Back

«Нұр Капитал» – маңғыстаулық кәсіпкерлердің бизнесін өркендетеді

Маңғыстау облысының кәсіпкерлігін дамыту үшін «Даму» қоры 1,8 млрд теңге бөледі. Жергілікті атқарушы билік бұған қоса 900 млн теңге бөлгенін айта кетуіміз керек. Осылайша Маңғыстау облысындағы «Нұр Капитал» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған жалпы сома 2,7 млрд теңгені құрайды. 

«ForteBank» АҚ аталған бағдарлама бойынша алғашқы 322 млн теңге қаржыны бірінші болып қолға алды. «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша несие алуға ынта танытқан кәсіпкерлер  Маңғыстау облысында (Ақтау қаласынан басқа) тіркеліп, жұмысын жүргізуі тиіс. Бұл басты талап. Бір борышкердің қолына тиетін шекті сома 30 млн теңгені құрайды. Несиенің мерзімі 7 жыл болса, кәсіпкер үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі –  8,5%-дан аспайды.

«Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша қаражат алған кәсіпкерлер «Даму» қорының көмегімен несиені субсидиялай алады. Нәтижесінде пайыздық мөлшерлемені 8,5%-дан 1%-ға дейін төмендететін мүмкіндікке ие.

– Мұндай қолайлы жағдай – жаңа өнімдер мен жаңа кәсіпорындар қатарын көбейтіп, Маңғыстау облысы бойынша кәсіпкерліктің биік белеске көтерілуіне септігін тигізеді, – деді «Даму» Қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиал бастығы Гүлжан Қалымбетова.

Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкер несие сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады.

«ForteBank» АҚ Басқарушы директоры Ләззат Сатиеваның айтуынша, банктің жолға қойылған бизнес-процестері мен банк филиалы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында қысқа мерзім ішінде кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, бірқатар қызықты жобаларды жүзеге асыра алады.

«ҚмД» ақпарат