Back

Қант қызылшасын өсірудегі Қазақстанның мүмкіндігі

Соңғы жылдары Алматы облысы қант қызылшасын өсіруге баса мән беріп, жергілікті шаруалардың байырғы кәсібінің бойына қан жүгіртті. Жыл басында Алматы облысы әкімі Амандық Баталов өңірдегі шаруалардың қатысуымен қант қызылшасы өндірісін дамыту мәселесін талқылаған жиын өткізіп, биылғы Жетісудағы қант қызылшасының алқабын 11,2 мың гектарға ұлғайту, одан 414,4 мың тонна өнім жинауды алдына мақсат етіп қойды.

 

Әлемде

Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын артып келеді. Оның ішінде отандық тұқым шаруашылығын оңтайландырып, арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағынан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жүктеп отырған тапсырмалары мен міндеттері ұшан-теңіз. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастағаны белгілі. Енді осы бір мәні мен маңызы зор көкейкесті мәселеге ғылыми тұрғыдан байыпты түрде таразы талқысына салсақ, тағлымы жетерлік талай жайларға қаныға түсеміз.

Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынатынын байқауға болады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі 270 млн тонна.

Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн тонна, қант қызылшасынан 33 млн тонна (25,2 %) шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ-та  2,2 млн тонна екен.

Бүкіл дүниежүзі бойынша қант қызылшасының егістігі 5 млн гектар жерді алып жатыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпараты бойынша қант қызылшасының ірі өндірушілері қатарындағы Ресей – 45 млн тонна, Франция – 33 млн тонна, АҚШ – 31 млн тонна, Германия – 27 млн тонна, Украина – 18 млн тонна, Түркия 15 млн тонна тамыр жемісті жыл сайын өндіріп отырады екен. Әр тұрғынға шаққандағы қантты тұтыну деңгейі бойынша жетекші орында Украина (37 келі), Ресей мен Белоруссия (35 келі) тұр.

 

Қазақстанда

Енді Қазақстандағы қант қызылшасын өндірудің қазіргі жағдайына  тоқталсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды.

Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму тенденциясына талдау жасау Қазақстанның АӨК-нің (агроөнеркәсіп кешені) ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және қант зауыты төңірегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді.

Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте, қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды.

Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді.

1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы – Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. 2004 жыл мен 2014 жыл аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданында (Мақтаарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді.

 

Жетісу – қант қызылшасының орталығы

Ерекше атап айтатын жайт, Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайтадан қарқынды түрде өріс алуы қуантады. 2015 жылы қант қызылшасының алқабы 4020 гектарға жетіп, 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көптен бері тоқтап тұрған Көксу қант зауыты іске қосылды. Барлық қажетті ауқымды істер атқарылды. «Хильниченко және К» серіктестігінің қызылшашылары орта есеппен әр гектардан 730 центнерден алды, ал кейбір учаскелерінде өнім 810 центнерге дейін жеткен.

Облыста 2016 жылы қант қызылшасының егістігі 6,8 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2017 жылы 380 центнерден алынды.

2021 жылға қарай Алматы облысында бұл дақылдың егістігін 15,0 мың гектарға жеткізу көзделуде. Осы жылдары өнім дайындау көлемін 580 мың тоннаға дейін өсіру де жоспарланып отыр. 2017 жылы облыстың негізгі қант қызылшасын егетін аймақтарынан бөлек, оны өсірумен Алакөл ауданы мен Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінің шаруа қожалықтары да айналыса бастады.

Облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, оған «Жетісу» ӘКК-сы арқылы француз және неміс селекциясының жоғары өнімді будандары тұқымының 8422 егістік бірлігі әкелінді.

Бұған қосымша Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» ЖШС-де жергілікті будандардың 2000 егістік бірлігі көлеміндегі тұқымы әзірленді. 2016 жылдан бастап «Жетісу» ӘКК-сы инвесторларды тарта отырып, он жылға жуық тұрып қалған «Ақсу» қант зауытын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді. Оған 6 млрд теңгеден артық күрделі қаржы бөлініп, соның арқасында 2017 жылдың күзінде өндіріс іске қосылды. Зауыт 60 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, оны өңдеді. «Ақсу» қант зауытының іске қосылуы қызылшаны тасымалдауды жеңілдетіп, жаңадан 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

 

Техника қажет

Қант қызылшасын өндіру технологиясында арнаулы ауыл шаруашылығы техникаларымен толық жарақтандырылмауы басты проблема болып тұр. Айталық, жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіші, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі шашыратқыш, егін оратын, жинайтын көліктік кешен жетіспейді.

Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы проблеманы шешу үшін Алматы облысында аудандар бойынша 22 арнайы агросервистік орталықтар құрылуда. Әрбір сервистік орталық осы орайда өздерінің 100 гектар қызылшасынан басқа, 300 гектар қант қызылшасы алқабына ие болады.

Орталықтың қуаттылығы 400 гектар қант қызылшасына есептелген және заманауи тракторлармен және арнаулы ауыл шаруашылығы машиналарымен толық жарақтандырылған. Орталықтар белгіленген баға бойынша, аймақтардың жерді пайдалануын дифференциалды түрде ескере отырып, басқа қызылша өсірілетін шаруашылықтарға да агротехникалық қызмет көрсетеді.

Осындай мақсатпен 17 сервистік орталық өткен жылы 1060 гектарға өздері егіп, әр гектарынан орташа 510 центнерден өнім алды. Сонымен қатар, жалпы 75 шаруашылықтың 3800 гектар алқабына сервистік қызмет көрсетілді. Ал 2018 жылға Алакөл, Ақсу аудандарында және Шеңгелді алқабында тағы да 5 сервистік орталық құру белгіленіп отыр. Әрбір сервистік орталыққа «Жетісу» ӘКК-сы арқылы 10 жыл мерзімге лизингке жалпы құны 250-300 млн теңге тұратын 18-20 түрлі техника берілмек.

 

Жамбыл облысында

Жамбыл облысындағы қант қызылшасы өндірісі жайлы ойымызды ортаға салсақ, Жамбыл облысында өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілді.

Әр гектардан орташа 300 центнерге дейін өнім алынып келгені белгілі. Алайда КСРО күйрегеннен кейін қызылша өсірудің көптеген дәстүрі жоғалып кетті. Бүгін де облыста осы дақылдың даңқын қайта жаңғыртуға, өсіру технологиясын қалпына келтіруге, бұрынғы өнім көлеміне қол жеткізуге күш салынуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, 2017 жылы 9,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, оны жинау кезеңіне 8,0 мың гектары сақталыпты. Дақылдың орташа өнімділігі 220 центнерді құраған. Көп жерде бұл көрсеткіш 200 центнерден аспаған.

2015 жылы жергілікті шикізаттың үлесін көбейту есебінен Жамбыл облысындағы екі қант зауыты қант қызылшасын өңдеуге толық көшуі жоспарланған, бірақ та Тараз қаласындағы зауытта қант құрағы шикізаты әлі де өндірістің негізгі көзі болып қалып отыр.

Осы жылдан бастап Мерке ауылындағы жергілікті қант зауытын өздерінің шикізатымен толық қамтамасыз ету де жоспарланған. 2016 жылы облыстық бюджеттен қант қызылшасын себетін шаруашылықтарға жалпы 420 млн теңге бөлінді. Оның 220 млн тұқым сатып алуға, ал 200 млн теңгесі техника алуға бағытталған. 2017 жылы тәтті түбірді өсіру процесін, яғни тұқым себуден өнімді жинауға дейінгі жұмыстарды үйлестіру өкілеттілігі берілген арнаулы комиссия бақылап отырды.

 

Тұқым өсіру саласын өркендету керек

Өкінішке қарай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, ал отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Яғни елімізде бұл дақыл тұқымының өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады.

Бұған қоса, көптеген аймақтарда себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі зауыт салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ.

Жалпы қажеттіліктегі тұқымның отандық өндірісінің үлесін 45-52 % жеткізіп, оның материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Қазақстан Республикасының 2021 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібін дамытудың «Мастер-жоспарына» сәйкес, қант саласына қолдау көрсету үшін мемлекеттік қолдаудың әртүрлі жолы, тәсілі арқылы 2021 жылға дейін 11 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл үстіміздегі онжылдықтың аяғында отандық шикізаттан алынатын қант өнімі көлемін 100 мың тоннаға (2013 жылғы 8 мың тоннадан) жеткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тұрғындардың қант өніміне деген сұранысын есепке ала отырып, ішкі қажеттілікті 25% қамтамасыз етуге болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і – шетелдік өнімдер. Негізінен, Ардан Авантаж, Роксан, Дануб, Венера, («Флоримонд Депре» Франция), Гримм («Штрубе» Германия), Крокодил (Бельгия) және басқалары. Шетелден әкелінген тұқымдар арнайы зауыттарда өңделген сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда олар Қазақстанда тамыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі бұзылуда. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32000-45000 теңге аралығында. Ал отандық будандар бағасы 10000-15000 теңге көлемінде. Бұл шетелдік будандардың бағасы өзіміздікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз.

