Back

«Алтын адам» Әзірбайжанда

22 мамырында Әзірбайжан Ұлттық тарих музейінде ҚР Ұлттық музейінің халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыру аясындағы «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрмесі өз жұмысын бастады.

Көрмені Қазақстанның Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев ашты. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміндегі сөзінде:

– Бүгінгі көрменің басты экспонаты «Алтын адам» немесе «қазақ Тутанхамоны» болмақ. «Алтын адам» Қазақстанның мәдени-тарихи құндылығы саналады, – деді елші.

«Алтын адам» өткен жылдан бастап әлем музейлеріне өз шеруін бастаған болатын. Әзірбайжан – бұл үшінші ел. Көрме Ресейде, Белорусияда өткен болатын. Қазақстан тарабы ұйымдастырған көрмені енді Еуропадағы Париж, АҚШ, Жапонияда да ұйымдастыралады деп күтілуде.

– Әзірбайжанда бір жарым ай бойы жалғасатын «Ұлы дала мұрасы: Зергерлік өнер жауһарлары» атты көрменің біздің елдеріміз арасындағы бауырлас достық рухында өтіп, елдеріміздің мәдени байланыстардың дамуына елеулі серпіліс беретіне сенімдімін. Келушілер бүгін сақ дәуіріндегі тарихқа бойлап, көрмеден үлкен рахат алады деп үміттенемін. Сөз соңында Мәдениет министрлігі мен Әзірбайжан Ұлттық тарих музейіне, Әзірбайжан Ғылым академиясының басшылығына осы көрмені дайындау ісіне көрсеткен көмегі үшін тағы да алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деді Бейбіт Исабаев.

Бүгінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы екі жақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық барлық бағытта оң серпінмен дамып келеді. Халықаралық «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасының мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы дала белдеуінің мәдени мұраларымен танысуға болады.

Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киімі қойылған. Ал көрменің негізгі экспонаты – 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Алтын адам».

Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген ретімен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скифтік-сібірлік аң стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстанның символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады. Сол сияқты көрмеде ҚР Ұлттық музейінің қорларынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері таныстырылады.

Әзірбайжанның Мәдениет министрінің орынбасары Севда Мамедалиева көрмеге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде: «Біздің халықтарымызды ортақ тамырларымыз, ортақ дәстүрлеріміз, ортақ мәдениетіміз біріктіреді. Бүгін біз түркі мәдениетіне, қазақ мәдениетіне арналған тамаша көрменің ашылуына куәгер боламыз. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде болып үлгерген «Алтын адам». Бүгін біз қазақ халқының осындай керемет туындысын өзімізде – Баку қаласында көру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осылардың барлығының 28 мамырда атап өткелі отырған Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдық мерекесі қарсаңында өтіп отырғаны айтулы оқиға. Біз осындай тамаша көрме үшін қазақ халқына, сол сияқты көрмені ұйымдастыруға қатысқандарға дербесалғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті.

Қазақстан археология ғылымы 1969-2013 жылдар арасында әлемге Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасы саналатын алты «Алтын адамды» көрсетті. «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.

Әзербайжан Ұлттық тарих музейінің директоры Наиля Велиханлы: «Алтын адам» – Бұл Қазақстанның символы, бұл тәуелсіздік символы. Біздің қазақ достарымыз «Алтын адамды» күллі әлемге көрсетіп, ежелгі түркілер мәдениетінің шын мәнінде тарих қойнауына кететінін дәлелдеуде» -, деп атап көрсетті.

Сол сияқты көрме аясында ҚР Ұлттық музейінің директор орынбасары Абай Сатубалдиннің, Әзірбайжан Ұлттық тарих музейінің директоры Наиля Велиханлының, т.ғ.д. профессор Зейнолла Самашевтің және академик Шахин Мустафаевтың қатысуларымен пресс-конференция өтті.

ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі