Back

Мақтаралда “Мерейлі отбасы” жеңімпаздары анықталды

Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев “Мерейлі отбасы 2018″ ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы Серікбаевтар отбасының отағасы Сапаралы Серікбаевты қабылдап, арнайы құттықтады.

Киелі Мақтарал ауданының атын асқақтатып, “Мерейлі отбасы-2018” байқауының облыстың кезеңінде топ жарып шыққаныңыз үшін Сізді және отбасыңызды арнайы құттықтаймын. Алда өтетін байқаудың республикалық кезеңінен де жүлдемен оралуыңызды тілеймін! деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кетейік, “Мерейлі отбасы 2018″ ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр салтанатты түрде марапаттап, облыс әкімінің дипломы мен қаржылай сыйлығын табыс етті.

Үш кезеңнен тұратын (аудандық, облыстық, республикалық) байқаудың облыстық кезеңінен аудан, қаладан 38 жанұя ұсынылып, оның ішінде 30 отбасы үздік деп танылды. Ал осылардың арасынан Қазығұрт ауданынан келген Мұхтар Момынов пен мақтааралдық Сапаралы Серікбаевтардың жанұялары мерейлі отбасы атанып, 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Осылайша, оңтүстікқазақстандық екі отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Елбасы жарлығымен бастау алған “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының мақсаты бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі