңше, кеңестік жүйені сырттан жау келіп құлатқан жоқ. Бұл жүйе өзін-өзі жегідей жеп, тауысқаннан кейін жер бетінен жойылды.

Одақтың омақаса құлағаны үшін Горбачёвті кінәлаудың түк те қажеті жоқ. Өйткені кеңестік жүйе өзімен қоймай, қарапайым халықты деградацияға ұшыратып, миллиондаған халықты ұлттық тамырынан айырды.

Ал адами құндылықтарды аяқасты еткен жүйенің өсіп, өркендегенін адамзат тарихында ешкім көрген де, естіген де емес.

 

Кеңестік жүйені аңсамаймын!

Таяуда Созақ ауданында тұратын Әлтай құдамыз қыдырып келіп, біраз әңгімелестік. Құдамыз Кеңес заманында ат жалын тартып, еңбек еткен адам. Ауыл шаруашылығы техникаларының тілін жетік білетін, білікті механизатор болған. Кеңестік жүйені бір мақтаса, осы кісі мақтайтын шығар деп ойлағам.

– Құдеке, қазіргі заманның қиыншылығы қос өкпеден қысқанда арамызда Кеңес өкіметін аңсайтындар бой көрсетіп жатады. Саналы ғұмырыңыз Кеңес заманында өтті ғой. Сол бір жүйені сіз де аңсамайсыз ба?

– Жоқ, аңсамаймын. Тіпте есіме де алғым келмейді. Кеңестік жүйені аңсайтындай қызыл директор болмаса партия қызметкері болған емеспін. Ондай болуға ұмтылмадым да. Қарапайым механизатор болып, қоңыртөбел тіршілігімді күйттедім.

Иә, Кеңес өкіметі кезінде аштан қалдырмайтын. Қазіргі заманмен салыстырғанда бар артықшылығы сол болған шығар. Қазір де ешкім аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ қой. Қазір еңбек еткен адам түбі еңбегінің зейнетін көретін заман туды. Біраз қиыншылықтар бар… Оны жеңе білу керек.

Бүгінде еңбек еткен адамның жолына ешкім кесе-көлденең тұрмайды.

Ал Кеңес заманында қанша еңбектенсең де, бар мәселені тамыр-таныстық шешетін. Егер таза еңбекпен ұшпаққа шыққан адам болса, мен болуым керек еді. Бірақ ауылдың атқамінерлері туған-туыстарын, таныстарын жоғарылатып, атақты да, сыйлықты да өзара бөлісті, – деді Әлтай құдам.

– Құда бала, қызық әңгіменің шетін шығардың. Мен саған бір оқиғаны әңгімелеп берейін. Менің басымдағы жағдай Кеңес заманындағы талай еңбек адамының басынан өтті десең болады. Содан кейін кеңес заманын қимастықпен еске алудың қаншалықты қауіпті екенін өзің таразылап аларсың, – деп құдам әңгімесін бастады.

 

«Қызыл директор» еңбегімді қалай жеді?

Бір жылдары, яғни кеңес заманында біздің Созақ ауданы жоғарыдағылардың нұсқауы бойынша егін шаруашылығымен айналыстық. Өзің білесің, біздің аудан егіншіліктен гөрі мал шаруашылығына қолайлы. Егін салатын жерлер өте аз.

Бірақ жоғарыдан келген нұсқауды орындау – міндет. Содан қосымша жерлерді игеру үшін Қаратаудың етегінен су қоймасы да салынды. Сол су қоймасындағы суды су сорғымен егінжайларға бірқалыпты жіберіп тұру үшін техниканың тілін білетін бір адам керек болды.

Содан совхоз директоры иі жұмсақ маған: «Сен сол су сорғының басында бол, етектегі егінжайға суды бір қалыппен жіберіп тұруды саған тапсырамын. Бір жылдан кейін басқа біреуге жүктерміз. Әзірше осыған өзің жауаптысың» деді.

Айдалада, шыжыған күннің астында айдалада күніұзақ насостың жанында отыру кімге ұнасын, бастапқыда бұл жұмысқа барғым келмейтінін айтқаныммен директорымыз қоймады.

Айлығы да мардымсыз. Бар болғаны 60 сом.

Одан да тракторымды айдап, ақша тапқан артық. Өйткені үйде шиттей бес бала маған қарап отыр. Ол кезде директорға қарсы келе беруге де болмайды. Содан амалсыз көндім.

Осылайша, бір жазымыз ми қайнатар ен далада өтті. Күннен қорған болатындай бір кепелек те салып бермеді, шіркіндер.

Келесі жылы директорымыз су сорғының басына тағы да менің барытынымды айтқанда, талағым тарс айырыла жаздады.

Ешқандай жағдай жасалмаған жерде тағы да бір жазды өткізу мен үшін қиын еді. Директордың өткен жылы «бір жыл істесең болды» деген уәдесін есіне салып едім, сөзімді жүре тыңдады. «Айлықты көтеріңіз» деген сөзіме де құлақ асқан жоқ.

