Back

Мүмкіндіктеріңіз шексіз…

Жуырда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында  кітапхана қызметкерлері Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының мүшелерімен бірлесе отырып,  «Өнерлі өрге жүзер» атты  сайысын ұйымдастырып өткізді.

Сайыстың мақсаты – жастардың  ой-өрісі мен дүниетанымын арттыру. Сөйлеу мәдениеті, эстетика мен этикасын дамыту.  Жан-жақты білімділікке, тапқырлыққа, жылдамдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Бұл сайысқа Ақтөбе қаласының  сал  ауруына  шалдыққан  азаматтарды қолдау орталығының мүшелері  Ержан Ақтолқын, Зәуірұлы Манат, Қарабалиев Мұрабек, Көшербаев Бауыржан, Мұхиддинұлы Самұрат қатысты.

Сайыс үш бөлімнен  тұрды. Сайыста әр түрлі қызықты сұрақтар мен тапсырмалар берілді.

Бірінші  бөлімде – «Таныстыру».  Бұл айналымда  барлық  сайыскерлер  өздерін  барынша  таныстырып  өтті, соның ішінде Зәуірұлы  Манат домбыра тартып,  өлеңдетіп, өзі туралы барынша баяндады. Екінші бөлім  тақырыпқа сай  «Өнерлі өрге жүзер» деп аталады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің музыкаға жақын екендіктерін көрсетіп, керемет әуезді  әндер орындады. Әсіресе Ақтолқын мен Манаттың «Ана» туралы шырқаған  әндері  тыңдаушылардың жүрегіне әсер етті. Сондай-ақ, заманауи әншілердің  әндерін Бауыржан мен Самұрат нақышына келтіріп, қимылын салып  орындады.

Келесі «Білгенге – маржан» бөлімінде жастардың білімін, дүниетанымын кеңейту үшін  бірнеше  сұрақтар  қойылып, жұмбақтар  шешілді. Қарабалиев Мұрабек деген жігіт қазақ орыс, түрік, ағылшын  тілдерінде  бірнеше  өлеңдер оқып, көрермендерді  таңғалдырды. Сайыс қызықты әрі көңілді өту үшін  шараны  жүргізуші  Ләззат Сағындыққызы көрермендерге де логикалық сұрақтар қойды, көрермендер шешуін бірде тауып, бірде таппай  мәз-мейрам  болды.  Сайыс соңында  әділқазы  мүшелері  жеңімпаздарды анықтап, өз ой-пікірлерін білдірді. Әділқазылар мүшесінің төрағасы,  кітапхана директоры  Гүлжайнар  Нәренқызы  Калдина  «сіздердің мүмкіндіктеріңіз шектеулі емес, керісінше мүмкіндіктеріңіз шексіз, қолдарыңыздан бәрі келеді…» деп  құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарды  дипломдармен марапаттап, сыйлықтар тапсырды.

Үржан  Құрманқызы, 

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары.

Ақтөбе  қаласы.