Back

Түркістан облысы оқушылары –жеңімпаз!

Жуырда Қызылорда қаласында ҚР мектеп және колледж оқушылары арасындағы IX жазғы спартакиадасының жабылу салтанаты өтті.

Дүбірлі сынды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған болатын. Төрт айдан астам уақытқа созылған сында Түркістан облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

Түркістанның талантты өрендері 20 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Екінші орынды Алматы қаласының спортшылары жеңіп алса, үздік үштікті Қызылорда құрамасы түйіндеді. Жеңімпаз командаға кубокты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық ғылыми – практикалық дене тәрбиесі орталығының» директоры Садық Мұстафаев тапсырып, жаңадан құрылған Түркістан облысының бұл жетістігін тарихи жеңіс деп бағалады.

Спортшыларды спартакиадаға облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық пен денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп дайындады. Білікті бапкерлердің еңбегі еш кетпей, түркістандық жастар республикада теңдессіз екендерін дәлелдеді. Екі жылда бір келетін спартакиадада топ жарған спортшылар енді халықаралық сайыстарға дайындалады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі