Cоңғы жаңалықтар
Back

Ермекбаев неге келді?

Қоңыр күз жақындағанда билік басында ауыс-түйістердің орын алуы біз үшін заңды құбылысқа айналды. Бірақ жаздың соңғы айында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жанұзақовтың орнына дипломат, қауіпсіздік саласының маманы Нұрлан Ермекбаевтың тағайындалуы жұртты елең еткізгені анық.    

Күні кеше ғана Қазақстанның дін саласында қордаланған мәселелерін шешуге бағытталған арнайы заң қабылдап, жауапты министрлікті құруға мұрындық болған Ермекбаевтың бұрынғы жұмыс орны – Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінен Қорғаныс министрлігіне ауысып келуінде қандай сыр бар? Осы мәселені сараптасақ. 

 

Үш экс-премьердің Қорғаныс министрі болуы…

Тоқсаныншы жылдары еліміздің Қорғаныс министрлігін Сағадат Нұрмағамбетов, Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев сынды таза әскери мамандар басқарды. Сол кезде билік ел ішіндегі экономикалық қиындықтарды  шешу кезінде Қорғаныс министрлігіне саяси реңк беріп, салмағын арттыруға мүмкіндігі болмады. Осы аралықта әскери жойғыш ұшақтардың дауы қорғаныс саласына жүйелі өзгерістердің керек екенін көрсетіп бергендей болған еді.

Өзгеріс көп күттірген жоқ. Даниал Ахметов пен Иманғали Тасмағамбетов сынды азаматтардың Қорғаныс министрі болып тағайындалуы, ресми Ақорданың әскери салаға баса көңіл бөліп, бұл саланың саяси салмағын арттырудың басы болды.

Қазақстанда саясат сахнасында өзіндік орны бар фигура қандай да бір ведомствоны басқарса, сол саланың жылдар бойы жинақталған мәселелері шешімін тауып, етек-жеңі жиналып қалатыны белгілі.

Айталық, кезінде Мұхтар Алтынбаев пен Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрі болған сәтте еліміздегі әскерилердің әлеуметтік жағдайы, баспана мәселесі қоғамдық ортада жиі сөз болушы еді.

Ал Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып қызметке кіріскеннен кейін сарбаздардың әлеуметтік жағдайы біртіндеп шешіліп, әскери қызметте жүріп баспаналы болудың жүйесі қалыптасты.

Осылайша, Қорғаныс саласының әлеуметтік мәселелерін шешуде азаматтық саяси тұлғаның мүмкіндігін пайдалану өзін ақтаған тәжірибе болды десек болады.

Жалпы, Даниал Ахметов пен Иманғали Тасмағамбетовтен кейін Серік Ахметов те еліміздің қорғаныс саласын тізгіндеді. Үкімет басқарған үш премьердің Қорғаныс министрі болып тағайындалып, саяси мансабын жалғастыруы «Қорғаныс министрі» лауазымының саяси салмағын өсіре түскені сөзсіз.

Ал кәсіби әскери маман Сәкен Жанұзақовтың Қорғаныс министрі болған жылдары әскери сала біршама босаңсыды. Бұған экс-министр Серік Ахметовтің жемқорлық бойынша істі болуы да қорғаныс саласына өз салқынын тигізгені жасырын емес.

Сонымен қатар дәл осы Сәкен Жанұзақовтың кезінде ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылуы Қорғаныс министрлігінің бәсін біршама төмендетті десек болады.

Өйткені еліміздегі Қорғаныс саласына қарайтын кәсіпорындардың біразы аталған министрліктің құрамына өтіп, әскерилер таза өз шаруасымен қалған болатын.

Жалпы, Елбасының Қорғаныс министрлігінің біраз міндетін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне еншілеп беруінде, Қорғаныс министрлігіндегі бірқатар жемқорлық әрекеттердің орын алуы себепші болуы мүмкін.

Бұдан басқа, әлемге ғарыш айлағы бар ел ретінде танылған Қазақстанның ғарыш саласына қатысты істердің бас-аяғын жинақтап, жеке ведомство етіп құру да маңызы зор іс болғаны белгілі.

 

Ермекбаев не істеді?

Ендігі Қорғаныс министрлігінде дипломат Нұрлан Ермекбаев атқаратын нендей іс қалды деген заңды сұрақ туындайды.

Біздің білуімізше, Нұрлан Ермекбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баптап, әр саладағы өзекті мәселелерді реттеуге дайындаған «дағдарыстық менеджерлерінің» бірі екені белгілі.

Біздің бұлай ойлауымызға күні кеше ғана Ермекбаевтың бұрынғы Азаматтық қоғам дін істері жөніндегі министрлікті басқарып, аз ғана уақыттың ішінде ел ушыққан діни мәселелерді өз арнасына түсіргенінен анық байқауға болады.

