Back

Түркістан мен Астана кәсіпкерлері тәжірибе алмасты

Бүгін Түркістан қаласында «Астана қаласы – Түркістан облыстарының өңіраралық ынтымақтастығы» тақырыбында іскерлік кездесу өтті.

Елорданың 20 жылдығына орай, «Қазақстанның өңірлеріндегі Астананың күндері» шеңбері аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – Түркістан облысының бизнес-қоғамдастығы мен өңірлік даму институттарымен тәжірибе алмасу болып табылады. Сонымен бірге, жергілікті кәсіпкерлердің Астана қаласының инвестициялық мүмкіндіктерімен, туристік әлеуетімен, табысты жүзеге асырылып жатқан шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі өңірлік бағдарламаларымен танысу да бүгінгі басқосудың негізгі міндеттерінің бірі болды.

Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бекмұрзаев бастаған ресми делегацияның бұл сапарына сәтті қадам тілеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков бизнес форумның маңыздылығын атап өтіп, түркістандық кәсіпкерлердің арқадағы бизнесмендермен өзара бірлесе жұмыс істеуге қашан да дайындығын жеткізді.

– Түркістан облысының бизнес қоғамдастығы Астана қаласындағы әріптестерімен ой бөлісіп, тәжірбие алмасқалы отыр. Өйткені Астана қаласы 20 жылдық қысқа уақыт ішінде құлпырып, гүлденді. Түркістан облысы да жаңа статусқа ие болды. Елбасының тапсырмасы негізінде біз де қысқа уақыт ішінде Түркістан қаласының бүкіл түркі халқының тарихи-мәдени орталығына айналатынына сенімдіміз. Сондықтан барлықтарыңызды жиынға белсенді атсалысып, ой-пікірлеріңізді еркін білдіріп отыруға шақырамын, – деді ол.

Одан соң сөз алған Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Бекмұрзаев бүгінде Түркістан облысында Астана қаласының күндері өтіп жатқанына тоқталды. Атаулы күндердің ойдағыдай өтуін ерекше назарда ұстап отырған облыс басшылығына алғысын білдірген ол бизнес-форумда Астана қаласының 20 жылда жеткен жетістіктері, кәсіпкерлік, инвестициялық -инновациялық және туризм жайын жан-жақты айтып беретін сала мамандарының қатысып отырғанын жеткізді.

Іскерлік кездесу аясында Түркістан қаласы әкімдігі мен Астана қаласы әкімдіктері арасында өңіраралық қатынастарды дамыту үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Инвестициялық, инновациялық және туризм салаларында бірлескен жұмыс істеуге уағдаласқан тараптар болашақта түрлі жобалардың жарыққа шығып, елге пайдасын тигізетініне сенімді.

Түркістандағы Астана күндері аясында арқалық қонақтар мен қатысушылар Кентау трансформатор зауытын аралап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ, бүгін кешке жұмысшы топ Астана қаласының 20 жылдығына арналған Гала-концертті тамашалайды деп жоспарлануда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі