Back

«Мырзашөл жұлдыздары» ән байқауы 23 жылдан соң қайта жаңғырды

Оңтүстік Қазақстан облысында арада 23 жыл өткенде «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің өнер байқауы қайта жаңғыртылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған облыстық өнер байқауы Астана қаласының 20 жылдығы мен Мақтарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отыр.

Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ақын-сазгер Исарил Сапарбай, Қазақстанның эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы мен аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев қатысып, керемет кештің құрметті көрермендері болды.

Байқаудың ашылуында сөз алған облыс әкімі аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, бірқатар аудан азаматтарын «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және Алғыс хатпен марапаттады.

«Қазақ әндері – халқымыздың баға жетпес байлығы, сарқылмас қазынасы. Осы қазынамыз жайында атақты өнер зерттеушісі Затаевичтің өзі жоғары пікір білдіріп: «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп атап кеткен. Осынау ұлттық өнерімізді көздің қарашығындай сақтап, оны дәріптеу, алақанға салып аялау – біздің басты борышымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті.Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын. Осыны ескерсек, іргесі берік, сүйегі мығым мемлекет құрудың негізгі алғышарттарының бірі халықтың мәдени-рухани тұрғыдан дамуы дер едік»,-деді өз сөзінде Ж.Түймебаев.

1993 жылы бастау алған байқау ел ішінде танылмай жүрген көптеген таланттарды жарыққа шығарды. Алғашқы байқаудың өзінде-ақ бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы ерекше әуезді үнімен елді таңдай қақтырған болатын. Ол бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың біріне айналды. Ал келесі жылы Отырардан келіп, бағын сынаған Хадиша Шалабаева бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Өнер додасына өңірдің 20 жас таланттары қатысып бақтарын сынады.  Байқаудың бас жүлдесіне 1 миллион теңге, І орынға 500 мың теңге, ал ІІ орын иегеріне 400 мың теңге болса, ІІІ жүлделі орынға 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық табысталмақ.

Байқау қорытындысымен Бас жүлдені мақтааралдық Әріпхан Нұрислам алса, І  орынды шымкенттік «Сарын» тобы иеленді. Ал, ІІ орын Ордабасы ауданының тұрғыны Айнұр Аубакироваға, жүлделі ІІІ орындар шардаралық Жандос Әшірбеков пен түркістандық Біржан Сапарбековаға бұйырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер

пікір