Иә, ел ішінде шиыршық атқан діни мәселені реттеу ісі Ермекбаев үшін оңайға түскен жоқ.

Бұл ретте оның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, дін саласында қордаланған біраз дүниелерді құқықтық арнаға түсіргенін бағалауға болады.

Қазақтілді қауым қызу талқылаған заңды дайындауда Ермекбаев қарапайым халықпен, соның ішінде қазақтілді қауыммен тікелей жұмыс істеп, маңызды іс-тәжірибе жинады.

 

Президент не деді?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ермекбаевты ҚР Қорғаныс министрі етіп тағайындағанда әлемдегі геосаяси жағдайларды басты назарда ұстағанын алға тартты.

Өз кезегінде  Президент: «Соңғы жылдары Қарулы Күштерді дамыту ісінде көптеген жұмыстар  атқарылды. Бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, ҚР Әскери доктринасы, Қарулы Күштерді дамыту тұжырымдамасы және қорғаныс саласына қатысты нормативтік құқықтық актілер бар» деп атап көрсетті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев су жаңа Қорғаныс министрінің кезінде Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде елші, министр және Қауіпсіздік кеңесінде екі мәрте хатшы болып, саясат сахнасында әбден сүрленген білікті маман екенін де айтты.

 

Не күтіп тұр?

Қазіргі дамыған заманда Қарулы Күштерді әскери мамандардың басқаруы шарт емес. Қайта геосаяси жағдайларды жетік білетін тұлғалардың қорғаныс саласын тізгіндеуі түрлі сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретіні белгілі.

Осы тұрғыдан алып қарасақ, Ермекбаевтың Қорғаныс министрі болып тағайындалуында саяси-логикалық негіз бар. Қытай, ағылшын тілін жетік білетін жаңа министр қауіпсіздік және дипломатия саласындағы мол іс-тәжірибесін пайдаланып, Қазақстанның қорғаныстық қабілетін нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауы керек.

Оның үстіне, іргедегі көршіміз Ресейдің Сириядағы әскери іс-қимылы, сонымен қатар Қырымды аннексиялап алуы, Донбасс пен Луганскідегі бүлікшілердің қолтығына су бүркуі Қазақстанның етек-жеңін жиып отыруына негіз болғаны сөзсіз.

Біздіңше, Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі қызметінде маңызды үш мәселенің төңірегінде жұмыс істеуі мүмкін. Бірінші кезекте, ол ресми Астананың Сириядағы дағдарысты бейбіт жолымен шешуге барынша атсалысатыны анық.

Есіңізде болса, Ресей билігі Башар Асад режимін сақтап қалуға бел буып, білек сыбана кіріскенде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына мүше елдері арасында бітімгершілік күштерін құрып, Сириядағы әскери конфронтацияға таруға ұмтылды.

Ал Қазақстан үшін Сириядағы әскери қақтығысқа араласудың түкке де қажеті жоқ. Сондықтан Қазақстан билігі қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңызын түсініп,  Астанада бір-бірімен дүрдараз топтардың басын қосып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымның толыққанды мүшесі ретінде өз міндетіне адалдық танытты.

Мұндай жағдайда Владимир Путин байырғы одақтасы Қазақстанды бұл істі реттеуде сырт қалды деп айыптай алмайтыны анық.

Біздіңше, алдағы уақытта Ермекбаев осы позицияны мықтап ұстанып, ресми Астананың өзіндік ұстанымын алға жылжытуға күш салатыны айтпаса да түсінікті.

Ермекбаевқа «ермек» болатын екінші мәселе – Қазақстан мен АҚШ арасындағы транзиттік мәселе.

Естеріңізге саламыз, үстіміздегі жылдың сәуір айында Парламент Ауғанстандағы жағдайды бірқалыпқа келтіру ісі бойынша, АҚШ-тың қатысуымен Қазақстан аумағынан коммерциялық транзит арнайы жүгін қамтамасыз ету бойынша заң жобасын мақұлдағанда, Ресейдің Владимир Соловьев бастаған пропагандистері АҚШ Каспий жағалауында әскери база құрады-мыс деп жоқ жерден дау көтергенде, ҚР Сыртқы істер министрлігі Соловьевтің бұлайша алаңдауына ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Алдағы уақытта дәл осындай мәселе туындағанда Нұрлан Ермекбаев аймақтағы саяси жағдайды ушықтырмай, тиянақты жауап қайтаруға әрқашан дайын болуы керек. Үшіншіден, Нұрлан Ермекбаев Қытай, Ресей және Орталық Азиядағы қоңсылас елдермен қорғаныс саласы бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салатыны анық.

Нұрлан ЖҰМАХАН