Back

Impact Hub Network: Алматы кәсіпкерлері үшін тамаша мүмкіндік

Алматыда әлеуметшіл және шығармашыл кәсіпкерлердің қиялына қанат бітіретін жаңа жоба тұсауын кесті. 

Шеврон компаниясы қолдау көрсеткен Impact Hub Pilot Almaty (IHPA) шарасының шымылдығы SmArt.Point орталығында түрілді. Шараға азаматтық қоғам мен жастар ісін жетік білетін мамандар шақырту алып, бұл тараптағы ой-пікірлерін ортаға салды. 

Impact Hub Network, Theodor Heuss Kolleg, Social Impact Award сияқты жаһандық ауқымдағы жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысатын сарапшылар алыстағы Германия мен Австриядан, іргедегі Ресей мен Әзірбайжаннан, Грузия мен Украинадан ат шалдырып келді. 

– Осыдан бір жыл бұрын Орталық Азия бойынша Еуразия қорының өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында әлемдік Impact Hub жүйесіне кірген еді. Бұл бастаманы өз кезегінде “Шеврон” компаниясы қолдаған болатын, – дейді бұл ретте IHPA негізін қалаушысы Индира Шах. –  Impact Hub Network дегеніміз не? Бұл кәсіпкерлерге арналған, әлеуметтік және креативті міндеттерді шешуге бағытталған әлемдегі ең ірі жүйе. Оның 100-ден аса хабы бар, 16 мыңға жуық ұйым мүше бұл желіге. Әлемнің барлығы 50-ден аса мемлекетін қамтып жатыр.  

Ал Қазақстандағы жоба жетекшілері осынау жүйеге ену үшін аса күрделі іріктеуден өткен екен.

Осы іріктеу аясында Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлер жобасын ойдағыдай қорғап, елімізде кәсіпкерліктің аталған түрін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеген. IHPA жергілікті кәсіпкерлер үшін әлемдік жүйеге жол ашты. 

Ендігі жерде Impact Hub Pilot Almaty мүшелері әлемдегі өзге де хабтардың өкілдерімен байланыс орнатып,  Impact Hub-тың барша мүмкіндігін пайдалана алады.

Ал хаб дегеніміз не? Бұл – барлық кәсіпкерлер өзара кеңесіп, ой-пікір алмасып, әріптестік орнатып, біріккен жобалар жасайтын алаң. 

“Шеврон компаниясының қолдауының арқасында мүмкін болған бұл бастаманың болашағы зор”

– дейді сарапшылар. IHPA ұйымға мүше барлық қатысушылардың мүддесін ескереді. Әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым назарында ұстайтын жеке бизнеске қолдау көрсетеді. 

Қазіргі таңда IHPA ұжымы әлеуметтік және креативті міндеттерді нақты тізімге жинақтайтын бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар Azamat 3.0 халықаралық білім беру бағдарламасын да қатар қолға алып жатыр. 

– Біздің Шеврон компаниясына айтар алғысымыз зор. Мұның барлығы осы компанияның қолдауының нәтижесінде мүмкін болды.

Бізге сенгені үшін алғысымызды айтамыз. Ендігі жерде біз әлеуметтік және креативті бағыттағы кәсіпкерлерге қол ұшын соза алатын мүмкіндік алдық. Бұл бастамамызды қоғам да қолдап отыр. Мақсатымыз да, мұратымыз да айқын. Өз жолымыз, өз концепциямыз бар. Осы арқылы еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің көкжиегін кеңіткіміз келеді”,  – дейді IHPA  негізін қалаушылары Зүльфия Әбдухалықова мен Зарина Биімбаева.