Back

Астанада тұрмыстық қалдықтарды жинайтын түрлі контейнерлер орнатыла бастады

Қыркүйек айының соңына дейін Астанада сары түсті 6 мыңнан астам контейнер орнатылатын болады. Қала тұрғындары бұл жәшіктерге пластик, металл, қағаз қалдықтар мен ұсақ электронды техниканы тастай алады.

Бүгін «құрғақ» қалдықтарға арналған 19 сары контейнер «Есіл» ауданында орналасқан төрт тұрғын үй кешенінде орналастырылды. Шілдеде 45 аулада осындай 200 жәшік қойылады деп жоспарлануда. Жалпыл алғанда, қалада сары түсті 6 276 контейнер пайда болады деп күтілуде.

– Біз қоқысты бөліп жинаудың ең қарапайым жүйесін таңдап алдық. Қайта пайдаланылатын шикізат сары контейнерге түскеннен кейін қалдықтарды өңдейтін зауытқа жеткізілетіледі. Қанатқақты жоба өңдеу тереңдігін 25%-ға жеткізуге мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Айнұр Сұлтанғұлова.

Жоба ауа ластауыштарының мөлшерін, қалдықтар жеткізілетін полигондар санын азайтып, табиғи ресурстарды сақтауға, оларды үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталмыш жобаны қала әкімдігі «Оператор РОП» ЖШС-мен бірлесіп іске асырып жатыр. Сары контейнерлерді Қазақстанда жасалған мамандандырылған жаңа техниканың 25 бірлігі босатып тұрады.

–  Қағаз қалдықтарынан картон қораптарды, гигиеналық бұйымдарды жасауға болады. Шыны болса, түрлі құтыларды, пластик, металл шелектерді, легендерді жасау үшін қайта қолдануға жарамды, – деп түсіндірді «Оператор РОП» ЖШС-нің басқарушы директоры Сергей Юрча.

Оның айтуына қарағанда, жыл сайын Астанада қатты тұрмыстық қалдықтардың 300 мыңнан астам тоннасы қалыптасады екен. Бұл, шамамен, тәулігіне 1000 тонна. Қалдықтардың аталмыш көлемінің 45% – қайта қолданылып, өңдеуге жарамды шикізат.

Пікірлер

пікір