Back

Мақтаралда Б.Жаңбырбаев атындағы халықаралық туринир өтті

Мақтарал ауданында төл спортымыз – қазақ күресінен дүбірлі дода өтті.  Жыл сайын өтетін Бақытжан Жаңбырбаев атындағы халықаралық ХXІV ашық турнирге Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген балуандармен қатар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген балуандар қатысып, екі күн бойы белдесті. 

Турнир әдеттегідей Қазақстанның әнұранымен басталып, доданы салтанатты түрде ашып берген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев жарысқа қатысушыларға ақжол тіледі. Сондай-ақ, аудан басшысы ұзақ жылдар бойы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын басқарған Серік Төкеевті 60 жылдық мерей тойынмен құттықтап, үстіне  шапан жауып, астына тұлпар мінгізді.

Дүбірлі додаға қатысқан 121 спортшы 60, 70, 80, 90, +90 келі салмақтар бойынша өз бақтарын сынады. Нәтижесінде, 60 келі салмақ бойынша оңтүстік қазақстандық Аманхан Өсенбаев, 70 келі салмақ бойынша мақтаралдық Даврон Дадаев, 80 келі және 90 келі салмақтар бойынша оңтүстік қазақстандық балуандар Еркінбек Бөлен, Ерсұлтан Музаппаровтар бірінші орынды алды. Сондай-ақ, +90 келі салмақты да, түйе палуан салмақ дәрежесінде де бас жүлдені шығыс қазақстандық Талғат Амренов жеңіп алып, түйе палуанның бас жүлесіне арналған автокөлікті қанжығасына байлады.

 

Аудан әкімі түрлі салмақтар бойынша 1,2,3 орындарды алған балуандардың барлығын да ақшалай сыйлықтармен марапаттап, мойындарына медаль тақты. Түйе палуан Т.Амреновқа автокөліктің кілтін табыстап, темір тұлпарына отырғызды.

Айта кетейік, дәстүрлі  Б.Жаңбырбаев атындағы халықаралық турнир келесі жылы да өз жалғасын табады.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі