Back

Елордада 65 көше жөнделіп, 1717 шақырым веложол салынады

Үстіміздегі жылы Астана қаласында ұзындығы 46 шақырымды құрайтын 65 көшеге жөндеу жүргізіледі.

Қала бойынша жыл сайын жолдарды орташа жөндеу (шұңқыр) жұмыстары жүреді. Сондай-ақ, «Астана су арнасы» су құбыры мен канализация желілерін және маңы ойылып қалған су құбыры құдықтарының айналасына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

–  Осы жылы Астана қаласында ұзындығы 45,95 шақырымды құрайтын 65 көшеге жөндеу жүреді. Оның 15-і орталық көше, қалған 50-і тұрғын үй алаптарында орналасқан, – деп хабарлады Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының жолдарды салу және жөндеу бөлімінің басшысы Асқар Исаков.

Сонымен қатар 2019 жылы Елорданың оң жағалауында веложол салынбақшы. Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы велосипед транспорты мен инфрақұрылымын дамыту жобасын әзірлепті. Бұл жоба аясында жалпы қашықтығы 66 шақырым болатын веложол салудың құрылысы қарастырылған. Веложол құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасындағы табиғатты қорғау жобаларын перспективалық жоспармен басқару бөлімінің басшысы Азамат Жаңатаевтың айтуынша, биыл Қабанбай батыр, Мәңгілік ел, Рысқұлов даңғылы, Қарақаралы тас жолы, Қонаев, Достық, Мақатаев көшелері бойында және Есіл өзені жағалауы мен Жасыл белдеу территориясы бойынша веложолдар пайда болмақ. Бар-жоғы жобаның 5 кезеңі іске асырылып, оның шеңберінде 2022 жылға дейін 1717 шақырым веложол салыну жоспарланып отыр.

Оң жағалаудағы велосипед жолының құрылысы 2019 жылғы екінші кезектегі жобаны іске асыру кезінде басталады.

 

Н.ӘУБӘКІР