Шетелдік селекцияның тұқымдарының басымдыққа шығуы егіске отандық тұқымның осы заман талабына сай емес, қанағаттанарлықсыз деңгейде дайындалуында әрі тұқым шаруашылығы саласының төменгі деңгейіне байланысты.

Қазіргі кезде қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек қой. Мұндағы тағы бір мәселе – оларды егіске сапалы дайындау. Бұл тұқымның өміршеңдік тұрғыда іріктелуіне, жақсы қорғалуына, дұрыс сақталуына қатысты болмақ. Техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз ұтылып отырмыз. Қазіргі кезде тұқымды себуге әзірлеу қарабайыр тәсілмен жүргізілуде. Тұқым дайындау қарапайым әдіспен түрлі електерден өткізу және «ТМТД» препаратымен дәрілеу арқылы жасалып отыр. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жіберілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен, айырықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолданылады.

 

Институт не істеп жатыр?

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазЕжӨШҒЗИ) Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту.

Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда институт жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді.

Сондықтан қант қызылшасы тұқымын өсіру, жоғары сапалы тұқымдық материал алуға тиісті жағдайы бар аймақтарға топтастырылады. Егіс материалы өсірілген жерде алғашқы сертификатталғаннан кейін өңдеуден өткізіледі, сондай-ақ бірнеше зертханалық және егіс сапасы бақылауынан да өтеді. Осының нәтижесінде, жоғары стандартқа сай келмейтін тұқым бөлініп шығады да бастапқы материалдың бестен бір бөлігі, яғни жоғары энергиялық тұқымның зертханалық өнгіштігі 90-95%, ал далалық өнгіштігі 80-86% болатын бөлігі қалады. Заманауи технология үшін тұқымдық материалдың тазалығын 99% қамтамасыз ететін бір дәнекті болғаны маңызды. Тағы бір мәселе, жаңа шыққан тұқым мен өсімдік будандық аурулар мен топырақ зиянкестеріне өте сезімтал келеді.

2017 жылдың аяғында біздің институт ғалымдары «Ғылым қоры» АҚ-ның өндіріске дайын әзірлемелерді коммерциялау мақсаты бойынша гранттық қаржыны «Отандық селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын өндіру технологиясы» жобасы бойынша ұтып алды.  Жоғары сапалы тұқым өндірудің ұсынылып отырған технологиясы «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» атты республикалық ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жасалған. Кейінгі жылдары ғылыми-техникалық бағдарламаның орындалуы нәтижесінде институтта Қазақстан Республикасы өндірісіне жіберілген қант қызылшасының отандық буданы шығарылуда. Алайда республикада қазақстандық селекциядан шыққан буданның тұқым шаруашылығын, яғни тұқымды халықаралық стандартқа жеткізетін зауыттың болмауынан, осы уақытқа дейін кеңінен қолданылмай отыр. Жоба бойынша осы заманғы отандық селекциядағы тұқымды тазалау желісінің құрылысы, супер-элиталық, элиталық тұқым мен отандық бірінші репродукциялық буданның өндірісі, ҚР тұқым дайындайтын шаруашылықтары мен тауар өндірушілерін жоғары сапалы отандық селекциядағы будан тұқымымен қамтамасыз ету, тұқым өсіретін шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына, фермерлік шаруашылықтарға консалтингтік, зертханалық және басқа қызметтер көрсету көзделген. Осының бәрі қант қызылшасының отандық буданын ілгерілетуге, бірінші репродукциялық тұқым өндіретін үш шаруашылық ұйымдастыруға, экологиялық сортты сынау нәтижесінде ерекшеленген бәсекеге қабілетті, жоғары өнімді будандарды өндіріске енгізуге, республикалық, облыстық семинар-кеңестер, «Егінжай күндерін» ұйымдастыруға ықпал етеді.

 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жекеменшік әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-мен және «Жылыбұлақ» ЖШС-мен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50%  жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ақсу, Айшолпан, Тараз, Шекер атты қазақстандық қант қызылшасы буданын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.

Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін экономикалық дамуымыздағы негізгі рөлі  елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі, жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түліктік қауіпсіздікті нығайтады.

Қазақстан Республикасында өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы өнімділікті арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз. Менің жеріне жеткізе айтып, ортаға салып отырған ойларым, пікірлерім, ұсыныстарым еліміздің ертеңі үшін екенін екінің бірі жақсы біледі. Осыларды жұдырықтай жұмылып іске асыра білетін болсақ, дәулет пен берекенің берік негізін қалайтынымыз анық. Демек, сөз бен істің бірлігі үйлесімін тапса, алмайтын асуымыз жоқ.

 

Серік КЕНЕНБАЕВ,

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, а.ш.ғ. докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.