Back

Алакөл тазалығы басты назарда

Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Сондықтан судың тазалығын сақтау өте маңызды.

Туристік маусым басталғаннан бері Алакөл көліне миллионнан астам адам келеді, бұл сан күн сайын артып келеді. Бүгінгі таңда көлдің жағалауындағы тазалық пен тәртіп басты назарға алынған.

– Өткен жылы Алакөлге 750 мың турист келген. Ал биыл қызығушылардың саны 1 млн. 33 мыңнан асты. Тәртіп сақшылары солардың 50-іне тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет  тастағаны үшін хаттама толтырған. Олардың 12-іне айыппұл салынса, біреуі бес күндік қамауға алынды. Қалған 38-і аббаттандыру бойынша ескерту алған, – дейді Ырғайты ауылдық огругінің учаскелік инспекторы Ерік Серікұлы.

Алакөл ауданындағы Ақши мен Көктұма ауылдарына қарасты жағажайдың ұзындығы 15 шақырым. Биыл жаз маусымы кеш басталғанына қарамастан  осы аймақтағы санитарлық тазалық жұмыстарымен «Алакөл тазалық» қызметкерлері жұмыстарын 10-шы маусымда бастап кеткен. Өйткені көлге келетін тұрақты қонақтар үшін барлық жағдай жасау маңызды. Сондықтан коммуналдық қызметкерлер көл  жағалауында халыққа қызмет көрсету мақсатында  тынымсыз жұмыс істейді. Жалпы жағажайда 40 шақты тұрмыстық қалдық жинайтын жәшік орнатылған. Олардан әр күн сайын 2 мың  тоннадан астам қоқыс шығарылады. Көл жағалауында 10 адам және  5 техника жұмыс атқаруда.

Жағалаудағы өзекті мәселелер келесі жылы толықтай өз шешімін таппақ. 2019-2020 жылдар аралығында Ақши ауылында және көл жағасында кәріз жүйелері тартылады. Сондай-ақ, «Алакөл тазалық» коммуналдық кәсіпорынының филиалын ашу көзделіп отыр. Ол үшін бюджеттен 390 млн қаржы қарастырылған. Қаржыға 9 арнайы техника сатып алынады.Сонымен қатар қоқыс жәшіктерін 250-ге жеткізу көзделіп отыр.

 

Балжан Жұманбекова