Содан екінші жылы амалсыз су сорғының басына тағы да бардым. Су сорғыдан суды көп жіберсең, арындаған су арық-атызды талқандап кететінін білемін. Содан суды қаттырақ жібердім.

Біраздан кейін арындаған су арық-атызды жырып кеткені жайындағы хабар да жетті. Мұндай кезде суды қалыпты жібере бастаймын. Осылайша, менің ойыма, жағдайыма назар аудармаған басшыларға «мінез» көрсеткім келді.

Біраз уақыттан кейін директор келіп, ұрысты. Бірақ директор келгенде су сорғыдан суды қалыпты жағдайда жіберіп, түк білмегендей бола қаламын.

Бұдан кейін директор менің жұмысымды сыртымнан бақылайтын тағы бір адамға 60 сом айлық белгілеп, жұмысқа алды.

Арада бір-екі күн өткеннен кейін бақылаушы аптап ыстыққа шыдамай, «Сені бақылап, күнге күйіп өлетін болдым. Менсіз-ақ жұмысыңды мінсіз атқарып жатырсың ғой. Саған бақылау жасаудың қажеті жоқ» деп ауылға қайтып кетті.

Бұл аралықта мен де суды қаттырақ жіберіп, уәдесінде тұрмайтын директорға біраз татыдым. Осылайша, жаз бойы бастықпен арпалысып шығуға тура келді.

Менің бұл әрекетім біреулер үшін қысастық та болып көрінуі мүмкін. Бірақ Кеңес заманында «қызыл директорлар» адамның еңбегін мүлде бағаламады. Жұртты құлша жұмсады.

Біздің қоғамға кісінің ақысын жеу, пара алу, жарамсақтық сияқты жағымсыз дүниелер бізге дәл осы кеңес заманында сіңді. Бұл дерттен әлі күнге дейін айыға алмай келеміз.

Кейіннен бұл оқиға ұмыт болды. Еліміз тәуелсіздігін алып, «қызыл директорлардың» басынан бақ тайды.

Арада біраз жыл өткеннен кейін зейнетке шығу үшін құжат жинап, Созақ ауданындағы мұрағаттарды аударып-төңкеріп құжаттарды жинастыруға тура келді.

Мұрағаттағы құжаттарды қараған, сол су сорғының басында өткен екі жылыма қатысты құжат шыға келмесі бар ма? Әлгі құжаттарды парақтап қарағанымда, сол кезде совхоз директоры су сорғыны бақылайтын механиктің айлығын 360 сом деп белгілегенін көргенде таңғалдым.

Бұдан кейін құжаттарды мұқият қарап шыққанымда директордың 300 сомды өз әйеліне жазып қойып, менің ақымды армансыз жегеніне көз жеткіздім.

Сол кезде су сорғыны қарайтын адамның 60 сом айлық алуы мүмкін емес екенін білген едім. Сондықтан директорға табанды түрде қарсылық көрсеттім. Егер сол кезде маған 120 сом төлесе, ың-шыңсыз жұмыс істеуші едім.

Мен амалсыз әділдік іздедім. Бұдан кейін де дәл осыған ұқсас әділетсіз жайттарға куә болдым.

 

Қағаз жүзінде 100 саулықтан 180 қозы алдық…

Кейіннен Кеңестік жүйе адам еңбегін мүлде бағаламағанын түсіндім. Әділетсіздікпен күресіп, «бәлеқор» деген атқа да қалдым. Сол себепті қызыл директорлар мен партократтар билік құрған Кеңестік жүйені суқаным сүймейді.

Кейіннен директорымыз «Әй, Әлтай саған талай рет обал жасадық. Кім ойлады дейсің, Кеңес өкіметі бір күнде жоқ болатынын» деп бірнеше рет айтты. Сол кезде баяғыда еңбегімді жегенін бетіне басып айтқым да келді. Бірақ сабырлық сақтап ләм-мим деп жақ ашпадым.

Кеңес заманында еңбектің, уақыттың қадірі болмады. Жалаң ұран, болмашы жұмыстармен күніміз өтті. Даму болған жоқ.

Жаратылыстың заңдылығын бұзып, қағаз жүзінде 100 саулықтан 180 қозы алған шопандарды да сол кезде көрдік. Осындай асыра сілтеулер, түймедейді түйедей етіп көрсету Кеңес өкіметінің түбіне жетті. Ең сорақысы, адам еңбегінің қадірі болмады.

Өз басым Кеңес өкіметін қимастықпен еске алатындай қандай да бір адами құндылықты көрмедім.

Иә, ол кезде адамды аштан қалдырмайтын. Бұл – дамыған қоғам үшін артықшылық па? Айтуға тұрмайтын жайт қой. Мүмкін жалқау адам үшін айтарлықтай дүние шығар. Бірақ еңбекқор, үнемі ізденіп, жақсылыққа ұмтылған адам үшін бұл артықшылық емес.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист.