Back

Алматы облысында 234 мәдени орталық қайта жөндеуден өтеді

Ағымдағы жылы Алматы облысында 234 мәдени орталық жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

–  «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында өңірде 243 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, оның 7-еуіне өткен жылы, 13-іне биылғы жылы жобалау-сметалық құжат әзірленді. «Туған жер» жобасы шеңберінде өткен жылы жалпы сомасы 17,7 миллиард теңге болатын 193 жоба жүзеге асырылса, «Отаным – тағдырым» бағдарламасымен 397,3 миллион теңгелік 16 жоба, «Өлкетану» бағдарламасымен 24,4 миллион теңгелік 8 жоба, «Саналы азамат» бағдарламасымен 456,7 миллион теңгелік 16 жоба іске асты.Олардың қатарында «Батыр бабалар» мемориалды музейі (465 млн теңге) мен Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы да салынып, іске қосылды, – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Сонымен қатар облыс әкімі әлеуметтік  маңызды жобаларға ерекше тоқталып өтілді.

«BN INVEST» қаржылық-өндірістік холдингі Қарасай ауданы Шамалған ауылында халықтың әлжуаз топтарының қатарындағы отбасыларына 160 млн теңгеге 17 тұрғын үй салып берді. Ал Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ ауылындағы қараусыз қалған саябақ қайта жаңғыртылып, балалар алаңы мен футбол алаңы жасалды. Бұл іске жоғары технологиялы көкөніс пен жеміс-жидек өсірумен айналысатын «Амал Био» ЖШС жетекшісі, кәсіпкер Асқар Сабиров 30 млн теңге жұмсады.

«ABM Group» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, меценат Азамат Молдақасымов Балқаш ауданында бірқатар іргелі істерге мұрындық болды: бастауыш мектеп, балалар алаңы салынды, ауылішілік жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүйелері жүргізілді. Жалпы алғанда, кәсіпкер Бояулы ауылын көркейтуге 650 млн теңгеден астам қаржы құйды.

Белгілі меценат, «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов жастарды қолдау мен бизнесті дамытуға барынша жәрдемдесіп келеді.

«Bastau Сamp» семинарының шеңберінде Алакөл ауданында 12 жас кәсіпкердің үздік стартаптары кәсіпкердің 1 млн теңгеге дейінгі грантын иемденді.

Сондай-ақ облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған қызықты іс-шаралардың бірі ретінде «Жетісу 360 ̊» виртуалды жобасын атап өтті. Әрбір пайдаланушы осы жоба арқылы үйден шықпастан аймақтағы барлық мұражай экспонаттарының қызықты әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ең мықты телеарналардың қатысуымен Жетісудың киелі жерлері жайлы бейнероликтер түсіріліп, ескерткіштердің электронды картасы жасалды. Заманауи ақпараттық технологияларды енгізу кез келген сапардың логистикасына айтарлықтай жеңілдік береді.

Айта кету керек, өлке тарихын таныстыратын «Киелі орындардың электронды картасы» жасалып, оған аймақ аумағындағы 2343 ескерткіш кірсе, бұлардың ішінен 58 нысан іріктеліп алынып, 17-сіне республикалық, 41-іне аймақтық мәртебе берілген.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, тілші.

Пікірлер

пікір